Заң мен Тәртіп • Кеше

МӘМС қаржысын жымқырғандар сотталды

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада медициналық ұйым арқылы әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаржысын заңсыз иемдену дерегі бойынша айыптау үкімі шықты. Қылмыстық іс топ болып, алдын ала сөз байласу арқылы, қызметтік жағдайды пайдаланып жасалған алаяқтық фактілеріне қатысты қаралды, деп жазады Egemen.kz.

МӘМС қаржысын жымқырғандар сотталды

Қаланың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты 2026 жылғы 21 қаңтарда азаматтар Н. мен А.-ға қатысты үкім жариялады. Тергеу барысында Н.-ның медициналық ұйымның құрылтайшысы ретінде 2023 жылғы сәуір мен шілде аралығында азаматтарды өз клиникасына жалған тіркеу схемасын ұйымдастырғаны анықталды. Мақсат әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаржысын иемдену болған.

Қылмыстық жоспарды іске асыру үшін Н. «Денсаулық сақтауды дамыту ұлттық ғылыми орталығының» Астана филиалында жұмыс істейтін маман А.-ға заңсыз тіркеу өтінімдерін бекітіп беру жөнінде ақшалай сыйақы ұсынған. А. бұл ұсынысқа келісіп, қызметтік мүмкіндігін пайдалана отырып, жалған өтінімдерді растаған.

1 қаңтардан бастап МӘМС жүйесіне бірқатар өзгеріс енгізіледі

Нәтижесінде медициналық ұйымға 15 мыңнан астам азамат қағаз жүзінде тіркеліп, Қор қаржысы заңсыз алынған. Мамандар қорытындысына сәйкес, келтірілген жалпы шығын шамамен 80 млн теңгені құрайды. Соның 7,5 млн теңгесі А.-ның тікелей әрекеттерінен келген материалдық залал ретінде бағаланған. Заңсыз алынған қаражат екі айыпталушы арасында бөлінген.

МӘМС жүйесіндегі олқылықтар: Қайтыс болған адам дәрігер қабылдауында болған

Сотта прокурор Н.-ға 5 жыл, ал А.-ға 2 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Айыпталушылар кінәларын толық мойындап, қорғау тарапы шартты жаза тағайындауды өтінген. Кінә мойындау көрсетілімдері, жәбірленуші мен куәлардың айғақтары, сондай-ақ маман қорытындысы қылмысты дәлелдейтін негіз ретінде танылды.

МӘМС: 2026 жылы сақтандыру есебінен емделетін аурулар тізімі кеңейтілді

Сот жеңілдететін мән-жайлар ретінде кәмелетке толмаған балаларының барын, кінәні мойындауды, шын жүректен өкінуді және бұрын сотталмағанын ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Алайда келтірілген ірі көлемдегі шығын өтелмегені назарға алынды.

Осыған байланысты Н. орташа қауіпсіздік мекемесінде 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. А.-ға 3 жыл жаза тағайындалып, амнистия туралы заңға сәйкес мерзім 1/5 бөлікке қысқартылып, түпкілікті 2 жыл 4 ай болып белгіленді. 

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Соңғы жаңалықтар