Ғылым • Бүгін, 08:30

«Осмийді алған – осы кісі»

10 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаев Орталық Қазақстанның металлогендік картасын жасағанда Жезқазған өңірінде мол мыс қорынан басқа да байлық көзі жатқанына назар аударып кеткен екен. Ол – кен құрамында кездесетін сирек түсті металдар. Егер осы металдарды химиялық-өндірістік жолмен алып, оның бүгіні мен болашақтағы пайдасын, қолданылу мүмкіндіктерін бажайлап, әлемдік рынок таразысына құндап сала алсақ, ел экономикасына қыруар табыс келеді екен.

«Осмийді алған – осы кісі»

Дүниежүзі бойынша ренийдің 30 пайызы, «Осмий-187» мета­лының 99 пайызы Жезқазған жерінде. Осы деректердің мән-жайын толығырақ білу үшін ғалым, метал­лург Төлеген Нұрмағанбетұлы Бүкіровке жолықтық.

Төлеген Бүкіров – «Құрмет» орденінің иегері, техника ғылымдарының кан­ди­даты. Қазақстанның құрметті метал­лургі. Ұлттық құрылтай мүшесі. Ұлт­тық тіліміздің төрге озуы жолында бел буып күрескен қайраткер. Қалалық «Қазақ тілі» қоғамының алғашқы төрағасы. Ұлытау – Жезқазған өңірі, ғылыми орта оны осмий металын алған ғалым деп таниды. Жезқазғандықтар сырттан келген қонақтарға Төкеңді «Осмийді алған – осы кісі» деп таныстырып жатады.

– Иә, Қаныш Имантайұлы осы өңір­де өте сирек кездесетін 21 химиялық элементті атап кеткен. Солардың арасын­дағы құпиясы мол, өндіріп алу әдіс-тәсілі де күрделі металл – рений мен осмий. Жезқазған кен қорында рений, осмий сияқты бағалы металдың бар екенін алғаш анықтағандардың есімдерін құрметпен атауымыз керек. Олар – бел­гілі ғалымдар С.Калинин, Т.Кошкина, Э.Файн. Соңыра бұл бағыттағы зерттеуді Е.Аркаев, К.Жәминов, Л.Наркелюк, Е.Поплавка, М.Сәтбаева жалғастырды. Айтайын дегенім – рений де, осмий де мен тауып, мен ашқан металдар емес. Олардың табиғатта бар металл еке­нін ғылым болжап айтқан. Біз – кен құра­мында құпия күйін сақтап «жасырынып жатқан» металдарды алушымыз. Осы бір маңызды да күрделі істің басында болғанымды жоққа шығармаймын, – деді ғалым-металлург ағамыз.

Төлеген ағаның түсіндіруінен ұққа­нымыз мынау болды: рений екі изотоптан тұрады екен, атап айтсақ, «Рений-185» және «Рений-187» изотопы. Табиғи қалпында кездесетін рений­дің құрамында «Рений-185» изотопы 37,07%, ал «Рений-187» изотопы 62,93% болады. Енді назар салыңыз, «Рений-187» изотопы 75-атомнан кейін ыдырап, 76-атомында «Осмий-187» изотопын құрайды екен. Міне, Төлеген аға бастаған ғалымдар мен металлургтер осы химиялық-өнді­рістік үдерістің бел ортасында болды. «Осмий-187» металы бар деу оңай, – деді Төлеген Нұрмағанбетұлы, – ал оны кен құрамынан бөліп алып, дүние­жүзілік сараптамадан өткізіп, сапасын айқындап, оны ғылыми ортаға мойындату – қиынның қиыны».

