«Артем – ынталы оқушы. Сабақ үстінде ойын қазақ тілінде жеткізуге тырысады. Түсінбегенін орысша сұрайды. Мен екі тілде түсіндіріп, қайталатамын. Қазір көбіне сөздік жұмысына мән беріп жатырмыз. Жаңа сөздерді сыныпта айтып, көрсетіп, түсіндіріп, үйге жазып жіберемін, жаттап келеді. Қазір сабақтан тыс, анасымен бірге жеке репетитор жалдап тіл дамыту курсына барып жүр. Жалпы, тырысады, түсінеді, жазады, қатесіз оқиды, бірақ сөздік қоры әлі аздау. Осы бағытта жеке жұмыс істеп жатырмыз. Екі тоқсан ішінде әжептәуір тіл үйреніп қалды. Бірақ еркін сөйлеп кету үшін әлі біраз уақыт керек», дейді 1 «А» сыныбының жетекшісі Айгүл Атымтаева.
Артемнің анасы Ольга: «Мұндай батыл қадамға баруымызға Күршімде әскери борышын өтеп жатқан інім түрткі болды. Қазақтілді ортада өзінің тіл білмей қиналып жүргенін айтқан бауырым: «Балаңды ойланбастан қазақ мектебіне бер. Болашақта өзіне жақсы болады», деді. Содан өткен жылы сәуірде лицейге барып, баламды қазақ сыныбына қабылдауыңызды сұраймын деп өтініш жаздым. Сол жердегі қыздар сіз қателескен жоқсыз ба дейді. Жоқ, балам қазақ тілін үйренсін. Осы жерде туды, осы жерде өседі. Сондықтан осы елдің тілін білуі керек деп жауап бердім. Жақын таныстарымның «балаңды да, өзіңді де қинайсың ғой» дегеніне де қарамадым. Жалпы, баланы аямау керек. Осы елдің азаматы болған соң, оқысын, білсін. Біз, өкінішке қарай, тіл үйрене алмай қалдық, әне-міне деп жүріп уақыт өткізіп алдық. Өткен уақыт қайта келмейді, енді ең болмаса, баламызға тіл үйретіп, келешекте еліміздің дұрыс азаматы болып қалыптасуына жағдай жасау керек деп білемін», дейді Ольга.
Физика-математикаға қабілетті дарынды балалар оқитын аталған лицей бертінге дейін бірыңғай орыс тілінде білім беріп келген. Мұндағы алғашқы қазақ сыныбы 2022 жылы ғана ашылды. Алғашқы жылы білім ордасының ұжымы осы сыныпты толтыра алмай жан-жаққа шапқылап, біраз әуреге түскені есімізде.
«Алғашқы сыныпқа 19 бала қабылданды. Сонымен қатар ата-аналардың өтініші бойынша ұзартылған күн енгізілді. Балалар сабақтан кейін 15:30-ға дейін мектепте қалып, өтілген тақырыптар бойынша қосымша сабаққа қатысады, үй жұмысымен айналысады. 2023 жылы тағы бір сынып ашылып, оған 23 бала қабылданды. 2024 жылы екі сынып ашылды. Бұл екі сыныпта 44 бала оқиды. Ал өткен жылы қазақ сыныбы мен орыс сыныбы теңесті. Былтыр екі орыс, екі қазақ сыныбын қабылдадық. Қазір қазақ сыныптарында 50 оқушы білім алып жатыр», дейді лицей басшысы Светлана
Белоусова.
Қалай десек те, Қостанайда тұратын өзге этнос өкілдерінің қазақ тіліне ықыласы жоғары. Алайда, өкінішке қарай, қазақтардың да ықыласы дәл осылай жоғары деп айтуға келмейді. Мәселен, бүгінде қала мектептерінде білім алып жатқан 20 мыңға жуық қазақ баласының 64 пайызы орыс сыныптарында отыр.
Қалалық білім бөліміндегі жалпы орта білімді дамыту және білім беру қызметінің сапасын бақылау секторының меңгерушісі Жұпар Батталованың айтуынша, мектепті бала таңдамайды, әке-шешесі таңдайды. Ал ата-анаға баланың өз тілінде білім алғаны аса маңызды екені айтудай-ақ айтылып жатыр. Өкінішке қарай, оны елеп-ескеріп жатқан адам аз.
«Соған қарамастан, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында қазақ тілінде білім алатын оқушылар санын ұлғайту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз. Осыған орай, 2025–2030 жылдарға арналған қазақтілді балалар контингентін арттыру жөніндегі Жол картасы бекітілді. Жол картасы аясында аралас мектептердегі қазақ сыныптарының санын арттыру көзделген. Мектеп ұжымдары бөбекжай-балабақшалармен тығыз байланыс орнатып, балдырғандардың болашақта қазақ мектебіне келуіне ықпал етіп жатыр. Қазақ сыныптарына қосымша ұзартылған күн сабақтарын енгіздік. Балалар сабақтан кейін мектепте қалып, мұғалімнің көмегімен үй жұмысын орындайды, түсінбеген тақырыптарды пысықтайды. Бұл ата-ана мен балаға да, мұғалімге де ыңғайлы», дейді бөлім меңгерушісі.
Қостанай облысы