Сұхбат • Бүгін, 09:05

Меруерт Бижанова: Оксфорд бала күнгі арманымды орындады

80 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Бүгінде заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін – білім» деген сөзі ақиқатқа айналды. Жас болса да топ жарып, 24 жасында әлемге әйгілі Оксфорд университетінің докторантурасына оқуға түскен Меруерт Бижановамен жақын танысып, оның ғылым жолындағы жетістігі туралы әңгімелескен едік.

Меруерт Бижанова: Оксфорд бала күнгі арманымды орындады

– Адамды өсіретін, оның арманына қанат бітіретін сапалы білім ғой. Білімге деген қызығушылығыңыз қай кезден басталды? Қандай ұстаздар мен тұлғалар өміріңізге әсер етті?

– Білімге қызығушылығым балалық шақтан басталды. Тіпті 5 жасымда мектеп кітап­ханасындағы ертегілер жинағын түгел оқыдым. Ертегілер оқу­ды, әңгімелер жазуды өте жақ­сы көретінмін, көп нәрсеге қы­зы­ға­тынмын. Сол кезде кітап менің шынайы досыма айналды. Назарбаев университетіндегі ұстаздарымның қолдауы шетелде білім алуыма себепкер болды. Әсіресе вице-провост Лоретта О’Доннелл, профессорлар Тұр­сын­жан Тоқай, Дьюк, сондай-ақ Уоррен Рокко, Мэрилин Пламли сияқты ұстаздарыма алғы­сым шексіз. Олар маған тәртіп­тің, еңбексүйгіштіктің, шынайы­лықтың маңызын түсіндірді.

– АҚШ-та магистрлік оқуға қалай шешім қабылдадыңыз? Қай университетте, қандай мамандықта оқыдыңыз?

– Магистратураны АҚШ-та жалғастыруға шешім қабыл­дағанда, мақсатым – халықаралық деңгейде мойындалған академия­лық білім алып, жоғары білім сала­сындағы зерттеуімді терең­дету болды. Осы бағытта ең қо­лайлы орта ретінде Пенсиль­вания уни­вер­ситеті (University of Pennsylvania, UPenn) таңда­дым. Бұл оқу орнын таңдауым­ның бірне­ше себебі бар. Бірін­шіден, бұл университет білім саласындағы әлемдегі жетекші орталықтың бірі. Әсіре­се жоға­ры білім саясаты, көшбас­шы­лық, университеттік басқару бағытын­дағы ғылыми мектептері өте танымал. Жоғары білім саясаты мен университеттік басқару саласында зерттеу жүргізгім кел­ді. Сондықтан аталған универси­теттің бағдарламасы мен акаде­мия­лық бағыты ғылыми мүдде­леріммен толық сәйкес келді. Екін­­шіден, университет кәсіби даму­ға кең мүмкіндік ұсына­ды: тағылымдамалар, зерттеу жоба­лары, салалық мамандармен байланыс, мансаптық консультациялар деген сияқты. Бұл тек теориялық білім емес, прак­тикалық дағдылар­ды да игеруге мүмкіндік берді. Үшін­шіден, Пенсильвания универ­ситеті әлемнің ең үздік жоғары оқу орын­дар қауымдастығы құ­ра­мындағы білім ошағы. Бұл жоға­ры академиялық деңгей әрі бедел, сондай-ақ халықаралық түлек­тер қауымдастығы арқылы даму­дың жаңа мүмкіндігі деген сөз. Мұндай ортада білім алу бұ­­рын қолжетпестей болып кө­рін­ген академиялық және кә­сіби мүм­кіндікті ашты. Мен осын­да Бі­лім берудегі көшбас­шылық маман­дығында оқып, халық­аралық бі­лім саясаты, жоғары білім жүйе­лерін басқару, зерттеу әдіснамасы және көшбасшылық дағдыларды терең меңгердім. Бұл тәжірибе кейіннен Оксфорд докторантурасына да­йындалуыма негіз болды.

 – Докторантура бойынша Оксфорд университетін неге таңдадыңыз?

