Фото: Ақорда
Сұхбат барысында «Turkistan» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы парламенттік реформа туралы сұрады. Осы тақырып аясында сұхбат алушы кей сарапшылардың бұл реформаны Парламент төрағасы лауазымын мемлекеттік басқару жүйесіндегі ең басты лауазымға айналдыру үшін ғана өткізілетінін айтып жүргенін алға тартып, бұл лауазымды Президент өзіне дайындап жатыр деген де сыбыстың бар екенін жасырмай, Мемлекет басшысының пікірін білді.
«Бұл – бос әңгіме. Мұндай пікір менің саяси қағидаттарыма қайшы келеді. Мен Қазақстанның президенттік басқару үлгісіндегі мемлекет екенін бірнеше рет айттым. Осыдан 8 жыл бұрын, яғни Ақордаға келгенге дейін «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасын жарияладым. Жеке бастың қамын күйттеп, мемлекеттік жүйені тұтастай өзгерте салу барып тұрған жауапсыздық, тіпті, адамгершілікке жатпайтын әрекет болар еді.
Еліміз үшін аса маңызды реформаның бәрі жалпыхалықтық референдумға шығарылады. Бұл жерде ешқандай астыртын ойлар жоқ. Менің ұстанымым баршаға белгілі, саяси реформалар жалғаса береді. Ұзақ мерзімге арналған жоспардың бір бөлігі әдеттегідей жақын арада жарияланады», деді Президент.
Тоқаев экс-президенттің Мәскеуге сапары туралы: Не айтылғаны маған қызық емес
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев билік транзитіне қатысты да пікір білдірген еді.
Сондай-ақ Президент денсаулығына қатысты сауалға да ашық жауап берді.