31 Шілде, 2010

Алғашқы нәтижелер көңіл көншітерлік

627 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Бүгінде Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттері арасында Кеден одағының құрылғанына бір ай толып отыр. Бұл бағытта бірлескен іс-қимылдар мен өзара қарым-қатынастарды реттейтін Кеден кодексі талаптары қалай орындалуда? Еліміздегі бақылау-өткізу бекеттері кеден көкжиегіндегі жаңа талаптар мен міндеттер мүддесінен шыға алып отыр ма? Батыс Қазақстан облысы бойынша кедендік бақылау департаментінің бастығы Ә.Мауқұлов пен тілшіміздің әңгімесі осындай бағытта өрбіді. – Әмірхан Әбенұлы, Кеден одағы мен Кеден кодексіне енгізілген соңғы өзгерістерге сәйкес бұдан бір ай бұрын, яғни биылғы жылдың 1 шілдесінде одаққа мүше мемлекеттер арқылы тасымалданатын тауарлар мен көлік құралдарын кедендік ре­сімдеу жойылды. Сондай-ақ, жолау­шылардың кедендік декларациясын толтыру және көлік құралын кері шығару туралы міндеттемелер де алынып тасталды. Сондықтан да халық арасында: “Ендігі жерде кеденшілер не бітірмек, қол қусырып қарап отыра ма” деген түсінік те жоқ емес. Бұған не дейсіз? – Кеден одағы жағдайында кеден органдарының атқаратын міндеттері өспесе кемімейді. Бүгінгі таңда республикадағы кедендік бақылау-өткізу бекеттері арқылы заңмен шектеу қойылған психо­троптық, улы, радиоактивті, жа­рыл­ғыш заттардың, есірткінің, әскери техника мен қару-жарақтың ел аумағына тасымалданбауын ба­қылап, азаматтар мен автокө­лік­тер­ді тіркеуді жүзеге асырады. Алын­ған мәліметтер салық меке­мелеріне жолданады. Қазір еліміз­дің салық органдары да Кеден одағы жағ­дайында толықтай жұмыс істеуге кірісіп кетті. Қаржы ми­нистрлігі Салық комитеті төрағасының орынбасары Ардақ Теңгебаевтың мәлімдеуінше, бүгінгі таңда мем­лекет бюджетіне миллиард теңгеден астам салық төлемдері түскен. Бұл күндері шекаралық өңірде орналасқан батысқазақстандық ке­деншілер де Ресей мен Бел­арусь елдеріндегі әріптестерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуде. Мұнда ең алдымен жүйелі түрде ақпараттар алмасуға баса көңіл бөлінген. Со­нымен бірге мүмкіндігіне қарай әріптестермен Кеден одағы шең­беріндегі бірлескен іс-қимылдар туралы пікірлесіп отыруға тыры­самыз. – Одаққа мүше елдер арасын­дағы барыс-келіс пен жаңа жағдайда көлік құралдарын өткізу мен тасы­малдау тәртібі жөнінде қандай мысал келтіре алар едіңіз? – Алысқа бармай-ақ бұған Орал-Бұзылык тас жолы бойында орналасқан “Шаған” бірыңғай авто­көлік өткізу бекетінің қызметі арқылы бірнеше оң мысалдар келтіруге болады. Әлгіндей өзіңіз айтқан одаққа мүше елдер ара­сындағы барыс-келістің барынша оңайлатылғаны мен қарапайым­да­тылғанына да осы бекеттің бүгінгі тыныс-тіршілігі куә. Қазір мұнда автокөліктер ше­ка­­радан өту үшін бұрынғы кез­де­гі­дей ұзын-шұбақ кезекте тұрмайды.  