30 Шілде, 2010

КОНСТИТУЦИЯ – ЕЛ ТІРЕГІ

11855 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Әлемдегі кез келген тәуелсіз мемлекеттің ғасырлар бойы өз құнын жоғалтпай, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келе жатқан заңдар жи­нағы болады. Осындай Ата Заң біздің елімізде де, яғни Қазақстан Республикасында да ел тәуелсіздігін нығайту барысында қабылданды. Мемлекетіміздің тым қысқа мерзімде өз Конституциясын жасап, қабылдағаны талай­ларды таңқалдырғаны рас. Олардың арасында азуын айға білеген державалар да болды. Біз құптай қарағандарға да, сынай үңілгендерге де мән берместен өлшеулі уақыт, табанды талап, шығармашылық іс-әрекеттің арқасында алға қойған мақсатымызға жеттік. Сөйтіп, Қазақстан Республикасы өзінің демократиялы, зайырлы, құқықтық, әлеуметтік мемелекет екенін Ата Заңы арқылы да бүкіл әлемге танытты. Қазақ­стан Республикасының Конституциясы егемен мемелекеттің конституциялық дамуының жаңа кезеңіне жол ашқан заңнамалық акт болды. Ата Заңның қабылдануы конститу­ция­лық құрылыстың саяси-құқықтық негізін қалады, мемлекеттік тетік және қоғамдық, саяси жүйенің негізгі қағидаттарын ор­нық­тырды. Адам мен азаматтың консти­ту­циялық мәртебесін белгіледі. Конституция Қазақстан Республикасы дербес мемлекет ретінде ұлтына қарамастан онда тұратын барлық адамдардың еркіне сәйкес жасалды. Ата Заңның алғысөзінде “Біз ортақ тарихы бар, тағдыр біріктірген Қазақстан халқы...” деп жазылған сөйлемнің мағынасының тамыры өте тереңде екені айтпаса да түсінікті. Бұл босқа жазыла салған сөз емес. Себебі, Қазақстан хал­қының тарихи тағдырының бірлігі ел аума­ғында көптеген ұлт өкілдерінің ұзақ уақыт бойы саны 65%-ға жақындаған қазақ ұлтымен бірге тұруы нәтижесінде қалыптасты. Олар әр кезеңде әртүрлі себеппен біздің атамекенімізге қоныс аударды. Бірнеше ұрпақтар ауысуының барысында Қазақстанда болған саяси, эко­номикалық, әлеуметтік, мәдени оқиғалардың қатысушылары мен куәгерлері болды. Бірлесе отырып ел тәуелсіздігін қалыптастырды және қорғады, жеңіс үшін майданда қатар жүріп ерлік көрсетті. Тәуелсіз Қазақстан Республикасы құрыл­ғаннан кейін, елде тұратын барлық ұлттар мен ұлыстар егемен мемлекетті бір кісідей мойындады. Сөйтіп, олар өткен кезеңдердегі тағдырларының тарихи бірлігін іс жүзінде дәлелдей отырып, бірауыздан жаңа мемлекетті одан әрі дамытуға әзір екендіктерін білдірді. Қазақстан Республикасы Конституция­сы­ның идеяларын, қағидаттарын және нормала­рын саяси, құқықтық жағынан талдау еліміздің экономикалық-әлеуметтік, рухани тұрғыда өсуіне серпіліс пен қуат беретіні анық. Ата Заң адамның құқығы мен бостандығын қорғау мен іске асыру, материалдық әл-ауқатын жақсарту, саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді нығайтудың, құқық тәртібі мен заңдылықты орнықтырудың міндетті түрде орындалуға тиісті шарты болып табылады. Жоғарыда айтылған ойымды түйіндейтін болсам, Конституция тек мемлекеттің ғана емес, қоғам өмірінің жол көрсетушісі – Ата Заңы болып табылады. Осы идеяның мен­шікке, азаматтардың құқықтары мен бостан­дық­тарына, қоғамдық бірлестіктерге, отбасына және тағы басқаларға қатысы