Асқар Ахаман. Үнсіздік. Кенеп, майлы бояу
Ал А.Ахаманның «Үнсіздік» картинасында адам бейнелерінің пластикасы архаикалық тотемдер мен тастан қашалған пұтқа ұқсас. Картинадағы фигуралардың орналасуы ритуалды қимылда, уақыт бейнеленбеген мифологиялық кеңістік көрсетілген. Адам баласы пайда болғанда бірінші сөз болды ма, жоқ әлде қимыл болды ма деген философиялық сауал әлі күнге өз жауабын таба алмай келеді. Дегенмен осы екеуінің де адам эмоциясын білдіруші құрал екені анық. Бұл картина да осыны меңзейтіндей. Сөйлеу қабілеті дамығанымен, кейде адам баласы өзінің ішкі сырын айта алмайтын халге түседі. Картинадағы бүрсиіп, қолдарын төбесіне қойған фигуралардың артқы аясында ауыз орнына ішке қарай тістене жұмылған бір сызықты үлкен бас бейнеленген. Бұл шегіне жеткен үнсіздік – бүгінгі адамның жалғыздық күйі. Бүгінгі техногенді дәуірде адамдардың бір-бірімен байланысының әлсірей түскенінен де хабар береді.
Екі автор картиналарының «Үнсіздік» деп аталуына қарамастан, Закир Аккалиде адамның жеке, экзистенциялды түрде бастан кешіретін ішкі күйі, ал Асқар Ахаманның жұмысында әлемнің архетиптік құрылымы, тілге дейінгі, ұжымдық күй ретінде көрініс тапқан.
Ж.Қайрамбаев «Ана Тәңірі», А.Абилхай мен Р.Айтмурзаевтардың «Құрбандық шалу» картиналары киелі мұрамен байланысты. Танымал кескіндемеші Ж.Қайрамбаевтың жазу тәсілінде қою түстер терең философиялық-символды мағынаға ие. Бұл жұмыстан алдыңғы туындыларынан көретін жолаушы сынды таныс кейіпкерлерді де кездестіреміз. Дегенмен Ж.Қайрамбаев өзінің ойын картинада жайып салмайды, оны адамға түсінуге, ізденуге, зерттеуге орын қалдырады. Кеңістік шынайылықтан гөрі мистикаға толы немесе кейбір кейіпкерлерін қайталап, өмірдің адам жадысында өшпестей із қалдыратын сәттерін және оны адам санасында мәңгі қайталанып тұратынына меңзегендей. М.Нысанбаевтың «Ауыл тынысы» графикалық жұмысы адамға тыныштық, әдемілік сезімін сыйлайды.
Б.Сейсенханұлы «Кешкі саяхат» картинасына батыл ашық түстер арқылы динамикалы және экспрессиялы сипат берген.

Закир Аккали.
Үнсіздік. Кенеп, майлы бояу. 2025
Суретші Закир Аккали «Үнсіздік» картинасында басы мен иығы салбырап, ұнжырғасы түскен адамның қоршаған ортасынан қол үзіп, жалғыздықта қалған күйі бейнелеген. Бұл – нақты бір адамға қатыссыз, көңіл күйдегі «үнсіздік», өмірдің мәніне үңілген экзистенциялы күй. Картинадағы көкшіл-сұр, жасыл-қоңырқай көмескі реңдер бейнені одан әрмен ауырлатып, меңіреу және мылқау сезімді күшейтеді. Ұнжырғасы түскен адам бейнесінің артқы аяғына қарап, нақты қай кеңістікте екенін анықтай алмаймыз, шынайы әлем мен мифтік шекаралық кейіпке меңзейді. Бояу түстерінің батылдығы, бедері, әдейілеп қалдырылған кедір-бұдырлары, ішкі күшті кернеп, үнсіз қарсылық сезімін арттыра түскен. Өз-өзімен тұйықталған, сөйлеуден бас тартқан кейіпкер. Тыныштық оның өмір сүру формасына айналған және бұл үнсіздік – ішкі психологиялық күйдің белгісі. Адам өзімен-өзі жалғыз қалғанда үнсіздік халдегі жан дүниесінің күйін тасымалдаушысы дене мен пішін болмақ.

