30 Шілде, 2010

Батыр Бауыржан мен ержүрек Әлия есімдері Мәскеудің екі мектебін иеленетін болды

465 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Жақында еліміздің Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі Зауытбек Тұрысбеков Халықаралық гуманитарлық ынтымақтастық және ТМД, шетелдерде тұрып жатқан отандастар істері жөніндегі федералдық агенттіктің басшысы Фарит Мұхаметшинмен кездесті, деп хабарлады Қазақстан елшілігінің баспасөз қызметі. Кездесу барысында халықаралық гуманитарлық ынтымақ­тастықтың маңызды мәселелері талқыланды. Ф.Мұхаметшин ТМД-ға мүше мемлекеттердің 2020 жылға дейінгі инновациялық ынтымақтастығы мемлекетаралық мақсатты бағдарламасының жүзеге асуы барысын, сондай-ақ халықаралық дамуға ықпал ету бағдарламасының жұмысы туралы әңгімелеп берді. Өз кезегінде дипмиссия басшысы ТМД бауырлас халықтарын мәдени және гуманитарлық жақындатудың жаңа ыңғайы мен формаларын іздеу және іске асыру қажеттігіне тоқталып өтті. З.Тұрысбеков елшіліктің 100 және 101-ші атқыштар бригадасының қазақстандық әскерлерге Ржев қаласында мемориал салу жөніндегі бастамасын мысал ретінде келтірді. Қазіргі таңда Ресей қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатынан табылған материалдар негізінде 11 мыңдай қазақстандықтың аты-жөндері анықталып отыр. Ұлы Жеңістің 65 жылдығы мен Ресейдегі мұғалімдер күні Кеңестер Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы мен Әлия Молдағұлова есімдерін Мәскеудегі екі мектепке беру, оларды жаңарту жобасы маңызды болып саналады. Бүгінгі таңда бұл мектептер қазақстандық кәсіпкерлердің қолдауымен қазіргі заманға сай оқу-техникалық құрал-жабдықтармен, ғылыми-танымал әдебиеттермен, қазақстандық авторлар кітаптарымен және спорттық құрал-саймандармен жабдықталып жатыр. Кездесу барысында ТМД шеңберіндегі азық-түлік қауіп­сіздігі, Мәскеу метросында “Қазақстан” стансасын, ал Алма­ты­дағы салынып жатқан метродан “Мәскеу” стансасын ашу, сондай-ақ Бүкілресейлік көрме орталығынан (бұрынғы ВДНХ) қазақстандық мәдени-іскерлік орталығы ретінде “Қазақстан” павильонын ашу мәселелері сөз болды. “Егемен-ақпарат”.