Өндіріс • Кеше

«Шыны мақтадан» табыс тапқан

30 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мұндай алып ыдыстар Шығыстан шығып жатқанын жұртшылық біле бермейді. Түрлі мақсатта пайдаланатын бөшке тәрізді жүздеген кубтық құтыларда су да сақтайды, жанар-жағар майға да пайдаланады. Сыртқы пішініне қарап, құрыштан құйылған дейтін шығарсыз. Алайда бұл шыны тәрізді мақтадан жасалған. Кәсіпкер ә дегенде мұндай ыдыстарды Ресей мен Беларусьтен жеткізіп, саудалап жүрген. Кейін дайындалу тәсілін зерттеп, Өскеменде өндіре бастады.

«Шыны мақтадан» табыс тапқан

Суретті түсірген – автор

«Нayman» кәсіпорны нарықта 25 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Алғашында алып-сатумен ғана айналысатын кәсіпорын басшылығы отандық өнім өндірумен қатар, жергілікті жұртты жұмыспен қамтуды да көздеген. Әуелде алпауыт ыдыс шығаруды оңай көргенімен, түрлі қиындықтар да кездесіпті. Қиындық деп қол сілтемеді олар. Оңтайлы жолын іздеді, зерттеді. Ақыры кәсіпті өрге домалатып отыр. Өнімдеріне сұраныс та жоғары. Әсіресе құрылыс компаниялары жиі құда түседі.

– 2018 жылы осы өндіріс ошағын сатып алдық. Алғашқы алты ай жұмысты зертте­дік, таныстық. Содан кейін ғана жүздеген куб­тық ыдыстарды өндіре бастадық. Оған дейін құрылысқа қажетті құрал-жабдық сатумен ғана айналысып жүрдік. Жұмыс алға басқан соң да бірқатар проблемалары кездесті. Қазір ең үлкен қиындық – кадр тапшылығы. Біздің тікелей тапсырыс берушілеріміз Шығыс Қазақстандағы ірі құрылыс компаниялары болғанымен, тауарды ел бойынша жеткізіп бере аламыз, – дейді кәсіпорынның құрылтайшысы Анжелика Ковальчук.

Маман жеткіліксіз болғаны­мен, зауыт қазірдің өзінде айына қырықтан астам жабдық шығара алады. Алайда алдын ала шы­ғарып, сатуға қой­май­ды. Әр жабдық тапсырыс­пен ғана жасалады. Себебі бұл стандартты, сериялық өнім емес. Нысандағы орынға қарай жеке-жеке жабдық шығарады. Қандай да құрылыс басталмас бұрын жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, «Нayman» кәсіпорнынан шығатын ыдыстың көлемі белгіленеді. Құрылыс аяқ­талған соң, алып құты орналас­тырылады.

– Біз жабдықтарды тікелей жеткіземіз. Себебі мемле­кет­тік бюджетпен емес, құры­лыс компаниялары арқылы жұ­­­мыс істейміз. Қазір цех­та тұрған жабдықтар «Восток Цветмет» компаниясына арналған, – деп темір тәрізді алып ыдыстарды көрсетті кәсіпорын басшысы.

р

Бұл құтыларды қар суын жинау үшін ауылшаруашы­лық мақсатта да пайдалануға болады. Су сорғы стансаларына да өте қажет. Мұның салмағы жеңіл болғандықтан, тасымалдау да қиындық туғызбайды. Дұрыс пайдаланса, қала ішіндегі жаңбыр мен қар суын жинайтын ыдыс ретінде де пайдалануға болады. Мамандардың айтуын­ша, жаңбыр суы бірден өзенге емес, бөшке арқылы сүзгіден өтіп барып пайдаланылса тиімді көрінеді. Себебі бүкіл биологиялық жүйе жойылып кетуі мүмкін. Сондықтан еліміздің заңнамасына сәйкес, лас су өзенге түспес бұрын мін­детті түрде тазартылуға тиіс

– Сондай-ақ жанармай құю стансаларында да біз­дің жабдықтар орнатылады. Жер астына көмілген резер­вуарларға бензин мен дизель отынын құю кезінде қорша­ған ортаға орасан әсері болуы мүмкін. Сондықтан экология қауіпсіздігін де алдыңғы орынға қоюымыз керек, – дейді Анжелика Ковальчук.

Айтып өткендей, ал­пауыт кәсіпорында сұйықтық жи­нақтайтын құтылар ғана емес, кәріздік сорғы стансаларын да шығарады. Яғни суды А нүктесінен Б нүктесіне жеткізу үшін қолданады. Ат шаптырым аумақтағы кәсіпорын­ды аралап шықтық. Асыр-гүсір жұмыстағы мамандардың бас көтеретін мұршасы жоқ. Тапсырыстарды уақтылы аяқтауы керек. Мұндай алып бөшкелер қалай жасалады екен деп сырттай бақылап тұрдық. Сыйымдылығы 100 текше метр ыдысты арнайы қалыпқа құйып, корпусын шешіп алуға дайындап жатыр екен. Қалыбын құйылған шыны мақта қатқан соң шешеді. Кеше кешкісін ғана оралған мақта, бір тәулікке жетер-жетпесте қатып үлгеріпті. Жаздыгүні тіптен тез дайын болатын секілді. Сөйтіп, дайын болған бөшкенің үш бөлшегін бір-біріне жапсыра бекітеді. 

– Біз шикізатты кішкентай бөлік­терге бөліп құямыз. Өйт­кені, кейбір бөліктерді қолмен істеуге тура келеді. Мысалы, ыдыстың қақпағын диаметрге байланысты қолмен реттеп жасаймыз. 4 метрлік ыдыстың қақпағына 12 метр шикізат кетеді, – дейді жұмысшы маман Хамит Сәлиев.

Олар мұндағы құрылғы­лардың құлағында ойнайды. Қайсысы қалай қолданылатынын әбден меңгерген. Станоктың бірі шыны мақтаны шыр көбелек айналып орайтын болса, енді бірі сұйықтық құйып, қалыпты қатырады. «Жіп тәрізді оралған шыны мақта неден жасалады?» деп таңдана сұрасақ, кәдімгі пластиктен өндірілген екен. Демек, өндірілген пластик өріліп, үлкен құтыға айналады. Қалыпқа оралған шыны мақтаға химиялық шайыр қосылған соң, қатады да қалады. Станоктардың көбі автоматты түрде істейді. Алдын ала арнайы бағдарламасын текшеп қойсаңыз болғаны.

– Тапсырыс беруші өзіне қажетті сыйымдылықтағы бөшкенің көлемін айтады. Соған қарай орындаймыз. Ол үшін бізде барлық диаметрге арналған матрица бар. Егер қандай да бір стандарттан тыс сыйымдылық болса, диаметрін үлкейтуге де, кішірейтуге де болады. Сондықтан ол жағынан мәселе жоқ, – дейді цех қызмет­кері Андрей Щелкунов.

Сондай-ақ мұнда жасалатын сүзгілердің түр-түрін  көрдік. Оларды көбіне көлік жуу стансаларында жерас­ты суымен араласа шық­қан құмды сүзу үшін орнатады. Бұл дүние­лер де сұранысқа ие. Айта кетейік, құрылысқа қажет құрылғылар шығарып отырған кәсіпорын ондаған маманды жұмыспен қамтып, өндіріс өрісін кеңейтуді көздейді. 

 

ӨСКЕМЕН 

Соңғы жаңалықтар