Фото: Ақорда
Комиссия мүшесі өз сөзінде жаңа Парламенттің қызметіне тікелей қатысты 50, 51 және 53-баптарда көзделген түзетулерге ерекше тоқталды. Оның айтуынша, барлық ұсыныс Мемлекет басшысының Қызылорда қаласында өткен Ұлттық Құрылтайдың V отырысында берген тапсырмаларын негізге ала отырып әзірленген.
«Ұсынылып отырғандай, болашақ Құрылтай пропорционалды өкілдік жүйесі бойынша сайланатын 145 депутаттан тұрады. Құрылтай депутаттарының өкілеттік мерзімін қазіргі Мәжіліспен бірдей – 5 жыл деңгейінде сақтау ұсынылып отыр. Бұл өзгеріс толық қолдау табады. Сонымен қатар, Құрылтай депутаттығына кандидаттарға қойылатын қосымша талаптар арнайы Конституциялық заңдарда көзделуі мүмкін», деді депутат.
Оның пікірінше, болашақ Құрылтайдың мазмұндық және тұжырымдамалық тұрғыдан ең маңызды өзгерістері 53-бапта көрініс тапқан. Аталған түзетулер мемлекеттік басқару жүйесін қайта теңгеруге, билік тармақтары арасындағы өзара тежемелік пен тепе-теңдік қағидаттарын нығайтуға бағытталған.
Айдос Сарым қазіргі қолданыстағы Конституцияда Парламент палаталарының өкілеттіктері 53-баптың 13 тармағында белгіленгенін еске салды. Ал жаңа редакцияда бұл тармақтар саны 23-ке дейін ұлғаяды.
«Яғни, өкілеттіктер көлемі бір жарым еседен астам артады. Бұл жаңа өкілеттіктердің барлығы жалпыұлттық референдумда мақұлданған жағдайда тиісті Конституциялық заңдар аясында нақтыланып, жүзеге асырылады. Аталған өзгерістер түрлі қоғамдық алаңдарда бірнеше рет айтылып, жұмыс тобының отырыстарында жан-жақты талқыланды және Қызылорда қаласында өткен Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысының тарапынан тұжырымдамалық тұрғыда қолдау тапты. Сондықтан бұл тұжырымдамалық өзгерістерді біз қолдаймыз», деп мәлімдеді ол.
Депутаттың пайымдауынша, ұсынылып отырған түзетулер Парламенттің институционалдық рөлін күшейтіп, елдегі саяси жүйенің тұрақтылығы мен тиімділігін арттыруға қызмет етеді.