28 Шілде, 2010

БІРІНШІ ЖАРТЫЖЫЛДЫҚТАҒЫ ІЖӨ ӨСІМІ 8 ПАЙЫЗ

513 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Бұл туралы кеше Үкімет отырысында мәлім етілді Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Үкіметтің кезекті отырысы болып өтті. Онда еліміздің 2010 жылдың бірінші жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралды. Бірінші жартыжылдықтың қо­рытындысы көрсетіп отырғанын­дай, Қазақстан экономикасы әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстан кейінгі серпінді даму баспалдағына қадам басты. Оған есепті кезеңде еліміздің ішкі жалпы өнімінің (ІЖӨ) өсу деңгейінің 8 пайызды құрағандығы толық дәлел бола ала­ды. Мұндай жоғары көр­сет­кіш­ке ел экономикасының не­гізгі ба­залық 6 саласындағы оң же­тістік­тер мүм­кін­дік беріп отыр. Яғни, осы ке­зеңде республи­ка­мыз­дың өнеркә­сіп, ауыл шаруашы­лы­ғы, көлік, сауда, байланыс және құ­рылыс са­лаларында экономика­лық көрсет­кіш­тердің өсу қарқыны жоғары болды. Бірінші жарты­жыл­дықта бұл индикатор 8,8 пайызға өсті. Ел экономикасының дағдарыс­тан кейінгі даму кезеңінде мұндай жоғары жетістікке жетуіне сөз жоқ, Мемлекет басшысының баламасыз бастамасының нәтижесінде Үкімет қабылдаған дағдарысқа қарсы іс-қимыл бағдарламасы шеңберінде қабылданған шаралар және дағда­рыстан кейінгі стратегиялық даму тұ­ғырын жасау мақсатындағы ке­шенді шаралардың шешуші ықпалы болды. Үкімет отырысында баяндама жасаған Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова­ның айтуынша, бірінші жартыжыл­дықта өнеркәсіп өндірісі өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыс­тырғанда 11 пайызға өскен. Өткен жылы бұл көрсеткіш 1,8 пайызды құраған болатын. Өнеркәсіп өнді­рісіндегі мұндай сапалы алға жыл­жуға негізінен қайта өңдеу өнді­рісінің 18,3 пайыз өсімге қол жет­кізуі игі ықпал етті. Қазақстанда мә­­шине жасау саласы жоғары даму жолына шықты. Бұл саладағы өндіріс көлемінің өсімі есепті ке­зеңде 67,8 пайызға жетті. Ал химия өнеркәсібіндегі қосымша өндіріс өсімі 67,5 пайызды құрады. Өткен 6 ай ішінде агро­өнер­кәсіп кешенінің кәсіпорындары да өндіріс өсімінің 14,6 пайызға артуын қамтамасыз етті. Негізінен, ауыл шаруашылығы тауарларын өңдеу өнеркәсібінің өнімдері ішкі және Кеден одағы елдерінің ры­нок­тарына бағытталған. Министр­дің айтуынша, осы есепті мерзімде Үкімет тарапынан ірі жобаларды қолдаумен қатар, кәсіпкерлікті да­мы­ту және бизнес ахуалды жақ­сарту үшін кешенді шаралар жүзеге асырылған. Дағдарысқа қарсы жа­салған іс-қимыл бағдарламасының шеңберінде еліміз бойынша 2515 шағын және орта бизнес субъек­тілеріне коммерциялық банктерден 144,7 миллиард теңге оңтайлы не­сие берілді. Биылғы жылдың сәуір айынан бастап кәсіпкерлік сек­торды сауықтыру және жаңа бизнес бастамаларға қолдау көрсету мақ­сатында “Бизнестің жол картасы—2020” бағдарламасы іс жүзіне асырыла бастады. Сонымен бірге Үкімет тарапынан шағын және орта бизнестің дамуына тежеу бо­латын әкімшілік кедергілерді жою­ға бағытталған оң шаралар жүзеге асырылды. Міне, осындай шынайы қол­даудың нәтижесінде шағын және орта бизнес субъектілерінің шығарған өнімінің көлемі өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыс­тырғанда 6,1 пайызға артты. Биылғы жылы елімізде тұтыну тауарларына сұраныстың күрт өс­кендігі байқалады. Атап айтқанда, жыл басынан бері бөлшек сауда көлемінің өсуі 13,1 пайызға жетті. Өткен жылы бұл көрсеткіш 8,6 пайыз мөлшерінде болған. Еліміз­дің экспорттық әлеуетінің өсуіне әлемдік рыноктағы баға конъюнк­турасындағы қалыптасқан оң құ­былыстар да жағымды әсер етті. Мәселен, Brent маркалы мұнайдың әлемдік рыноктағы бағасы 2009 жыл­дың бірінші жартыжылды­ғы­мен салыстырғанда 17 долларға қым­баттап, бір баррелі 78,9 АҚШ долларын құрап отыр. Әлемдік ры­ноктағы алюминийдің бағасы 465 долларға қымбаттап, әрбір тоннасы 2130 долларды құраса, мыстың әлемдік бағасы 2 мың долларға қым­баттап, әрбір тоннасы 7121,5 доллардан айналып отыр. Дүние­жүзілік рыноктағы баға конъюнк­турасының жағымды жағдайы Қазақстан тауарлары экспортының көлемін 74 пайызға дейін өсіруге мүмкіндік берді. Жалпы, еліміздің сыртқы сауда айналымы өткен жыл­дың бірінші жартысымен салыстырғанда 40 пайызға өсіп, 34,4 миллиард АҚШ доллары кө­леміне жетті. Сауда айналымының артуына үстіміздегі жылы өмірге кел­ген үш мемлекет – Қазақстан, Беларусь және Ресей мемлекеттері арасында құрылған Кеден ода­ғының оң ықпал еткендігін де атап көрсеткен жөн. Үстіміздегі жылдың бірінші жар­тыжылдығында еліміздің әлеу­меттік-экономикалық дамуы көр­сеткіштерін саралаған Үкімет отырысында өнеркәсіп саласымен қатар, агроөнеркәсіп кешенінде, қаржы және әлеуметтік салаларда да айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілгендігі атап көрсетілді. Жыл басынан бергі ел экономикасының басты салаларындағы даму нәти­желері туралы отырыста Қаржы министрі Болат Жәмішев, Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүл­шара Әбдіхалықова, Индустрия және жаңа технологиялар вице-ми­нистрі Альберт Рау, “Самұрық-Қа­зына” қоры басшысының орын­басары Арман Дунаев, “ҚазАгро” холдингі басшысының орынбасары Берік Бейсенғалиев және басқалар баяндама жасады. Үкімет отырысын Премьер-Ми­нистр Кәрім Мәсімов қорытын­ды­лап, Қазақстанның биылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму жетістіктерінің болашаққа берік тұғыр жасап, Мемлекет басшысының тапсырма­ларының ойдағыдай орындалып отырғандығын атап көрсетті. Өмір одан әрі жалғасуда, – деді Үкімет басшысы – сондықтан біз қол жет­кізген бұл жоғары көрсеткіштерді місе тұтпай, жаңа биіктерден көрінуі­міз керек. Алдымызда әлі де асқаралы міндеттер межеленген алты ай бар. Сенім биігінен көріну үшін осы қарқынмен жұмыла еңбек ете беруге тиіспіз. Үкімет отырысынан кейін Премьер-Ми­нистр Кәрім Мәсімов баспасөз мәслихатын өткізіп, журналистердің бірқатар сұрақтарына жауап берді. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.