Бақыт Сейсенханұлы.
Кешкі саяхат. Кенеп, майлы бояу. 2025
Суретшілердің саусақ ұштарымен сезініп жүннен басылып, гобеленде тоқылып, керамикада жасалып, линогравюрада ойылатын дәстүрлі материалдармен орындалған шығармалары көрме тұжырымдамасында заманауи мәнге ие болған. Қолмен ұсталатын дәстүрлі материалдар адам санасының тереңіндегі естеліктерді қайта оятқандай. Айталық, композициялық, түстік, тақырыптық шешімі ұлттық нақыштағы М.Зейнелханның кестелі өнері бүгінгі заманға лайық қабылданады. Кесте тігу тәсілдерін керемет үйлестірген «Бұғалық» жұмысы әлемді дөңгелене тұйықталған композицияда мәңгі қозғалысты символды мәнде кестелеген. Терең философиялық ойдың тұңғиығына түспестен, өмірдің шынайы қозғалыс шеңберіне түскендей боласың.
Б.Жұмабаевтың «Әжейлердің өркеші» жұмысында әжесінің арқасында отырған кішкентай бала тауға шыққандай бәрінен биік, жұмыр жер мен аспанның біріккен көкжиегінен көзін тігіп, бар әлемді әжесінің арқасынан көргендей сәтті керемет бере білген.

Бекжан Жұмабаев. «Әжейлердің өркеші».
Кенеп, майлы бояу. 2025
Осы көрмеде әлеуметтік сыни тақырыпты әжуа (гротеск) жанрында жазған ерекше жұмыстың бірі – О.Есенбековтің «Тегін палау» картинасы. Табақтарын тегін палауға созғандар кезекке де, тәртіпке де қарамастан тегін таратылған палауға ұмтылған адамдардан бүгінгі мораль, этикет, тәрбие деген құндылықтардың деңгейін көреміз. Композицияның ортасында тұрған палау таратушы басқалардан үлкен әрі қолдарын созғандарға масаттана қарайтындай. Картинаның беті тек адамдардың бер-бер деген келбетіне толған, ол арқылы суретші қоғамдағы ашкөздікті көрсеткісі келсе керек.
Сонымен, көрмеге қойылған жұмыстардың тақырыптары мен материалына, тәсіліне жасалған талдау бойынша туындылардың бейнесі айқын, авторлық позициялардың да бейтараптығы бұл жұмыстардағы дәстүрді сақтау мен оны көркем пайымдау шекарасы неде, қайда деген сауал туады. Көптеген жұмыстардан академиялық дайындық, яғни тұрақты пластикалық жазу мәнері көрінеді. Ал тұрақтылық суретшінің сақтығымен пара-пар келеді, бұл дегеніміз суретші үшін маңызды эксперименттер мен суретшіге тән қырағылықты төмендете түсері де анық. Ол әсіресе пейзаж жанрындағы, сюжетті композициялы жұмыстардан айқын көрінеді. Кейбір жұмыстарда эксперимент жасауға деген тәуекелден аулақ, бейнелеудің тәжірибесінен өткен әдістерді қолданады. Көрмеге қойылған жұмыстарында заманауи бейнелер метафораларға ұқсас көрініс тапқан. Қоғамдағы шиеленістер жоқтың қасы, сондықтан суретшілер түрлі тарихи тақырыптарға, символдарға оралады. Бұл бүгінгі өнердегі көркем ойлау ерекшелігін көрсетеді. Содан барып суретшілердің тақырыпқа көп көңіл бөлетінін және ұсынған жұмыстарда формалды тұрақтылық басым деген қорытындыға келеміз. Дәстүр мен архетиптік мотивтерге қайта оралу маңызды көркемөнердің ресурстары болғанымен, кейбір жағдайда авторлық мән-мағына беру керек болады. Жалпы, Суретшілер одағының былтырғы «Уақыт жаңғырығы» есеп беру көрмесінің ерекшелігі – ешқандай шиеленіске құрылмаған, ішкі көңіл күй тұрақтылығы. Суретшілер пайымдау мен арақашықтықты саналы түрде сақтап, өткір ойларды айтудан кідіргендей. Тұрақтылық, тыныштық, үнсіздік – көрменің айтатын ойы.
Қалдыгүл Оразқұлова,
өнертанушы