Оқиға • Бүгін, 15:30

Шымкентте қаза тапқан Нұрай Серікбай ісі бойынша тергеу аяқталды

1 мин
оқу үшін

Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталды. Бұл туралы жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шымкентте қаза тапқан Нұрай Серікбай ісі бойынша тергеу аяқталды

Оның айтуынша, қазіргі уақытта жәбірленушілер мен олардың қорғаушылары қылмыстық істің материалдарымен танысып жатыр. Бүгінде істің алғашқы жеті томы зерделеніп, олардың көшірмелері алынған.

– Тергеу әрекеттері толық аяқталды. Қазір қылмыстық іс құжаттарымен танысу процесі жүріп жатыр. Жәбірленуші тарап алғашқы жеті томмен танысып, көшірмелерін алды, – деді адвокат.

Тараптардың барлығы іс материалдарын қарап шыққаннан кейін қылмыстық іс сотқа жолданады.

Еске салсақ, қайғылы оқиға 2026 жылғы 11 қаңтар күні кешке Шымкент қаласында болған. Тергеу мәліметінше, 21 жастағы Нұрай Серікбайды танысы пышақтап өлтіріп, оқиға орнынан бой тасалаған. Күдікті екі күннен кейін ұсталды.

Қазіргі уақытта ол Шымкент қаласындағы Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің №69 мекемесінде қамауда отыр.

Күдіктіге Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айып тағылған. Атап айтқанда, оған некеге тұруға мәжбүрлеу, сталкинг және аса қатыгездікпен адам өлтіру баптары бойынша айыптар тағылып отыр.

Соңғы жаңалықтар