30 Шілде, 2010

Мемлекет-жеке меншік әріптестігі: экономикалық дамудың жаңа мүмкіндіктері

1045 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Мемлекет – жеке меншік әріп­тестігі (МЖМӘ) – әр тараптың ресурстары мен тәжірибелерін және қоғам мүддесін ескере оты­рып біріктіріп, маңызды жоба­ларды  барынша аз шығындармен және тәуекелге ұрынбай іске асырудың әлемдік тәжірибеде сыналған тиімді тәсілдерінің бірі болып табылады. Бұл тәсіл сапалы және жаңа деңгейдегі инвестиция­ларды  тартуға барынша қолайлы мүмкіндіктерді тудыра алады. Сондықтанда ол көптеген елдерде қолданылады. Бизнес-жобаларға мемлекет пен жеке бизнесті тартудың қан­дай құралдары бар? Экономи­калық дағдарыстар мен тоқырау­лар кезеңінде мемлекет-жеке меншік әріптестігін дамытудың мүмкіндіктері қандай? Осы сұрақ­тардың жауабы мен осыған қа­тысты мәселелерді біздің еліміздің жағдайында ала отырып, барынша қысқа түрде қарастырып көрейік. 2006 жылдан бастап елімізде мемлекет-жеке меншік әріптестігі қалыптасып, даму қырлары бай­қала бастады. Соңғы төрт жылда осы саладағы құқықтық қатынас­тарды реттейтін “Концессиялар туралы” Қазақстан Республикасы­ның заңы, концессия мәселелері жөніндегі маманданған ұйым құру туралы Үкімет қаулысы және оларды жүзеге асыру тетіктерін қарастырған көптеген нормативтік құжаттар қабылданды. Мұның өзі экономикамыздың одан әрі да­муына едәуір дәрежеде ықпал етіп қана қоймай, сонымен қатар бұ­рын қолданылмай келген жаңа мүмкіндіктерді іске қосудың өзін­дік бір жаңа тәсілдерінің өмірге келгендігін де көрсетіп берді. Бүгінгі таңда Қазақстанның МЖМӘ құралдары ретінде қаржы институттары, арнайы экономика-лық және индустриялық аймақтар, венчурлық компаниялар жұмыс істеп келеді. Олар өздерінің алда­рына қойған мақсаттарына сәйкес бизнестің іріленуіне қолдау көрсе­те отырып, Қазақстан экономи­ка­сы үшін артықшылығы бар бағыт­тарды дамытуға қолайлы мүмкін­діктерді қалыптастыру үстінде. Мәселен, Көлік және комму­ни­кация министрлігінің бағам­дауы бойынша, ел экономикасы­ның инфрақұрылымдық жүйеле-рін дамытуға бағытталған жоба­ларды жүзеге асыру үшін 26 миллиард АҚШ доллары қажет екен. Осы саланың жаңа инвести­циялармен толығуы тиісті инфра­құрылымдарды қалыптастырып қана қоймай, ұзақ мерзімді перспективада оларды ұстап тұру, күтім жасау қаражатын қамтама-сыз ету мәселесін де шешеді. Әлемдік экономикалық дағда-рыс біршама елдерде бизнестік жобаларды жүзеге асыру ісінің аяқсыз қалуына немесе осындай жобаларды қаржыландыру көлемі мен түрлерінің қысқаруына алып келгені мәлім. Мұндай жағдайдың Қазақстанда да  орын алғаны рас. Еліміздегі екінші деңгейдегі банк­тердің шетелдің арзан несиелерін алу мүмкіндіктері азайысымен қаржыландыру үстіндегі немесе жоспарланып отырған көптеген жобалар қаржы тапшылығын күрт сезінді. Міне, осы тұста оларға мемлекет-жеке меншік әріптестігі көмекке келді.  Кәсіпкерлік құры­лымдарға көмектесіп, тығырықтан шығу жолдарын бірлесіп қарасты­руда МЖМӘ институттары мен құралдары белсенді жұмыс жасай бастады. Осындай әріптестіктің нәтиже­сінде Шар мен Өскемен қалала­рының арасын жалғайтын темір жол желісінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілгені белгілі. Бұл жобаны мемлекет пен жеке меншік инвесторлардың бірлесе жүргізе отырып, концессиялық негізде іске қосуы елімізде жүзеге асқан алғашқы бастамалардың бірі еді. Мұнан кейін үстіміздегі жылғы шілденің 13 жұлдызында жалпы аумағы 13 мың шаршы метрді құрайтын, құны 31 миллион АҚШ доллары тұратын “Ақтау халықара­лық әуежайының жолаушылар терминалы” құрылысы толықтай аяқталып, мемлекет меншігіне тапсырылды. Бүгінгі таңда, елімізде Мемле­кет-жеке меншік әріптестігі орта­лығының сараптамасынан өтіп, енді іске асыру көзделіп отырған бірқатар ірі жобалар бар. Солардың қатарында ұзындығы 301 шақы­рым­ды қамтитын, кеңдігі 6 жолақ­тан тұратын “Алматы-Қорғас” автомобиль жолын атап көрсете кетсек артық болмас. Бұл жобаның жалпы құны 385 миллиард теңге тұрады. Осындай тағы бір жоба екінші санаттағы “Астана-Қараған­ды” автомобиль жолының құны 262 миллиард теңгені құрайды. Қаржылық дағдарыс жағдайын­да мемлекет пен жеке сектор әр­қай­сысы жеке-жеке келгенде түрлі инфрақұрылымдар мен әлеуметтік мәні бар құрылыстарға үлкен көлем­дегі қаржы салымдарын салуға ынталы болмайтыны белгілі. Бірақ осы екеуінің күш-жігерін біріктіре отырып, ортақ мүдде ұштастығын айқындағанда іс түйіні шешіліп сала бермек. Мемлекет-жеке меншік әріптестігінің кереметтігі де осында. Мемлекет өз қолындағы ынталандыру тетіктерін пайдалана отырып, концессияға тапсырыла­тын немесе сенімді басқаруға бері­летін әлеуметтік нысандар құрылы­сына салық және басқа да жеңіл­дік­тер жасауы мүмкін. Екінші жақ­тан алғанда кәсіпкерлік құрылым­дар мен жеке адамдар үшін акциялар сатып алу немесе банк шоттарында ақшаны ұстағаннан гөрі инфрақұрылымға қаражат салу біршама тиімді болатыны анықта­лып отыр. Осы тұрғыдан алып қарағанда МЖМӘ жобаларының іске асырылуы қандай жағдайда болмасын экономика дамуының локомотивіне айнала алатындығы дәлелденіп отыр. Жуырда өткен ІІІ Астаналық экономикалық форумда да осы қағида одан әрі дәлелдене түсті. Қазақстанның мемлекет-жеке меншік әріптестігі саласы форум шең­берінде жан-жақты пікір алма­суын туындата отырып, Қазақстан үшін де, әлемдік МЖМӘ орталық­тары үшін де пайдалы шараға қол жеткізді. МЖМӘ саласын ақпарат­тандырып отыратын халықаралық институттар қауымдастығын құру туралы әлем мемлекеттерінің келісімі алынды. Бұл халықаралық орталықтың офисі Астана қала­сында орналасатын болады. Осы айтылған шаралардың бар­лығы қосыла келгенде Қазақстан­ның концессиялық жобаларды әзірлеп, жүзеге асырудағы тәжіри­биесін молайтып, МЖМӘ саласы бойынша заңнамалық базаны тиімді түрде жетілдіре түсуге, саланың жаңа даму сатысына көшуіне ықпал ететіндігі айқын. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.