бар екендігін ешқашан естен шығармауымыз керек. Конституцияны бірауыздан қабылдай отырып, Қазақстан халқы мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі – өзінің егемендік құқығын іске асырды. Сөйтіп, біз Ата Заңда негізі қаланған құқықтық мемлекетті және аза­маттық қоғамды қалыптастыру жолын таңдап алдық. Әрине, Қазақстан халқының егемен құқығы тек Конституция қабылдаумен ғана тиянақ­тал­майды. Ол мемлекеттің аса маңызды мәсе­ле­лерін шешу үшін халықтың бойындағы барлық конституциялық-құқықтық мүмкіндіктерді де жинақтап, қарастырады. Мемлекет өмірінің аса маңызды мәселе­лерін талқылау және шешу кезінде құқықтық санасы жоғары әрбір азамат Конституцияда көрсетілген жауапкершілікті жан-жақты сезінуі қажет. Қоғамның бүгіні мен болашағы үшін, жалпы алғанда, өз Ата Заңымызды құрметтеп, қорғап және маңыздылығын жоғалтпай сақ­тауымыз біздің барлығымыздың, яғни Қазақстан Республикасындағы әрбір азаматтың міндеті мен парызы. Себебі, Конституция біздің бүгініміздің негізін қалай отырып, болаша­ғамыздың айқын болуына бастайтын шам­шырақ іспетті десек артық айтқандық бола қой­мас. Кез келген демократиялық мемлекет­тің таңдаған өркенитетті бағыты бойынша дамуына ықпал ететін заңды іргетасы – Конституциясының болуы міндетті және онда айтылғандарды бұлжытпастан орындау әрбір азаматтың қасиетті борышы. Дүние жү­зін­дегі елдердің бар­лығында мемлекеттік басқару тетігі Конс­титуция негізін­де және соның ая­сын­да жұмыс істейді. Бұл кез келген құ­қық­тық мемлекеттің басты өмір­лік нор­ма­сы бо­лып табылады. Елдің саяси, эко­но­ми­калық және әлеу­меттік тұ­рақтылығы негізінен Ата Заңның тұрақ­ты­лығы негі­зінде дұрыс жұмыс істеуіне бай­ланысты. Қазақстанның конституциялық құ­ры­лы­сы­ның та­ри­хын­да бес рет конс­титуция жазылып қа­был­данды (1926, 1937, 1978, 1993, 1995 жыл­дар). Олардың әрқайсысы қазақстандық мем­ле­кеттіліктің ұлттық автономиядан толық мем­лекеттік дербестікке және егемендікке дейінгі дамуының белгілі бір кезеңдерін көр­сетті. 1995 жылы қабылданған Қазақстанның қазіргі Конституциясы еліміздің мемлекеттік тәуел­сіздігінің жаңа өрлеуін заңды түрде нығайтты. Биылғы жылы 30 тамызда біздің Консти­ту­циямызға 15 жыл толады. Бүгінде онда бекітілген нормалар, қағидаттар мен мемле­кет­тік институттар тәжірибеден өтіп, табысты жұмыс істеп жатыр деп айтуға болады. Тәуелсіз мемлекет негізін құру жұмысы аяқталды, тиімді экономика базасы жасалды, сөз бостандығы, бәсекелестік және саяси көзқарастар қамта­масыз етілуде. Осындай іргелі жұмыстардың нәтижесі және ең басты жетістігі – еліміздегі бейбітшілік пен рухани келісім. Қазақстандық қоғам өзінің қалаған дербес жолымен нық қадаммен дамуда. Біздің Конституциямыз Қазақстан хал­қының материалдық әл-ауқатын арттырудың локомотивіне айналды. Қазір бізде мемлекеттік және жеке меншік теңдігі, кәсіпкерлік еркін­дігі, қоғамның қажетті қағидаттары ескеріле оты­рып, осы тұрғыдағы тағы басқа да тетіктерді пайдалануға сәйкес дамуда. Бұл өз кезегінде эко­номиканың өсуі мен өркендеуіне айтар­лықтай ықпалын тигізуде. Ата Заңымыз меншік иелерін, бірінші кезекте, мемлекеттің өзін көп