Саясат • Бүгін, 07:55

Мәдениет және ақпарат саласын жаңғырту басымдығы айқындалды

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен министрліктің кеңейтілген алқа отырысы өтті.

Мәдениет және ақпарат саласын жаңғырту басымдығы айқындалды

Жиынға вице-министрлер, комитет төрағалары, салалық бағынысты ұйымдардың жетек­шілері мен өкілдері қатысты. Отырыс барысында министр­ліктің 2025 жылғы қызметі­нің қорытын­дылары сараланып, алдағы кезең­ге арналған стратегиялық басым­дықтар айқындалды.

Алқа отырысын ашқан Аида Балаева Негізгі заңға енгізілген ауқымды өзгерістерге ерекше тоқ­талды. Ол ұлттық мәдениетті қол­дау мен тарихи-мәдени мұ­ра­ны сақтау мәселелері алғаш рет конс­титуциялық деңгей­де мемлекеттің іргелі даму қағи­даттарының қата­рына енгізілгенін атап өтті.

Кездесу барысында ми­нистрлік қызметінің барлық бағыты бойынша жаңа тәсілдер мен заманауи даму үрдістері жан-жақты қаралды. Салаларды уақыт талабы мен өзекті сын-қатерлерге сай жүйелі жаңғырту қажеттігіне ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар дамыған мемлекеттердің озық тәжірибе­сіне негізделген жаңа Конститу­ция жобасы сөз бостандығына кепілдік беретінін, азамат­тар­дың цифрлық кеңістіктегі құқығын қорғау жөніндегі норма алғаш рет енгізілгені атап өтілді. Осыған байланысты Аида Балаева министрлік пен сала­лық бағынысты ұйымдардың қызметіне цифрлық шешімдерді кеңінен енгізу және жасанды интеллект технологияларын тиімді пайдалану мәселесіне айрықша тоқталды. Премьер-министрдің орынбасары саланың бірыңғай әрі кешенді цифрлық даму стратегия­сын әзірлеуді тапсырды.

Алқа отырысына қатысушы­лар мәдениет саласын дамыту, креативті индустрияны жүйелі қолдау, ақпараттық саясатты жетілдіру, азаматтық қоғам институттарының әлеуетін арттыру, сондай-ақ мемлекеттік жастар және отбасы саясатын тиімді іске асыру мәселелерін талқылады.

Жиынды қорытындылаған Аида Балаева әріптестеріне атқарылған нәтижелі жұмыс үшін ризашылығын білдіріп, әр бағытта нақты бастама­лар көтеріп, жауапкершілік­пен әрекет етуге шақырды. Үкімет басшысының орынбасары ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуді және қойылған міндеттердің сапалы әрі мерзімінде орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. 

Соңғы жаңалықтар