28 Шілде, 2010

Ықпалдастықты нығайтуды көздейді

456 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Сыртқы істер министрлігінде “Вена – Еуропа жүрегі” сауалнама-байқауының басталуына арналған баспасөз мәслихаты өтті. Аталған ведомствоның Халықаралық ақпарат комитеті, Австрияның Қазақстандағы елшілігі, “Австрия әуе жолдары” және Қазақстан Футбол федерациясы өкілдері қатысқан басқосу кезінде байқаудың ерекшеліктері мен алғышарттары жөнінде жан-жақты мәліметтер айтылды. “Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төр­аға­лық етуі еліміздің “Кәрі құр­лық­тың” саяси, экономикалық және мәдени кеңістігімен жақындасуына мол мүмкіндік туғызуда. Өзінің жауапты халықаралық миссия­сы­ның шеңберінде отандық дип­ло­матия бейбітшілік, төзімділік және кемсітпеушілік құндылықтарын насихаттауға зор көңіл бөліп келеді. Айтарлықтай жақын, кейде пара-пар құндылықтар спорт әлемінде де өз көрінісін табуда. Мәселен, саламатты өмір салты, жарысты ере­жеге сәйкес жүргізу, оған қаты­сушылардың барлығына шыққан тегіне, тіліне, нәсіліне және діни се­нім-нанымына қарамастан тең қарау. Міне, осындай көзқарасқа негізделе отырып, байқауды ұйым­дастырушылар “Вена – Еуропа жүрегі” атты сауалнама-байқауын өт­кізу арқылы Қазақстан, Австрия және ЕҚЫҰ, сондай-ақ дипло­ма­тия және спорт арасындағы жа­ғымды ықпалдастық үлгісіне жұртшылық назарын аударғысы келеді”, дейді Сыртқы істер министрлігі Халықаралық ақпарат ко­митетінің төрағасы Роман Василенко. Оның сөзіне қарағанда, байқау­дың бұлайша аталуының өз себебі бар. Себебі, осы қалада ЕҚЫҰ-ның хатшылығы орналасқан. Ал бұл қазақстандықтар үшін барлық еуропалық астаналардың ішінде айрықша орын алатыны белгілі. Тағы бір атап өтерлігі, 7 қыркүйек күні Венада Еуропа чемпиона­ты­ның іріктеу турнирінің шымыл­ды­ғы Қазақстан ұлттық құрамасы мен австриялықтардың ойынымен ашылмақ. Ал бұл футбол ойыны­ның финалдық жарысы 2012 жылы Польша мен Украинада өтеді. Басқосу кезінде ұйымдасты­ру­шылар байқауға қатысу үшін Вена қаласы, “Австрия әуе жолдары”, отандық және еуропалық футбол, ЕҚЫҰ-ның қызметі мен оған Қа­зақстанның төрағалық етуіне қа­тысты сауалдарға жауап беру қа­жет­тігіне тоқталып өтті. Бұл сұ­рақ­тар мен оларға берілген жауаптар­дың нұсқалары қазақстандық жетекші спорттық және қоғамдық-саяси БАҚ-тарда және интернет-порталдарда, сондай-ақ, Қазақстан Футбол федерациясының сайтында (www.kkf.kz) орналастырылатын болады. Ал сауалдарға дұрыс жауап қайтарғандар 23 тамыз күні Астанада өтетін жүлде ұтысына қатыса алады. “Бас жүлде – “Австрия әуе жолдары” компаниясы ұсынған “Астана-Вена-Астана” бағыты бойынша екі адамға ұшу билеттері және 6-10 қыркүйек аралығында веналық қонақүйде бес күн тұру мүмкіндігі. Сондай-ақ, Қазақстан Футбол федерациясы ұсынған екі билеттің иелері 7 қыркүйекте өтетін Қазақстан және Австрия құрама­ла­ры­ның ойынын тама­шалауға мүм­кіндік алады”, дейді. Р. Василенко. Басқосу соңында оны ұйым­даст­ырушылар бұл байқаудың Қа­зақ­стан мен Австрия ынтымақ­тас­тығының бекуіне, ЕҚЫҰ-дағы қазақстандық төрағалықтың дәріп­телуіне, саламатты өмір салтын насихаттауға өз ықпалын тигізеді деген ойларын жеткізді. Бұл ретте олар БАҚ өкілдерін осы бастаманы жүзеге асыруға қолдау көрсетулерін сұрады. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.