Алматы қаласындағы Қ.Сәтбаев атын­­дағы геологиялық ғылыми-зерттеу инс­­­титутынан белгілі ғалымдардың Жез­қаз­ғанға келуі, сол ғалымдардың ор­та­­сында танымал ғалым, академик С.Кали­­ниннің болуы Төлеген Нұрма­ған­бетұлының металлургия саласын­дағы өмірін күрт өзгертті. 83 жастағы қарт ғалым өзінің осмий туралы жазған ғы­лыми-зерттеу кітабын ұсынып тұрып Төлегенге: «Жезқазған кенінің құра­мындағы сирек металдар мұндай мөл­шерде басқа жерде кездеспейді. Бұл – табиғаттың сендерге тартқан сыйы. Енді осмийдің таза металын алу технологиясын жасаңдар. Құрамында осмийі бар шикізатты жинай беріңдер», дейді.

1973–1975 жылдары Жезқазған мыс қорыту зауытында шайылған күкірт қышқылынан аммоний перренатын (рений тұзы) өндіру қолға алынды. Бұдан соң 1976 жылы сирек металдар цехы іске қосылды. Жоспарлаған ғы­лыми-өндірістік жобаларын тиісінше қаузап жатқан цех өткен ғасырдың 90-жылдарының тұралатқан қиын­дықтарына тап келеді. Тегеуріні қатты осы кезең сирек металдар цехына бі­лік­ті, талабы күшті, тар жерден жол та­уып шыға алатындай қабілетті басшы­ның келуін талап етіп тұрған болатын. Жезқазған мыс зауытының директоры 1991 жылы мамырда металлург Төлеген Бүкіровті сирек металдар цехына басшы етіп тағайындайды. Міне, металлургия саласындағы айтулы оқиғалар дүбірі осы тұстан басталды.

Төлеген Бүкіров сирек металдар цехы­­ның басшысы болған жылдары атал­ған өндіріс орны ғылыми зерттеу һәм тәжірибелік сынақ алаңына айналды. Цех басшысы ұстанған бағыт екеу болды: бірі – кен құрамынан алынатын сирек металдардың мөлшерін барынша арттыру, сапасын жақсарту, сөйтіп, тұтыну рыногының сұранысына сай келетін өнімдерді сату арқылы табыс табу, ел қор­­жынына қаражат құю, сондай-ақ метал­­лургтердің әлеуметтік жағдайын жақ­сарту, екіншісі – С.Калининнің амана­тын орындап, «Осмий-187» металын алу.

– Академик Е.Пономарева, техника ғылымдарының докторы З.Әбішева, химия ғылымдарының докторы Заго-
род­няя, техника ғылымдарының кандидаты Л.Агапова, геология институты­нан техника ғылымдарының докторы ­Э.Файн, геология-минерология ғылымда­ры­ның кандидаты М.Мадин, Қарағанды ­химия-металлургия институтынан техника ғылымдарының докторлары Т.Оралов, С.Исабаев, техника ғылымдарының кандидаты Б.Хасен біздің бастаған ісі­міздің ілгерілеуіне, түпкі нәтижеге сәтті жетуімізге зор еңбек сіңірді, – дейді Т.Бүкіров.

Сонымен іс барысы қалай өрбіді, нәтиже қандай? 1991 жылғы қазанда электродиализ қондырғысы орнатылды. Өндірістік үдеріс барысында рений қышқылын, қорғасын суригін алуға қол жеткізілді. Бұл кезде Төлеген Нұр­мағанбетұлы Жезқазған мыс заводының сирек металдар цехының басшысы болатын. Төрт жылдан соң, яғни 1995 жылғы 15 мамырда таза «Осмий-187» металы алынды.

1995 жылғы қыркүйекте Үкімет қау­лысымен «Жезқазғансирекмет» рес­публикалық мемлекеттік кәсіпорны құ­­рылды. Келесі жылдың басында сирек металл цехының бастығы болып жүр­ген Төлеген Бүкіров аталған кәсіп­­орынның атқарушы директоры болып таға­йындалады да 1996 жылғы шілде­­ден бас директордың міндетін атқа­­рушы, ал 1997 жылғы шілдеде «Жез­­қаз­ғансирекмет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры болып тағайындалды. Білімді, талапшыл, бастамашыл басшының Бас директор болып келуі кәсіпорынға соны серпіліс әкелді. Осы жылдары кәсіпорын цехтарында ренийдің таза металы, ал 1999 жылы өндіріс қалдығынан үш негізді қорғасын сульфаты және осы қалдықтың құрамындағы рений мен осмий алғаш рет алынады. Мыс концентратынан перренат аммониін өндіру көлемі 67%-ға дейін артты. Қысқасы, өндіріс көрсеткіші күтпеген деңгейге жетті.

