– Медеу – инженер. Ол кәдімгі біз секілді қазақ әдебиетін бітірген адам емес. Инженер болып, осы Семейдегі цемент зауытында жұмыс істеп, онда да өскен. Сөйте тұра Медеудің тілі керемет. Оқырманды сендіру, иландыруы ерекше. Мысалы, «Жарылыс» деген романын алайық: Кезінде ақыны да, жазушысы да өндірісті жырлаймыз деді. Бірақ соның ішінде өндірісті өндірістің өзіндей білетін және ұлттық колоритте берген Медеу еді. СССР деген алып империяның кезіндегі қазақ инженер-геологтерінің тағдыры көрініс береді. Осыны жүрекке ұялатып жеткізген де – Медеу Сәрсеке, – дейді қоғам қайраткері Құсмила Нұрқасым.
Расында Медеу Сапаұлы өндіріс пен өнерді қатар алып жүрген қаламгер еді. Әуелі «Ғажайып сәуле», «Көрінбестің көлеңкесі», «Жетінші толқын» ғылыми фантастикалық туындыларын жарыққа шығарды. Өзі ортасында жүрген өндірістің қилы-қилы сырларын, онда еңбек ететін адамдар туралы күрделі шығармалар жазады. Ол алтын-күміс ақтарған, мырыш тасқындатқан кенді Алтайдың тыныс-тіршілігін суреттейтін «Жаңғырық» романын сомдады. Кейіннен жалғасы ретінде «Көмбе» романы шықты.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимовтің айтуына қарағанда, инженер қаламгер Медеу Сапаұлы төл әдебиетімізде өндіріс тақырыбының жаңа белеске көтерілуіне айрықша үлес қосты.
– Ескертер гәп – «Жарылыс» атауы цензордың талабымен «Жаңғырық» болып өзгеруі, шығарма мәтінінің 150 бетке қысқаруы, өндірістік жарылыстың әлеуметтік дүмпуге айналған тарауларының қырқылуы – сол күндегі идеологиялық қасаң қысымның салдары. Оған белгілі сыншылар Х.Әдібаев пен С.Әшімбаевтың осы романды үкімет саясатына қарсы және ұлы орыс халқының рухани көшбасшылық болмысын әжуалау деген сыны әсер еткен. Алайда роман орысшаға аударылғанда кесілген беттердің бәрі де қайтадан қосылып, «Жарылыс» атауымен шыққан. Ең ғажабы, осы туындысымен Медеу Сәрсеке Одақ аренасына танылды, – дейді профессор.
М.Сәрсекенің драма жанрында да еңбегі ерекше. Қаламгердің жеті драмалық шығармасы сахналаныпты. Солардың төртеуі Семейдің, Арқалықтың, Жетісай, Талдықорған мен Алматы театрларында көп жыл бойы кассалық табыспен жүрді, ал арнайы тапсырыспен жазылған «Уақыт төрелігі» драмасы телеспектакль түрінде Қазақ телестудиясынан 1989 жылы Қаныш Сәтбаевтың 90 жылдық мерейтойы қарсаңында көрсетілді (қоюшы режиссер Елжас Қасиманов).

Жазушының бұл жанрдағы көпшілікке танымал шығармалары – «Шыңғыс хикаясы», «Жарылыс», «Заңды неке» және «Тендерге түскен әйел» драмалары. «Заңды неке» комедиясы Семей театрында 1983–2006 жылдары 600 рет қойылыпты. Бұл жөнінде «Egemen Qazaqstan» газетінде «Нашар спектакль 600 рет қойылмайды» деген тақырыппен мақала да жазылыпты. Ал «Тендерге түскен әйел» драмасы 2010 жылдан беріде М. Әуезов атындағы академиялық театр сахнасында және бірнеше облыстық театрларда сәтті қойылып келді.
– 1989 жылы қаламым көп қиналумен туғызған «52 жыл» деп атаған, қазақ зиялыларының ең таңдаулы тобы басынан кешкен қуғындау бейнеленген (Әуезов, ерлі-зайыпты Сәтбаевтар, Бекмаханов, Нартай Кенесарин, Шаяхметов, Омаров, жиыны 16 кейіпкер) саяси трагедиям, әбден ширыққан заманауи қақтығысты көрсететін драмам осы күнге дейін сахна көрген жоқ. Басты себеп – аса көрнекті тарихи тұлғаларды бейнелейтін актерлердің бір ұжымда болмауы, екінші – 16 кейіпкерді киіндірудің машақаты... Әлбетте басты кедергі бұлар емес – әлеуметтік, саяси әрі аса өткір ұлттық мәселелерді бейнелеген тарихи драманың, сол күндегі ел басшыларының пасық әрекеттерін бүкпесіз әшкерелейді... – деп налыған екен бір естелігінде Медеу ақсақал.
Семейдегі Сәрсекеевті күллі Одаққа танытқан басты шығарма – «Сәтбаев» ғұмырнамалық баян. Жас қаламгердің Қаныш ғұмырнамасымен шұғылдануы да кездейсоқ емес, әдебиетке әуесқой инженерді әйгілі академик Әлкей Хақанұлы 1963 жылы Алматыға шақырып, осы тақырыппен түбегейлі айналысуды тапсырады.
– 63 жылдың жазы еді, академик Әлкей Марғұлан Алматыға шақырып: «Қарағым, сен техниканың да тілін білесің, инженерсің, Қанекеңе ғылым жөнінен жақын адамсың. Әдеби ебің бар екен» деп, маған тапсырма берді. Мен бір-ақ ауыз сөз айттым: «Қанекең алып тұлға. Ол кісіні мен қалай көрсетем. Оған менің шамам келмейді, мен балалар жазушысымын», дедім. «Міне, біздің қазақтың сорлылығы осы. Сонда мен қазақтың академик Сәтбаевын жаздыру үшін Мәскеудің жебірейін шақырам ба, жанымда өзіңдей инженер жазушы жігіттер отырғанда. Мынауың мені ренжітті», деді. Әуелі мені мақтады. Үстелінде кітаптарым жатыр екен. Оқыған ғой. Артынан ұрыса бастады. Содан мен сасқалақтап: «Аға, кешіріңіз, есім шығып кетті, үш-төрт күн ойланайын, сосын жауап берейін», дедім. «Е-е, мұның жөн, ойлан, бірақ бас тартушы болма», деді. Осылайша кірісіп кеттім, – депті естелігінде автор.
Сөйтіп, М.Сәрсеке 12 жыл ізденіс жасап, академик Сәтбаевтың өмір соқпақтарын ерінбей кезіп, Баянауыл, Ұлытау-Жезқазған, Қарағанды, Қызылорда, Ташкент, Том, Мәскеу, Санкт-Петербург, Алматы мұрағаттарын ақтарып, көзкөргендерден ұзын саны төрт жүзден астам естелік жазып алып, ақырында ғұмырнамалық «Қаныш Сәтбаев» еңбегін «Жазушы» баспасының «Жайсаң жандар» топтамасымен жарық көрді.

