Президент • 25 Желтоқсан, 2025

Жамбыл облысында 63 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Мемлекет басшысы Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барды. Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандарды аралап көріп, облыс жұртшылығымен кездесті, деп жазады Egemen.kz.

Жамбыл облысында 63 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды

Фото: atr.kz

Президент аймақта ауқымды жұмыс істеліп жатқанын және осы бағыттағы шараларды белсенді жалғастыру керек екенін айтты. 

«Мен жаңа ғана бірнеше нысанды аралап көрдім. Аймақтың даму жоспарымен таныстым. Жалпы, ауқымды жұмыс істеліп жатыр. Бірақ жұмысты белсенді түрде жалғастыру керек. Биыл облысқа 600 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылды. 63 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. 280-нен аса елді мекенге көгілдір отын жеткізілді. Үш жылдың ішінде 13 мыңға жуық оқушыға арналған 37 мектеп салынды. Сондай-ақ 41 денсаулық сақтау нысаны ашылды. Елуден астам спорт және мәдениет орталығы бой көтерді. Басқа да көптеген игі істер жасалып жатыр. Еліміз қуатты болуы үшін ең алдымен, аймақтар қуатты болуға тиіс», деді Мемлекет басшысы.

Президент өз сөзінде халық реформаның игілігін көріп, өзгерістің әсерін нақты сезініп отырғанын атап өтті. 

«Жаһандағы ахуалды көріп отырсыздар. Заман күрделі, болашақ бұлыңғыр болып барады. Соған қарамастан, еліміз бейтарап ұстаныммен байсалды сыртқы саясатын жүргізіп келеді. Бұл Қазақстанның дамуына қолайлы жағдай жасауда. Елімізде түбегейлі жаңғыртулар жүзеге асырылып жатыр. Конституциялық реформа жасалды. Жалпыхалықтық референдум арқылы Ата заңға аса маңызды түзетулер енгізілді. Парламенттің құзыреті кеңейді, Үкіметтің жауапкершілігі күшейді. Саяси партиялардың рөлі арта түсті. Конституциялық Сот құрылды. Азаматтарымыз стратегиялық маңызы бар шешімдер қабылдауға белсене араласа бастады. Бір сөзбен айтсақ, Қазақстанда бұрын-соңды болмаған тың өзгерістер жасалды. Ең бастысы, халық реформаның игілігін көріп жатыр, өзгерістің әсерін нақты сезініп отыр. Баршаңызға мәлім, мен биылғы Жолдауымда Парламенттік реформа жасауды ұсындым. Осыған байланысты көптеген ұсыныс келіп жатыр. Біз оның бәрін мұқият зерделейміз. Бастаманы халық қолдаса, бір палаталы кәсіби Парламентті жасақтаймыз. Осындай қадам мемлекетіміз үшін пайдалы және тиімді боларына күмәнім жоқ», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Соңғы жаңалықтар