Ке­дендік ресімдеулердің жойы­луы­­на байланысты уақыт та біраз үнем­делді. Әсіресе бұрын жүк кө­ліктері Ресейдің көршілес Орын­бор және Самара облыс­та­рына қатынау үшін аталмыш бекетте 1,5-2 сағат қаңтарылып тұратын. Қазір көлік құралдарын тіркеу бас-аяғы 15-20 минөтте аяқталады. Әсіресе батыс­қазақстандықтар шекарадан өту тәртібінің барынша жеңілдетіл­геніне қуанышты. Ресейдің өнеркәсібі жоғары дамыған аймақтарымен қарым-қатынасты едәуір жақсартатын Орал-Бұзылық тас жолының бой­ындағы “Шаған” кеден бекеті облыс­тағы ең жақсы жабдықталған автобекеттердің бірі. 2009 жылдың күзінен бастап жұмыс істейтін екі жақты бақылау-өткізу бекетінің басты ерекшелігі – мұнда тексеру жұмыстары жедел атқарылады. Бекетте көлік қозғалысына ар­нал­ған сегіз қатар бар. Қос бірдей “Хайскан” жүйесі инспекторларды жолаушылар сөмкелерін қолмен ақтару азабынан арылтқан әмбе­бап қондырғы. Яғни оның ішіндегі түрлі бұйымдарды рентгеннің көмегімен оп-оңай анықтауға болады. “Янтарь 1 А” стацио­нарлық радиациялық жүйесі, металлдетекторлар, “Трак-Т” деп аталатын электронды автомобиль таразылары және өзге де тех­никалық құралдар бекеттің өткізу әлеуетін көтереді. Одақ жұмыс істей бастаған аз уақыттың ішінде департаментке қарасты барлық кедендік өткізу бекеттері арқылы өткен көлік құралдарының 6398-і Ресейге, 6270-і Қазақстанға тиесілі. Соны­мен қатар жалпы құны 3,4 мил­лиард теңгені құрайтын сан-алуан тауар ел аумағына кіргізіліп, жал­пы құны 6,4 миллиард теңгенің тауары керісінше ел аумағынан шығарылған. Тағы да “Шаған” бекетінен алынған мәліметке сүйенсек, көр­шілес Ресеймен арадағы тауар айналымының күрт өсуі байқа­ла­ды. Егер 2009 жылы тауар айна­лымы 40 пайызды құраса, биылғы алғашқы жартыжылдықтың ішінде ол 45 пайызға көбейген. Ал өзгертілген Кеден кодексі күшіне енген алғашқы 15 күн ішінде ресейлік тауардың үлес көлемі 58 пайызға артқан. Негізінен бұл үлес картоп пен сүт өнімдері, көлік дөңгелектері мен ауыл шаруа­шылығы техникасы, құрылыс материалдары мен металл бұйым­дарына тиесілі. Алғашық жарты- жылдықта 278 миллион 802 мың теңге кеден төлемдері мен кеден салығы бюджетке түсті. Бекеттен әрлі-берлі өткен 62490 адамның 30060-ы облысқа келушілер болса, 32430 адам Ресей аймағына өткен. – Батыс Қазақстан облысына іссапары кезінде республика Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов облыс кеденшілерімен кездескені белгілі. Осы кездесулер кезінде Үкімет басшысы қойған міндеттер жөнінде не айтар едіңіз? – Кәрім Қажымқанұлы Кеден одағының тиімді екенін респуб­лика тұрғындары қазірдің өзінде сезініп отырғанын мәлімдеді. Бұдан әрі ол алда шешімін күтіп тұрған мәселелер де аз емес дей келе, ел кеденшілері бірінші ке­зек­те мемлекет мүддесін қорғауға бағыт ұстауы қажеттігі туралы сөз қозғады. Сондықтан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес Кеден одағының қызметін одан әрі тереңдетіп, өз ұстанымымызды одан әрі бекіте түсу қажеттілігін жеткізді. Әсіресе, Батыс Қазақстан об­лысы мен Ресейдің көршілес облыстары арасында коопера­ция­лық байланыс жүйесін дамытуға баса көңіл бөлу керек. Тек батыс өңірде ғана емес, еліміздің барлық аймақтарында сауда-саттық саласы мен кооперацияларды дамытып, сырттан инвестициялар тарту үшін Кеден одағының әлеуетін мейлінше тиімді пайдалануымыз қажет, – деп түйін жасады сөзінің соңында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов. –  Әңгімеңізге  рахмет. Әңгімелескен Темір ҚҰСАЙЫН. Батыс Қазақстан облысы.