30 Шілде, 2010

Судың да сұрауы бар

741 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Астанада Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары жөніндегі комитетінің төрағасы Анарбек Орман 2002-2010 жылдарға арналып бекітілген “Ауыз су” салалық бағдарламасының орындалуы туралы баспасөз мәслихатын өткізді. Ол өз сөзінде еліміз бойынша 5 550 елді мекеннің таза ауыз суға қолжетімділігін жақсартуды көздейтін бұл бағдарламаның жер-жерлерде сапасыз, олқы орындалғандығы жайында баса айтты. “Ауыз су” бағдарламасын жүзе­ге асыру мақсатында түрлі көз­дерден 194,9 млрд. теңге бөлінген. Бұл жоспарланған қаржыландыру көлемінің 65 пайызына тең, деді А. Орман мырза. Бөлінген қаржыға 13 288 шақырым су құбыры және ауыз сумен қамтамасыз ету жүйесі күрделі жөндеулерден өткізілді. Ал 3 449 елді мекенде сумен қамта­ма­сыз ету жақсартылыпты. Олқылық­тар да жоқ емес. Бағдарламаның жүзеге асырылуы қоғамнан, Үкімет пен комитеттен сәйкесінше баға алды. Сараптама жүргізілуі бары­сын­да ең басты қателік жергілікті атқару органдарының су шаруа­шы­лық ғимараттарының құрылысы жобаларын қабылдау кезінде са­лақтыққа баруы. Ал бұл бөлінген қаржының дұрыс игерілмеуі, елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз етуде істің аяқталмауына әкелген. Бағдарлама жүзеге асуы барысында орын алған көптеген заң бұзу­шы­лықтар үшін кейбір лауазым иеле­ріне қатысты шаралар қолданылған көрінеді. Қазіргі кезде елді мекендерді таза сумен қамтамасыз ету өзекті мә­селеге айналып отыр. Бұл мәсе­ленің шешімі  2002-2010 жылдарға арналып белгіленген болатын. Қазіргі таңда 3,4 мың ауылда ауыз су құбырлары жаңартылды немесе жаңадан салынды. Алайда, біздің түпкі мақсатымыз – елді мекен­дердегі тұрғындарға су жүйелерінен тәулігіне 24 сағат су алу мүмкіндігін беру. Бірақ кейбір кемшіліктердің салдарынан сол елді мекендердің көбінде, атап айтсақ, 2,5 мыңында  ауыз су сағаттап беріледі. Яғни, 24 са­ғаттың орнына 6, 8, 10 сағат қана су береді. Мұның себебі неде? Біріншіден, жобалау кезінде көптеген қателіктерге жол берілген. Мысалы, көше-көшедегі су колон­касы үйді-үйге кіргізілмеген, өл­шеу­іш құралдары жоқ. Су жүйесін жүргізетін кәсіпорындар құрыл­маған. Соның нәтижесінде кем­шілік­тер туындаған. Қазіргі күні “Ауыз су” бағдарламасы бойынша құрылыс нормасы мен ережесіне арнайы  толықтырулар енгізілді. Онда  2010 жылдан бастап су жүйе­сінің құрылысы және оны жаңарту мәселелері бойынша құбырды әр үйге кіргізіп беру, өлшеуіш құрал­дармен қамтамасыз ету толық қа­растырылып отыр, деді Су ресурс­тары комитетінің төрағасы А.Орман. Сондай-ақ, бұрын су жүйесін жүргізуде кез келген жоба кіріп кете бергенін алға тартқан А.Ор­ман, ендігі жерде су жүйесі қатаң тәртіппен тартылатындығын айтты. Болашақта Үкіметтің тапсырмасы бойынша арнайы тізім құрылмақ. Тізімнің алғашқысында су мәселесі толығымен шешілмеген аудан орталықтары, одан кейінгі кезеңде тұрғын халқы 1 мың және одан жоғары, ал 3-кезекте 1 мың адам­нан аз тұрғыны бар елді мекендерге су жүйесі тартылатын болады. Биыл ауыз сумен қамтамасыз ететін 308 нысан құрылысы мен жөн­деу жұмыстарына республика­лық бюджеттен 28,6 млрд.теңге қарастырылып отыр. Осы орайда елді мекендерді ауыз сумен қам­тамасыз ету ісіне мамандан­ды­рыл­ған, оларды пайдалануға беретін кәсіпорындардың жоқтығы мен олардың материалдық-техникалық жарақтандырылуының жеткілік­сіздігі негізгі мәселелердің бірі болып отыр. Баспасөз конференциясының соңында Анарбек Орман елді ме­кендердегі су құбыры, ауыз сумен қамтамасыз етуді жақсарту және тұрғын үй-коммуналдық шаруашы­лығын жетілдірудің  2020 жылға дейінгі бағдарламасындағы 2011-2015 жылдарға арналған арнайы тармақ туралы хабардар етті. 2011-2015 жылдар аралығына әзірленген бағдарламаның негізгі міндеттері ауыл халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, 4 мыңға жуық елді мекенде су құбыры желісін салу, су шаруашылығы құрылыстарының сапалы, жаңа талаптарға сай жобаларын жасау, сондай-ақ су тұтынуды субсидиялау болып отыр. Субсидия мөлшері 30 пайыздан 93 пайызға дейін болмақ. Венера ТҮГЕЛБАЙ.