Референдум • Бүгін, 15:58

«AMANAT» партиясында референдум барысында жүргізілген қоғамдық бақылау жұмысы қорытындыланды

40 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі жалпыұлттық референдум барысына жүргізілген қоғамдық бақылау жұмысының қорытындысына арналған баспасөз мәслихаты өтті. «AMANAT» партиясының өкілдері тұтас ел аумағында жүргізілген ауқымды мониторинг деректеріне сүйене отырып, дауыс беру барысына жан-жақты талдау жасады. Референдум күні партия 22 мыңға жуық байқаушының жұмысын ұйымдастырды. Олар еліміздің барлық өңіріндегі сайлау учаскелерінде рәсімнің ашықтығын қамтамасыз етіп, қолданыстағы заң нормаларының қатаң сақталуын қадағалады, деп хабарлайды Egemen.kz.

«AMANAT» партиясында референдум барысында жүргізілген қоғамдық бақылау жұмысы қорытындыланды

Баспасөз конференциясында «AMANAT» партиясы Саяси жұмыс департаменті директорының орынбасары, партия байқаушыларының жұмысын үйлестіруші Гүлнәр Нұрахметханова және партияның Саяси жұмыс департаментінің қызметкері Арғын Теміржанов сөз сөйледі.

«Бұл референдум азаматтардың ел болашағына қатысты өз пікірін білдіруге мүмкіндік берген маңызды қадам болды. Бақылау нәтижелері дауыс беру процесінің ашық және заң талаптарына сай өткенін көрсетті. Біздің байқаушылар желісі ел тарихындағы ең ірі қоғамдық бақылау құрылымдарының біріне айналды»  деді Гүлнәр Нұрахметханова.

Спикердің айтуынша, саяси науқан басталғанға дейін барлық байқаушылар арнайы оқыту курстарынан өтіп, тиісті дайындықтан өткен.

«Референдум алдында барлық байқаушылар арнайы оқыту курстарынан өткеніне ерекше назар аударылды. Нақтырақ айтқанда, 2-13 наурыз аралығында онлайн және офлайн семинарлар ұйымдастырылды, байқаушылардың құқықтары мен міндеттері, сайлау заңнамасы мен бақылау жүргізу тәртібі жан-жақты оқытылды, Дауыс беру рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды», деді ол.

Тәуелсіз бақылаушылар: Бюллетеньдерді суретке түсіріп, интернетке жариялағандар болды

Баспасөз мәслихаты барысында референдум күні еліміздің көп өңірінде тыныштық пен ашықтық сақталғаны атап өтілді. Өз таңдауын жасау үшін учаскелерге келген азаматтардың жоғары белсенділігі байқалды. Байқаушылар оң әлеуметтік ахуалды атап өтті: отбасылар, әртүрлі буын өкілдері, спортшылар және алғаш рет дауыс беріп отырған жастар дауыс беру учаскелеріне көптеп келді.

Өз кезегінде, партия өкілі Арғын Теміржанов маңызды қоғамдық-саяси оқиға барысы жөнінде пікір білдірді.

аманат

«Байқаушыларымыз ел аумағындағы барлық учаскеде жұмыс істеді. Жалпы алғанда дауыс беру барысы тыныш, ұйымдасқан және ашық жағдайда өтті. Таң мезгілінен бастап-ақ азаматтардың жоғары белсенділігін байқадық. Учаскелерге отбасымен бірге келген адамдар көп болды. Бұл ретте, жастар да белсенді қатысты. Олардың арасында алғаш рет дауыс бергендер де бар. Бұл қоғамның жоғары азаматтық жауапкершілігін және ел болашағына деген қызығушылығын көрсетеді», деді ол.

Мониторинг барысында жекелеген учаскелерде техникалық немесе рәсімдік сипаттағы болмашы ескертулер тіркелгенімен, оның барлығы заңда белгіленген тәртіппен учаскелік комиссиялар тарапынан жедел түрде шешілді.

Жалпы алғанда, «AMANAT» партиясы байқаушыларының бағалауынша, дауыс беру барысы заң талаптарына толық сәйкес келіп, жүйелі ұйымдастырылған әрі ашық өтті. Тұрғындардың рекордтық деңгейде қатысуы қоғамның стратегиялық мемлекеттік міндеттерді шешу ісіне атсалысуға дайын екенін көрсетті. Іс-шара соңында партия өкілдері бақылау миссиясына қатысқан барлық байқаушыға, комиссия мүшелеріне және өз конституциялық борышын орындаған азаматтарға шынайы алғысын білдірді.

Түркия Жоғары сайлау кеңесінің төрағасы Қазақстандағы референдумға оң баға берді

Бұған дейін Қазақстан Республикасының Орталық референдум комиссиясы ел аумағындағы республикалық учаскелердегі дауыс берудің алдын ала нәтижелерін жариялаған болатын. Комиссия деректеріне сәйкес, дауыс беруге қатысу деңгейі 73,12 пайызды құрады. Бас-аяғы дауыс беруге 9 127 192 адам қатысты.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ұсынылған өзгерістерді қабылдауды 7 954 667 адам, яғни дауыс беруге қатысқандардың 87,15 пайызы қолдап дауыс берді. Ал 898 099 азамат қарсы дауыс берді. 146 558 бюллетень жарамсыз деп танылды.

Ресей ОСК өкілі: Қазақстандағы референдум заң талаптарына сай өтті

Соңғы жаңалықтар