– Бала күнімде Оксфорд уни­вер­си­тетін әлемдегі ең беделді жоғары оқу орны ретінде ести­тін­мін. Аталған оқу орнында бәсе­ке­лестік өте жоғары деңгейде. Егер магистратураға жүздеген адам қабылданса, докторлық оқу бағдарламаларына мыңдаған үміт­кердің ішінен тек санаулылары ғана ілігеді. Мысалы, биыл PhD бағдарламаларына жеті мыңнан астам талапкер өтініш беріп, соның шамамен 20-сы ғана қабылданған. Сондықтан әлемге әйгілі Оксфорд университетінің докторантурасына қабылданған алғашқы қазақ қызының бірі болу – мен үшін зор мәртебе. Ғылыми бағытымды таңдауға кіріс­­кенде, өзім зерттеп жүрген тақы­рыптармен дәл сәйкес келе­тін жұмыстарды Оксфорд универ­ситетінің ғалымдары жүргізіп жатқанын байқадым. Мен өз зерт­­теуімді жалғастыруға ең қо­лай­лы академиялық орта дәл осы жер екенін түсіндім. Соны­мен қатар Пенсильвания универ­ситетіндегі профессорларым мен жұмыс істегім келген Оксфорд профессор­ларының еңбегін жақсы білетін. Сондықтан оның салыстырмалы және халықаралық жоғары білім саласына қосқан үлесін ерекше атап, маған онымен жұ­мыс істеуді ұсынды. Оксфорд – жоғары білімді зерт­теу саласындағы әлемдік көш­басшылардың бірі. Мұнда университет жүйелерінің болаша­ғын қалыптастырып жатқан жетек­­ші ғалымдар өте көп. Осы фак­тор­лардың барлығы менің ғылы­ми әлеуетімді толық ашып, еліміздің жоғары білім саласына нақты үлес қосу үшін ең қолайлы орта Оксфорд екеніне көз жеткізді.

– Қазіргі докторантурадағы зерттеу тақырыбыңыз қандай? Оның еліміз үшін маңызы неде деп ойлайсыз?

– Оксфордтағы докторлық жұмысым бұрынғы кеңестік ел­дер­дегі университеттердің оқыту мен ғылыми ізденісті үйлестіру мәселесін қалай шешіп жатқанын зерттеуге арналған. Бұл университеттер кеңес дәуірінің күрделі академиялық дәстүрлері мен басқару модельдерін мұра етіп алған. Қазір олар халықаралық зерттеу университеттері стандартына сай болу үшін жаңа жолдар іздеп жатыр. Бірақ оқытудың сапасын жоғалтпауға тырысады. Мен осы тепе-теңдікті қалыптастыруға әсер ететін институционалдық, мәдени және тарихи факторларды, университеттер кездесетін қиындықтарды жеңу стратегия­ларын, сондай-ақ мемлекеттік сая­сат, қаржыландыру және ака­де­­миялық мәдениет сияқты сырт­қы және ішкі жағдайдың осы үдеріске қалай әсер ететінін зерт­теймін. Басты мақсат – бұрынғы кеңестік кеңістіктегі универси­теттерге оқыту мен зерттеу қызметінің арасындағы тұрақты әрі өзара толықтыратын байланыс­ты қалып­­тастыруға көмектесетін ұсы­­ныстар беру, толыққанды зерт­­теу экожүйесін құру және өңір­дегі зерттеу сапасын (research excellence) дамытуға ықпал ету.

– Оксфордтағы ғылыми орта және профессорлармен жұмыс істеудің қандай артықшылығы бар?

– Мұндағы профессорлар – әлемнің ең үздік һәм өз саласының өте білікті мамандары. Сонымен бірге олар түрлі бағытта зерттеулер жүргізеді. Олар академиялық білімнің шең­берін кеңейтумен қатар, жаңа идея мен әдістерді дамытумен айналысады. Мысалы, мен сұрақ қойған сайын, профессорлар маған тез арада тақырыпқа қа­тыс­ты ең танымал және заманауи кі­таптар мен мақалалардың тізі­мін ұсынады, бұл олардың өз сала­сын қаншалықты жақсы меңгер­генін көрсетсе керек. Бірақ профессорлар кейде талапшыл әрі қатал болуы мүмкін, бұл докторанттар үшін зерттеудің сапасына жоғары талап қойып, ғылыми жұмы­сы­мыз­дың мықты әрі сенімді болуы­на жағдай жасау мақсатында деп ой­лаймын. Сонымен қатар Окс­­форд­­тағы ғылыми орта өте қолдаушы және ынталандырушы атмосфераға ие.

