Басылымның алғашқы саны Kazmedia Holding компаниясының ыждағатымен өткен «Qazaqstan NEXT 2026» форумында таныстырылды. Жиында биылғы жылдың трендтері мен бетбұрысты кезеңдері талқыға салынды. Ғылым, экономика, саясат саласының білгірлері елдегі және әлемдегі жағдайларға баға беріп, тұжырымды ойын ортаға салды. Шет елден келген пікір көшбасшылары да ақыл кемесіне ат байлады. Әр саланың мамандары болғаннан кейін, әрқайсының әңгімесі әр алуан. Бірақ соның бәрі жинала келе келешек келбетін көрсететін байыпты болжамдар. Осы секілді жан-жақты зерделенген, ең бастысы кәсіби сарапшылардың мақалалары «Turning points Qazaqstan» журналында қатталған.
Астаналық оқушының эссесі The New York Times басылымында жарияланды
Басылымның бас директоры әрі компания құрылтайшысы Еркін Жақыпов журналдың «The New York Times» лицензиясымен шығатынын мәлімдеді. Ойлы оқырман хабардар болуы керек, «The New York Times» – әлемдегі ең ауқымды басылымдардың бірі. Еліміздің дауысы жаһандық журналдың платформасында жаңғыруы – шын мәнінде, үлкен жетістік.
«Біз әлемдік басылым сарапшыларының эксклюзив талдаулары мен жергілікті мамандардың батыл болжамдарын бір алаңда ұсынып отырмыз. «Turning Points Qazaqstan» журналы отандық медиакеңістікке жаңа серпін әкеледі деп сенеміз», деді Еркін Жақыпов.

Теңіздің дәмі – тамшыдан. Жақсы журналдың салмағы мазмұнынан көрініп тұрады. Әуелгі тақырыпта былтырғы жылдың ерек оқиғаларына шолу жасалған. Әрімен қарай жаһандық энергетика, креатив индустирия, ЖИ дәуіріндегі жоғары білім, бизнес пен инвестиция, әлемдік тәртіп, БҰҰ-ның жаңа саясаты сынды маңызы зор тақырыптар оқырман назарына қармақ салады. Журналдың тізгін тартар бетінде ерекше тәжірибе жасалғанын аңғардық. «Бірінші бетке шықпаған, бірақ назарда болған оқиғалар» атауымен айдарланған бетте оқырман өзінің зердесін сынап көреді. Тест тапсырмаларына жауап бере отырып, ел есіндегі елеулі оқиғаларды қаншалықты білетінін тексеріп көреді. Бұл да журналдың жасампаздығы деп білеміз.
Жалпы, «Turning Points Qazaqstan» журналы Kazmedia Holding компаниясының алғашқы өнімі емес. Бұған дейін компания «National Geographic Qazaqstan» журналын шығарып, оқырман ықыласына бөленген еді. Ол басылым мақалалардың ұсынылу дизайны, мәтін тілінің жатықтығымен ерекшеленетін. Бұл жолы да шығарушылар дәстүрден жаңылмағанын айтты. Тұсауы кесілген журналдың бас редакторы Айбын Шағалақ әлемдік медиа кеңістіктің бағыт-бағдары туралы айтып, оған қалай ілесу керектігі туралы ойын жеткізді.

«Шетелдік іргелі газет-журналдар сала мамандарына басымдық береді. Мәселенің беткі қабатын емес, түпкі шешімін білетін сарапшылардың пікірін газетке жариялайды. Әлбетте, ол өз жұмысын жетік біле отырып, оны халыққа түсінікті жеткізуі керек. Бұл үрдістен біз көп тәжірибе аламыз. Шығарып отырған журналымыз да халық таным көкжиегін кеңейтіп, салалық журналистиканың өрісін ашады деп есептейміз», деді бас редактор.