нәрсеге міндеттеуде. Негізгі заңды орындау арқылы мемлекет медициналық қызметті және білім беруді жақсарту, жаппай тұрғын үй құры­лысы, жалақы және әлеуметтік төлемдер мөл­ше­рін көбейту, азаматтарға және отандық кә­сіпкерлерге салықты азайту сияқты әлеуметтік мәселелерді шешуде. Конституцияны басшы­лыққа алған Қазақстан халқының біріге еңбек етуінің нәтижесінде қаржы-экономикалық дағдарысқа да қажетті тосқауыл қойылуда. Мемлекет әлеуметтік бағдарламалар арқылы жағдайы ауыр азаматтарға өтемақылармен қолдау көрсетуде. Мемлекеттің мұндай консти­ту­циялық рөлі барлық әлеуметтік-экономика­лық саясатты қайта қарауға мәжбүр еткен қаржылық-экономикалық дағдарыс кезеңінде өзінің тиімділігін байқатты. Бүгінде еліміздегі азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қорғауда Конституцияның алатын орны айрықша. Елбасы “Дағдарыс арқылы – жаңару мен дамуға” атты Жолдауында Ата Заңды басшылыққа ала отырып, мемлекеттік органдарға азаматтардың экономикалық құ­қық­тарын тиімді қорғауды барынша артты­руды, оның ішінде отандық тауар өндіруші­лерді материалдық ынталандырудың кешенді шараларын жүзеге асыруды жүктеді. Елбасы Жолдауынан туындаған міндеттерді орындау мақсатында азаматтарды әлеуметтік қорғау, бәсекеге қабілетті кадрларды даярлау бағдар­ла­маларын қамтамасыз ету үшін респуб­ликалық бюджеттен қомақты қаржы бөлінді. Өңірлерде жаңа жұмыс орындары ашылуда. Азаматтардың білім алудағы конституциялық құқығын қамтамасыз ету мақсатында тех­ни­ка­лық және еңбек қызметін көрсететін кадрларды даяр­лауға мемлекеттік білім беру тапсырысы ұлғайтылды. Азаматтарды тұрғын үймен қам­та­масыз ету үшін тұрғын үй-коммуналдық ны­сандары қайта жобаланып, жөндеу жүргізілуде. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге өз өнімдерін қайта өңдеу үшін мақсатты несиелер берілуде. Бұл да халықтың әл-ауқатын арттырудың конституциялық шарасы болып табылады. Ата Заңда бекітілген азаматтардың құқықта­­ры іскерлік сипатқа ие. Бұл, әсіресе, еліміз үшін дағдарысты кезеңде анық көрінуде. Конс­титуциямыз бойынша әлеуметтік мемлекет қағидаты негізделген әлеуметтік саясат – өзі­нің табиғаты бойынша әлеуметтік тұрғыда қор­ғалмаған адам мен азаматқа жанашырлық білді­ретін қайырымдылық қызмет емес. Бұл – азаматтардың әлеуметтік құқықтарына кепілдік беретін және қорғайтын мемлекеттің консти­туциялық міндеті. Осы арқылы азаматтардың әділеттілік негіздегі құқықтары сақталып, мате­риалдық құндылықтары қамтамасыз етіледі. Конституциялық кеңестің бір шешімінде атап көрсетілгендей, адамды, оның өмірін, құқығы мен бостандығын конституциялық тұр­ғыда мойындау мен қорғау ең жоғарғы құн­ды­лық болып табылады. Мемлекет үшін адамға деген қамқорлықтан, оның материалдық әл-ауқатын арттырудан басқа маңызды ештеңе жоқ, сондықтан да мемлекет адамдардың лай­ық­ты өмір сүруі үшін бәрін жасауға міндетті. Конституция бекіткендей, әлеуметтік мем­лекет қоғамның әрбір мүшесінің жұмыссыз­дық, мүгедектік, қарттық және жалғыздылық жағдайында денсаулығын, азаматтың және отбасының игілігін қолдау үшін күшті әлеуметтік саясатты жүргізуге тиісті. Ата Заң міндеттерін жүзеге