– Әлемнің түкпір-түкпірінен келген ғалымдармен тәжірибе алмасу сізге не береді деп ойлайсыз?

– Қазіргі қызығушы­лығым Орталық Азиядағы, әсіресе бұ­рынғы­ кеңестік контекстегі зерт­теу уни­верситеттерінің алдында тұрған қиындықтарға арналған. Мен кеңес жүйесінің мұрасы уни­верситеттердің ғылыми зерт­теу­лердегі әлеуетіне қалай әсер ететі­нін және өңірдегі академиялық орта тұрақты дамуы үшін не істеу­ге болатынын зерттеймін. Бұл жұмыста институционалдық стра­те­гиялар, мемлекеттік саясат және халықаралық рейтингілер динамикасы басты назарда. Қазақстан мен көршілес елдердің әлемдік деңгейдегі ғылымды дамытуға қажетті жағдай жасау маңы­зын жақсы түсінемін. Сондықтан зерттеуім өңірдің жаһан­дық академиялық қауымдас­тығында лайықты мойындалады деп сенемін. Әлем­нің әр түкпірінен келген ғалым­­дар­мен тәжірибе алмасу маған әртүр­лі зерттеу тәсілі мен мәде­ниет­ті түсінуге, халықаралық акаде­­миялық ортада өз орнымды нығай­туға мүмкіндік берді. Бұл байланыс зерттеуімнің сапасын арттырып, идеялар мен әдістерді байыта түсті.

– Шетелде алған білім мен тә­жі­рибеңізді болашақта еліміз­де қалай жүзеге асыр­ғыңыз келеді?

– Иә, өзімде үлкен жауапкер­шілік бар деп сезінемін. Шетелде жүріп түрлі стереотиптерге ке­зік­тім. Мен алған білімімді Қазақ­стан мен өңірдегі басқа елдердің университеттеріне зерттеу уни­верситеттеріне айналу жолында қолдау көрсету құралы деп есептеймін. Дәстүрлі түрде көп­теген университеттің негізгі миссиясы оқыту болды. Қазіргі уа­қыт­та олардың алдында үш маңыз­ды міндет тұр: ғылыми зерт­теулер жүргізу, сапалы білім және қоғамға қызмет ету. Менің зерттеуімнің мақсаты – универ­ситеттерге зерттеу қызме­тін негізгі миссияға енгізуге, ака­де­миялық жұмыстың сапасын арттыруға және тұрақты зерттеу экожүйесін қалыптастыруға мүмкіндік беретін стратегиялар мен ұсыныс әзірлеу. Жалпы, халықаралық деңгейде зерттеу нәтижелері ғылыми қызмет пен оқыту арасындағы тепе-теңдікті сақтау мәселелерімен бетпе-бет келген жоғары оқу орындары үшін қолданылады. Бұл халықаралық академиялық ынты­мақтастықты дамытуға, зерттеу әлеуетін нығай­туға және универ­ситеттердің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға септігін тигізеді.

– Еліміз бен әлемдегі ғылым­ның даму қарқыны туралы пікіріңіз қандай?

– Меніңше, біздің елдің білім жүйесі дұрыс бағытта дамып келеді. Қазіргі уақытта студенттер жоғары деңгейде оқытылып, ағылшын тілін де жетік меңгеріп жатыр. Бұрын өзімізді әлемнің білім саласындағы көлеңкесінде тұрғандай сезінетінбіз, бірақ шындығында олай емес. Елімізде көптеген жақсы білім жобалары жүзеге асып жатыр. Сондық­тан болашағымыз жарқын деп сенемін. Жастар білім арқылы әлемді жаулап алады деп ойлаймын. Қазіргі кезде көптеген шетелдік университет елімізге қызығады. Мысалы, бірге оқитын студенттер Қазақстан мен оның білім жүйесі туралы көбірек білгісі келеді. Яғни білім беру дұрыс бағытта дамып жатыр деген сөз. Бірақ өз тарапымнан айтарым – ғылымды, әсіресе жас зерт­теу­шілерді қаржылай және акаде­миялық тұрғыда көбірек қолдау қажет деп ойлаймын.

 

Әңгімелескен –

Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН,

«Egemen Qazaqstan» 

Соңғы жаңалықтар