Фото: Ашық дереккөзден
Бүгін Үкімет отырысында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов инфрақұрылымдарды құру және дестинацияларды ілгерілету бағытында атқарылып жатқан іс-шаралар туралы баяндады.
Оның айтуынша, Алматы өңіріндегі курорттар бірыңғай жүйеге біріктіріледі. 30 жаңа аспалы жол және 161 шақырым шаңғы трассасы пайда болады. Бұл маусым қызған шақта жүктемені азайтуға және турист санын 5 миллион адамға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
Жоба жоғары экономикалық әлеуетке де ие. Өйткені тау шаңғысы туристерінің шығындары орта есеппен 350 долларды құрайды, бұл жағажай туристерінің шығындарынан 7 есеге көп.
Щучье-Бурабай аймағында Қатаркөл және Жөкей көлдеріне жүктемені бөлу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өткен жылы «Променад» аймағы, 10 шақырым веложолдар мен аумақты тамашалау алаңдары іске қосылды.
Маңғыстауда «Жылы жағажай» және «Кендірлі» аймақтарына басымдық беріледі.
«Мұнда абаттандырылған жаяу маршруттар, аумақты тамашалау алаңдары, визит-орталықтар құрылады. Қонақтардың аталған туристік аймақтарда қалу ұзақтығын 10 күнге арттыру көзделіп отыр. Сондай-ақ 2029 жылға қарай келушілер санын 150 мың адамға жеткізуді жоспарлап отырмыз», деді министр.
Айта кетейік, бұған дейін Шымбұлақ пен Медеуге шетелдіктер тәнті болып, Алматы Viajar журналының тізіміне енгенін хабарлағанбыз.
Алматының әсем табиғаты Vogue басылымының да назарын аударып, ең үздік 14 бағыт қатарына қосқан еді.