30 Шілде, 2010

Технопарктерді қолдаудың қолайлы жолы

706 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Астана қаласындағы “Астаналық” бизнес орталығында аймақтық технопарктерді дамыту тақырыбы бойынша баспасөз мәслихаты өткізілді. Оны  Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Инжиниринг және технологиялар трансферті орталығының атқарушы директоры Болат Меншік, орталықтың стратегиялық жоспарлау департаментінің директоры Өміржан Тәшімов және “Ұлттық инновациялық қор” АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Әнуарбек Сұлтанғазин жүргізді. Бүгінгі таңда Инжиниринг және тех­но­логиялар трансферті орталығына қарас­ты инновациялық даму институтындағы жаңа қызмет көрсету түрі – технология­лық бизнес-инкубаторлар төңірегіндегі жұмыстар біртіндеп қарқын алып келеді. Мемлекет басшысының тікелей бастама­сымен қолға алынып отырған бұл мақ­сатты жұмыстар ең алдымен осы салада еліміз аймақтарын көтеруге бағытталған. Сол себепті ол облыстардағы техноло­гиялық парктер базасында жүзеге асырылады. Жоғарыда аталған орталықтың қатысуымен қазірге дейін республиканың 8 аймағында технопарктер құрылып үлгерген. Олар Астана, Алматы, Шымкент, Орал, Өскемен және Петропавл қала­ларында орналасқан. Осы технопарктер құрылғалы бері 149 инновациялық жоба қабылданыпты. Оның ішінде 3 жоба мемлекет тарапынан қолдауға ие болып, тиісінше қаржы алған. Әдетте аймақтық технопарктерді дамыту деген ұғымның шеңберіне шағын инновациялық кәсіпорындарды қолдауға бағытталған техникалық бизнес-инкубаторлар да кіреді. Сондықтан биылғы жылы қабылданған 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында техникалық парктерді қаржыландыру да қарастырылған. Соның ішінде үстіміздегі жылы тұңғыш рет мемлекет тарапынан шағын және орта инновациялық компаниялар мен жобаларды дамыту мақсатында технологиялық бизнес-инкубаторлар қызметін көрсету ұсынылып отыр. Осы шараларға 245 млн. теңге қаржы бөлінген. Ол негізінен шағын инновациялық кәсіпорындарды қолдау мен жаңа фирмаларды құру секілді жұмыстарды қамтитын болады. Баспасөз мәслихатында қазіргі таңда технологиялық бизнес-инкубаторларға 64 жоба түсіп отырғаны айтылды. Олар экономиканың 7 секторы бойынша талданып жасалған. Жыл соңына дейін бұлардың кемінде 30-ы іріктеліп, қаржыландыру жүзеге асырылады. “Ұлттық инновациялық қор” АҚ пилоттық жоба ретінде қабылданып отырған бұл бизнес-бастамалардың бастапқы кезінде аяғынан тік тұрып кетулері үшін барынша көмек көрсетеді. Кейін тәжірибе жинақтап, келесі кезеңге көшкен кезінде нарықтық қатынастарға еркін қосылып кетулерінің де мүмкіндігін жасайды. Олай болса, қазіргі таңда техникалық бизнес-инкубаторларды көтермелеу технопарктерді қолдаудың ең қолайлы жолы болып отыр. Серік ПІРНАЗАР. АСТАНА.