Президент алдымен ғалымдарды Ғылым қызметкерлері күнімен құттықтады.
«Әр елдің ғылыми әлеуеті – оның абырой-беделі мен күш-қуатының өлшемі десек, қате болмайды. Ғылымға басымдық беретін, ғалымын қадірлейтін, басқаша айтсақ, «ғылым-білім бар жұрттар» ғана өркениеттің өріне шығады. Бұл – ақиқат. Түптеп келгенде, адамзаттың барлық жетістігі ғалымдардың зияткерлік еңбегінің жемісі екені сөзсіз. Қазір осы залда түрлі салада зор табысқа жеткен зерделі зерттеушілеріміз отыр. Сіздер ұлт сапасын арттыруға, халықтың әл-ауқатын жақсартуға мол үлес қосып келесіздер. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Хакім Абай айтып өткендей, «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ». Бұл – ешқашан өзектілігін жоғалтпайтын тағылым. Біз бәсекеге қабілетті ел боламыз десек, ең алдымен, ғылымды дамытып, жаңа технологияны, жасанды интеллектіні меңгеруіміз керек», деді Президент.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы ғылымға көрсетіліп жатқан жүйелі қолдау шараларына тоқталды.
«Өздеріңізге мәлім, мен осы жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияладым. Ғылымға бет бұру – өсіп-өркендеуге ұмтылған әрбір елдің тарихи міндеті. Біз мұны жақсы түсінеміз. Мемлекет ғылым саласына үнемі қолдау көрсетуде. Кейінгі 5 жылда осы салаға бөлінетін қаржы көлемі 6 еседен асты. Қазақстанда зерттеу университеттерінің саны көбейіп жатыр. Ғылыми жобаларға инвестиция салатын бизнес өкілдеріне салық жеңілдігі берілетін болды. Алдымызда тағы бір маңызды міндет тұр. Біз жас ғалымдар ғылыммен алаңсыз айналысуы үшін қолайлы жағдай жасауымыз қажет. Өйткені қазақ ғылымының болашағы – көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр және мақсаты биік жастардың қолында», деді ол.
Президент талапты әрі талантты азаматтар келешекте ұлттың шамшырағына айналатынын, олар Қаныш Сәтбаев сияқты алып тұлғалардың жолын жалғайтынын, сондықтан жас зерттеушілерге қамқор болудың маңыздылығын атап өтті.
«Бұл бағытта нақты бастамалар жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі таңда 600-ден астам жас ғалымға баспана берілді. Бұдан бөлек, оларға арнаулы гранттар бөлініп жатыр. Жыл сайын жас зерттеушілер әлемнің жетекші ғылыми орталықтарына барып, тәжірибе жинап, тағылым алып жүр. Осындай нақты шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады», деді Мемлекет басшысы.