асыруда еліміздің азамат­тарын әлеуметтік қорғау және олардың тұрмыс жағдайын жақсартуға қатысты республика Конституциясының жоғарылығын қамтамасыз ететін мемлекеттік орган – Конституциялық Кеңестің рөлі ерекше екені сөзсіз. Конституциялық Кеңес бұл мәселелерді мемлекеттік органдар қабылдайтын заңдар мен басқа да нормативтік-құқықтық актілерді конституциялық тұрғыдан, сондай-ақ, ресми түсіндіру, конституциялық ережелер мазмұнын ашу жолымен конституциялық идеяларды өмірге енгізе отырып шешеді. Айта кету керек, адамның өмірге, еркін­дікке және меншікке құқығы Қазақстан халқы қабылдаған Конституцияны сыйлау, өздері сайлаған Мемлекет басшысын құрметтеу және Отанды қорғау міндетімен ажырағысыз болып табылады. Мұның бәрі – азаматтардың конс­титуциялық міндеті. Адам өзінің Отанында ғана Азаматтығы арқылы адам болып қалып­тасады. Конституцияның ІІ тарауы “Адам және азамат” деп аталуы тегін емес. Жыл сайын 30 тамызда республикамызда негізгі мерекелердің бірі – Конституция күні атап өтіледі. 1995 жылғы референдумда Ата Заңымызды қолдап, отандастарымыз Қазақстанның мемлекеттілігін, азаматтық бейбітшілік пен келісімді нығайтуды таңдады. Конституция мемлекетіміздің тарихи дамуының негізі ретінде ғана танылып қоймай, ол барлық заңдардың бастауы болып табылады. Конституция адамның жеке бас бостандығы, жеке өміріндегі құндылығы, сондай-ақ билік тармақтарының қоғамдағы рөлі айқын тұжырымдалатын маңызды құжат. Конституцияның негізгі қағидасы ретінде “адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін жаралған” деген тұжырымға келеміз. Дүние­жүзілік тәжірибеде көрсетілгендей, басты бай­лық ретіндегі адамға деген сыйластық, жеке өмірі мен бостандығының қорғалуы, қоғам да­муының айқын көрінісі. Сондықтан азамат­тардың мемлекет алдындағы жауапкершілігі алдыңғы орындарда тұруы қажет. Мемлекетіміздің қоғамдық жұмысына бел­сене араласқан ерікті азаматтардың мемлекетке өз үлесі мен пайдасына қызмет жасамаған аза­маттардан беделі жоғары тұрады. Өз азамат­тарының құқығы мен жеке бас бостандығын жоғары қойған мемлекет күнделікті өмірде өзін барлық мемлекеттер арасында жоғары деңгей­ден көрсете алады. Қазақстан мемлекетінде адам құқығы және бостандығының жоғары құндылығы құқықтық мемлекеттің негізгі қа­ғидасын реттеп отырады. Қазақстанның мем­лекеттік-құқықтық даму бағдарламасы халық­тың өмір сүру жағдайын, адам және азамат­тардың құқығы мен бостандығының қорғалуы, мемлекеттің жоғары билік органдарына қадағалау жүргізіп, бақылап отырады. Елбасының белгілегеніндей, Конституция қоғамның орнықты дамуына зор үлесін қоса отырып, азаматтық қоғамның қалыптасуын қадағалап отырады. Конституциялық нормаларды іске асыру мен қадағалау біздің республика заңының дамуына бағытталады. Жергілікті өзін-өзі басқару реформасында сайлау заңдылығының енуі конституцияның дүниежүзілік қауымдастыққа кіруінің негізі ретінде танылады. Конституция біздің саяси, мәдени, рухани және әлеуметтік экономикалық дамуымыздың қайнар көзі ретінде танылады. Бахтияр ӨНЕРБАЕВ, Жоғарғы Сот жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитет төрағасының міндетін атқарушы.