Жоғарыда айтқанымыздай, 1995 жылғы 15 мамыр – таза «Осмий-187» ме­талының туған күні. Биыл жер қыр­тысы, кен қойнауына жасырынған осы бір құпиясы көп металдың алынғанына 30 жыл болды.

Осмий – калифорний (Cf) металы­нан кейінгі қымбат металл. Калифорний­дің 1 грамы 27 млн доллар, ал осмийдің 1 гра­мын алғашында 50–60 мың дол­лар­ға, кейінірек 120 мың долларға сатып алмақшы болғандар бар екен. Бір ғажабы, бірнеше изатопы бар осмий металының «Осмий-187» изатопы тек Жезқазғанның жер қыртысындағы кен құрамында ғана бар. Жалпы әлемдік тәжірибеде «Осмий-186» изатопынан «Осмий-187» изатопын бар болғаны 70% таза күйінде алған. Ал Жезқазған кенінен алынған «Осмий-187» изатопының сапасы – 99,9%. Т.Бүкіров басшылық ететін кәсіпорынның ғалым-зерттеушілері, металлургтері осыған қол жеткізді.

– Біз алған таза рений мен «Ос­­мий-187» металы – металлургия­ са­ла­­­сындағы жаңалық. Алын­ған «Ос­мий-187» металын үш рет Германия­ның Таунштайн деген қаласындағы Фре­зе­ниюс­ институтына апарып, сараптамадан өткіздік. Қорытындысы көңілімізді көкке көтер­ді. Изотоптық тазалығы – 99,4 пайыз, химиялық тазалығы – 99,9 пайыз болды. Бұл әріптестерім үшін де, мен үшін де зор мақтаныш болды. Ғылыми ізденісіміз мұнымен тоқтап қалған жоқ. 1997 жылы өндіріс қалдығынан тазалығы 99,99 па­йыз болатын рений металын алдық, деп ғалым-металлург Төкең өткен күндердің таңбалы оқиғаларын тебіреніп отырып айтты.

Әңгімеміздің соңында Төкең: «Менің әкем де «халық жауы» деген нақақ жаламен 10 жыл түрме азабын көріп келген. Әкемнің туысы Хасен атам да екі мәрте осындай жаламен Сібір азабын бастан кешіріп келді. Хасен атам қуғын-сүргін құрбаны Смағұл Қазыбековпен бірге бір камерада болыпты. Сол кісі Смағұл Қазыбековтің: «Мен бұл жерден тірі шықпаймын. Оған бола өкініп, уайым да жемеймін. Бар уайымым – ертең мен өлгеннен кейін келер ұрпақтың біреуі «мынаның оңбағандығынан болды» деп сұқ саусағын кезеп тұрмаса болды» деген сөзін жиі айтатын. Біз де Смағұл Қазыбековтің осы сөзін қағида етуіміз керек-ақ. Біз де кетеміз, орнымызға ақылды ұрпақ келеді. Солар: «Мына аға буын өкілдері не істеп кеткен? Жүрген жерлерінен шөп шықпайтындай етіп кетіпті ғой» деп сұқ саусағын кезеп тұрмауы керек. Ұрпақ үкімі қатты болады, соны ұмытпауымыз керек».

Қайраткер, таукен ісі саласының ардагері, ғалым, «Осмий-187» металын өндіру жобасының авторы Төлеген Бүкіровпен болған әңгімеміз осылай аяқталды.

 

Ғазиз ЕШТАНАЕВ,

Жазушылар одағының мүшесі

 

Жезқазған 

Соңғы жаңалықтар