Фото: malim.kz
Мереке қарсаңында төтенше жағдайдың алдын алу маңызды. Сондықтан шыршаларды қауіпсіздік талабына сай орнатып, отшашуға арналған пиротехникалық құралдарды рұқсат етілген аймақта қолдану қажет.
«Шыршаларды құламайтындай етіп, дұрыстап бекіту керек. Сонымен қатар эвакуация кезінде қолданылатын шығу жолдарына орнатуға болмайды. Шырша безендіруге арналған электрлі әшекей шамдар зақымдалмаған, зауыттан шыққан болу керек», деді Ғабит Бабаев.
Сондай-ақ пиротехникалық құралдарды ашық аумақта әрі автокөлік пен ғимараттардан 50 метр қашықтықта қолдану қажет екеніне назар аударды.
«Сауда орындарынан пиротехникалық құралдарды сатып аларда мұқият болып, сыртындағы нұсқаулық бойынша қолданған дұрыс. Тұрғын үйлерден алыс ашық алаңда пайдалану керек. Балаларға беруге, желді күні қолдануға, шатыр асты мен ағаштардың қасында қолдануға тыйым салынады», деді Астана қаласы төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасы басшысының орынбасары.
Айта кетейік, бүгін Үкімет басшысы Олжас Бектенов мереке күндеріндегі қауіпсіздік шараларын пысықтап, құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысын өткізді.