30 Шілде, 2010

Ғалым ОМАРХАНОВ: “Журналистің жұмысы ғаламторды ақтарумен бітпейді”

947 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
“Қасқыр мен журналисті асы­райтын аяғы” деген қанатты сөздің жаны бар. Бармасаң, көрмесең жазар мақалаңа деректі қалай жинайсың? Сапар көп. Елде мемлекет қам­қорлығына алғыс айтушылармен қатар арыз-шағым да кезігеді. Баяғыдай жұмыссыздық, айлық, зейнетақы, жер, жесір дауын ғана қозғамайды, елге керек, кесек дүниелер айтылады. Мұқым қазақ тәу ететін Қазы-ғұрт тауының қайқаңынан асып түссеңіз, ойда сай жағалап отырған ауыл көзіңізге оттай басылар еді. Кіл қазақ, жарты орыс, жарты өзбегі жоқ осы “Жіңішке” ауылы Шымкенттің іргесінде отырып, Қазақстан телеарналарын емес, өзбек телевидениесінің қызығын көреді. Қазағынан жерінген түгі жоқ, телеарна көрсетпейді. – Құдай-ау, өзбегі жоқ ауылда немерелеріміздің тілі өзбекше шы­ғып келеді. Телеарнадан көретіні өзбек мультфильмдері мен кино­лары болған соң тілдері алашұ­барланып барады. Біз осы қай мемлекеттің жұртымыз?! Биесін сауып, іркітін қайнатып отырған қоңды ауылдың ақсақал­дары әкім біткенді осылайша шау­жайлай­тын. Осы олқылықтың орнын тол­тыру облыс әкімі Асқар Мыр­зах­метовтің еншісіне тиді. Қазір Қа­зы­ғұрттағы ағайын тиыш. Балалары, не­мерелері өзбекше гәпіргенді қойыпты. Жақында “Қазақстан–Шым­кент” телеарнасының төрағасы, бір кезде “Егемен Қазақстанның” Павлодар облыс бойынша меншікті тілшісі қызметін атқарған сыралғы дос Ғалым Омархановқа соқтық. Ердің жасын енді еңсерген бесас­пап, кәнігі, майталман журналистің жас буынға айтары бар. Бір қы­зығы, шабытқа, шығармашылыққа толы отыз жылдай уақыты Павло­дарда, облыстық газет пен облыс­тық теледидарда, облыс әкімдігінің баспасөз қызметінде өткен Ғалым­ның кіндік қаны тамған жері Оң­түстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы екендігін көпшілік біле бермейді. ҚазМУ-дің журналистика фа­культетіне мектептен соң түсе алмаған жас жігіт ауылға келіп, сол кездегі “Коммунизм таңы”, бүгінгі “Ордабасы оттары” газетінде кор­рек­тордан тілшіге дейін біржарым жыл қызмет жасаған. 1984 жылы ҚазМУ-дің журналис­тика факуль­тетін бітірген екі жігіт, бірі бүгінгі мықты қаламгер, “Айқын” газе­тінің бас директоры әрі бас редак­торы Нұртөре Жүсіп екеуі жолда­мамен Павлодар облысына барады. – Ол газет “Қызыл ту” қазір “Сарыарқа самалы” деп аталады. Жиырма жыл бойы жас мамандар келмеген облыстық газет ұжымы бізді жылы қарсы алды. Біз де жұмысқа белсене кірістік. Бес айдан соң екеуіміз де бөлім мең­герушілігіне көтерілдік. Мақтан­ғаным емес, тапсырма түнде ме, кешке ме, қай уақытта берілсе де та­ңертең бастықтың алдында жата­тын. Қазіргі жас журналистердің тапсырманы орындауға асыға қоймайтыны таңғал­дырады, – дейді Ғалым бауырымыз. – Оңтүстіктегі алғашқы бас редакторымыз белгілі қазақ ақыны Нармахан Бегалиев болатын. Нарағаның мектебінен көп нәрсе үйрендік. Сөз киесін ойлап, аударма жасағанда да абай болатын едік. Оның пайдасы Павлодарда тиді. Орыстанып кеткен облыста, оның газетінде аударманың неше атасын жасадық. Тағы бір айта кететін нәрсе, газетте шыңдалған жур­налист теледидарда да, радиода да жұмыс істей алады. Ал, теледи­дардан газетке барған журналистің жұмыс істеп кетуі екіталай. Кейде жұмыста ашулан­ғанда “Микрофон ұстағанның бәрі журналист емес” дегенді айтып қаламын. Бірақ бұл мамандықтың әбден қадірін кетіріп жүргендер журналистика факуль­тетін бітірмеген, жұмысын жөндеп істемек түгілі журналистиканың не екенін түсінбейтіндер деп ой­лаймын. Көлденең қосылғандар көбейіп тұр. Бәрінде емес, көптеген жас журналистерде ізденіс, тал­пыныс жоқ. Өзіміз осылардың жасында бас редактордың, оның орынбасарларының тапсырмасынан бөлек өзімізше ізденетінбіз. Қазіргі жас буынның көбісі көрсетіп, бағыттап берген тапсырмаңның өзін зорға орындайды. Интернет пайда болғалы жалқаулық жайлап алған сияқты. Ғаламтордан қалаған ақпаратын алып, дайындап беріп отыратын журналистер көбейді. Ақпарат алған жақсы. Сол алған ақпаратты одан әрі зерттеу, өмірмен байланыстыру жетпей жатады. Журналистің жұмысы бұрын материалға керекті дүниені өзі жинағанда бітетін еді. – Біраз аудандар қазақша телеарналарды көре алмаймыз деп шағым айтатын еді. Қазір қалай? – Облыстың 97 пайызы телеарнаны көріп жатыр. Бұл бұған дейін болмаған. 14 елді мекенде телехабар таратушы орнатылды. Оған 260 миллион теңгеден артық қаражат бөлінді. Сондай-ақ, біздің телеарнада ғарыштық жылжымалы телестанса бар. Оның көмегімен біз кез келген уақытта әлемнің барлық түкпіріне тікелей телехабар таратуға мүмкіндігіміз бар. Бір ғана мысал, биыл көктемде біздің өңірде облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен дәстүрге айнала бастаған “Ырыс алды – ынтымақ” атты ауқымды іс-шара Қазығұрт тауының етегінде өтті. Осы үлкен іс-шараға қатысқан “Егемен Қазақстан” газетінің президенті, елге танымал азамат Сауытбек Абдрахмановты алдында ғана Астанада кездестірген жұрт: “Сәке, біз сізді Шымкенттің тікелей эфи­рінен көріп отырмыз, Оңтүстікке қашан, қалай барып қалғансыз?” деп таңданыс білдіріпті. Бұл біздің телехабар таратудағы жедел­дігіміз­дің бір ғана көрінісі. Сондай- ақ, біздің осы қондырғылар арқылы Елбасымызбен болатын тікелей эфирді де толық қамтамасыз етіп жүрміз. – “Жолдасыңды көрсет, кім екендігіңді айтайын” деп айтыла­тын нақыл секілді сөз бар ел ішін­де. Ал, журналист Ғалым Омар­хановтың осы қисынға салғанда кімдері бар? – Біздің курста сайдың та­сындай жігіттер оқыды. Марқұм Алтынбек Сәрсенбаев, Президент Әкімшілігі ішкі саясат бөлімнің меңгерушісі Дархан Мыңбай, “Айқын” газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, “Түркістан” газетінің бас редакторы Шәмші Паттеев, “Қазақстан” газетінің бас редакторы Серғазы Мұхтарбек, “Егемен Қазақстан” газеті АҚ вице-президенті Еркін Қыдыр, бел­гілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбек сияқты жігіттермен бірге оқыдық. Қыздардан ақындар Баян Бекетова, Үмітхан Алтаева және Қарашаш Тоқсанбай бар. Еліміздің бас газеті – “Егемен Қазақстанда” көптеген курстастарымыз жемісті жұмыс істеп жүр. Достық, шығармашылық байланыс сол бірінші курстан басталып, әлі жалғасып келеді. Елудің төріне шығып отырғанда жаңа дос, жақсы дос таба алмай­мыз. Іздемейміз де. Жас, жақсы кезде бір-бірімізді таптық. Енді Құдай ажыратпасын дегенді кез­дескенде айтып отырамыз. Біздің курстың қыз-жігіттері мемлеке­тіміздің іргесі берік, шаңырағы биік болуына хал-қадерінше үлес қосып келеді. Сол үшін іштей сүйсінеміз де. Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы.