Алтын Орда, Ноғайлы дәуірінен жеткен тарихи дастанды ерекше дайындықпен жырлаған балалардың өнеріне зал толы көрермен риза болды. Арнайы безендірілген сахна төрінде сол заманның үлгісіне сай киім киіп, үкілі домбыраларымен өнер көрсеткен 40 ұл мен қыз бес жыл бұрын ашылған «Ер Едіге» жыр мектебінің тәрбиеленушілері. Өңірдегі мәдениет және өнер саласының ардагерлері, университет оқытушылары мен өлкетанушылар, дәстүрлі әншілер мен термешілер бес жылда үлкен белесті бағындырған балалар мен олардың ұстазы, Мәдениет саласының үздігі, жырау Әділбек Сариннің өлшеусіз еңбегін атап өтті.
2021 жылы Ақтөбе облыстық халық шығармашылығы орталығы жанынан ашылған «Ер Едіге» мектебінің табалдырығын имене аттаған жас жеткіншектер жыр-толғаулар мен терме-дастандарды жаттап, көне сөздердің құпиясын меңгеріп, тынбай ізденді. Әділбек Сарин жиі-жиі «Жырау шайы», «Жыр сағаты» сабақтарын көпшілік арасында өткізіп, балаларды сахнаға үйретті. Бес жыл оқып-үйренуге, тәжірибе жинауға аз уақыт емес. Осы кезеңде өнерлі ұландар облыстық, республикалық, халықаралық деңгейде өткізілген жыр байқауларында топ жарды. Өз бастамаларымен облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен «Едіге деген ер екен...», «Қобыланды деген ері бар...», «Толғауда толғау сөздер бар» сайыстарын өткізді.
Ең бастысы – осы ортадан үзіліп қалған Ақтөбе өңірінің жыраулар мектебі дәстүрін жалғастыруды ниет еткен жастар шығып жатыр. Өзіндік орындаушылық дәстүрі қалыптасқан ақтөбелік жыраулар мектебі орындаушыларының жыр-мақамын сақтап келген құймақұлақ қарттар келместің кемесіне кеткен соң игі дәстүр үзіліп қалғандай еді.
«Біз ХІV–ХVІІ ғасырлардағы Алтын Орда мен Ноғай ордасындағы тарихи оқиғаларды суреттеп, 41 батырдың ерлігін насихаттайтын 36 жырдан тұратын Мұрын Сеңгірбекұлының «Қырымның қырық батырын» сахнаға шығардық. 41 батырға қатысты жыр үзінділерін 40 шәкіртім жеке-дара орындап шықты. Дастанды оқиға желілері мен тарихи хронологиялық жүйелілікпен үш топқа бөліп жырладық. Бұл академик Қаныш Сәтбаевтың басшылығымен ақын Мәриям Хакімжанова 1942 жылы Мұрын жыраудан жазып алған 36 дастандағы Аңшыбай батыр мен оның ұрпақтары, Қарадөң батыр мен ұрпақтары, Қобыланды, Қазтуған, ер Қосай, ер Көкше, ер Кеңес, Телағыс сынды батырлар. Жұрт бағасын беріп жатыр. Бірақ әлі де көп ізденіс керек, орындаушылық шеберлікті шыңдауымыз керек», дейді ұстаз-жырау Әділбек Сарин.
Ақтөбе облысы