Алайда 1975 жылы «Академик Сәтбаевтың геологиялық, ғылыми және мемлекеттік еңбегі шектен тыс мадақталып, КПСС ОК кеңестік идеологияға жат құбылыс деп жариялаған «Жеке адамның еңбегін шексіз мадақтау культі» деген желеумен кедергіге ұшырайды. Автор бұл қиянатпен екі жыл күресіп, ештеңе өнбейтінін білген соң қолжазбасын орыс тіліне қотаруға кіріседі. Сөйтіп, «Молодая гвардия» баспасының әлемге әйгілі «ЖЗЛ» топтамасынан 100 мың дана таралыммен (1980 жылы) жарыққа шығарды. Жазушының бұл шығармасы қазақша − 12, орысша – 5 және ағылшынша бас-аяғы 18 рет басылып, атақты ғалымды әлемнің 112 еліне танытыпты.
1988 жылдан бері жазушының «Сәтбаев», «Қазақтың Қанышы», «Қаныш елі» (орысшасы «Родина Сатпаева»), «Планета Сатпаева», «Дара дарын», «Фенемон», «Құлыпталған ғұмырнама», «Через тернии к Сатпаеву» деген атаулармен жарияланған, қазақ тілінде және орысша, екінші рет Мәскеуден, «ЖЗЛ» топтамасынан 2003 жылы қайыра басылуы, 2006 және 2015 жылдары шыққан шығармалар жинағына енуін қосқанда М.Сәрсекенің ғұмырнамасы 15 рет жарияланып, жалпы таралымы 340 мың дана болыпты. «Атамұра» баспасы осы туындының қосымша тыстығына жазған аңдатпа сөзінде Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов: «Ұлтымыздың ұлы перзентін ұлықтаудың тамаша үлгісі осындай-ақ болар...» – дегені Медеу ақсақалдың елу жылдан астам уақыт Қаныш Сәтбаевқа арнаған еңбегін жоғары бағалайды.
Жазушы бұдан соң химия ілімін ілгерілеткен ғалым, жазушы, аудармашы Ебіней Бөкетов және Ермахан Бекмаханов туралы деректі кітаптар жазды («Біртуар Бөкетов» және «Ноқталанған тарихшы»).

Жансебіл жазушының тағы бір құнды еңбегі – «Семей қасіреті». Биыл жазушының 90 жылдығымен қатар Семей ядролық полигонының жабылғанына 35 жыл қатар келіп отыр. Жазушы қырық жыл бойы ядролық жарылыстардың дүңкілі үзілмеген, жері радиацияға тұншыққан, ауасы мен суы уланған қасіретті Семей елінің тумасы. Бар ғұмырын Ертіс жағасында өткізіп келе жатқан қаламгер бұл өңірдің трагедиясын сырттай бақылаған жоқ, сол қасіреттің ішінде өмір сүрді. Содан шығар, 2016 жылы 80 жасқа толар қарсаңында, Медеу Сәрсеке өзінің мерейтойын салтанатпен емес, «Семей қасіреті» атты 900 бетке жуық, 60 баспа табақтан асатын қалың кітаппен қарсы алды. Жантүршігерлік бұл еңбек – жеке бастың емес, ұлт алдындағы жауапкершіліктен туған жұмыс еді. Қаламгердің айтуынша, кітап Алматыдағы Онкология институтында жасалған ауыр операциядан кейін жазылыпты. Мақсат – ядролық полигонның елге әкелген қасіретінің бет-пердесін толық ашу болды.
Өкініштісі, 2000 жылы жазушының «Қазақтың Қанышы» романы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғанда комиссия Абай атындағы бір сыйлықты бес жазушыға бөліп берді де, «әлемнің 112 еліне тараған Медеу Сәрсекенің «Сәтбаевы» сыйлықсыз қалды...
Алайда қаламгер одан кенде болған жоқ. Медеу Сәрсеке – Семей қаласы Абыралы, Баянауыл аудандарының «Құрметті азаматы» және «Павлодар облысына еңбегі сіңген қайраткер» атақтарына ие. Шәкәрім университетінің «Құрметті профессоры», Қазақстанның «Құрметті кеншісі» және Геология комитетінің «Құрметті кен іздеушісі» атанды.
Қаламгердің 90 жылдығы ел көлемінде ұлықталып, «әттеген-ай» деп кеткен драмасы қойылар деген сенімдеміз.
Абай облысы