Қоғам • Бүгін, 08:35

«Сэндвичке» тойынған ұрпақ

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шетелдік сапасыз, зиянды, «сиқыры» күшті түрлі азық-түліксымақ шекараны «бұзып-жара» кіріп жатыр. Жасық өнімдердің кеңістігімізде ерке баладай еркінсуіне тұтынушы ретінде жол беріп отырған жайымыз бар.

«Сэндвичке» тойынған ұрпақ

Ойда жоқта көшеде жолығып қалған таныс ағам «үйге кіріп, түскі ас ішіп кет», деп ілтипат көр­сетті. «Жарайды» дедім. Зәу­лім үйге кіргенімізде қарсы ал­дымыздан 13-14 жас шама­сындағы екі ұл бала шығып амандасты. Жеңгей бір туыстарының үйіне шілдеханаға кеткен екен. «Нешауа, өзіміз де түскі астың қамын жасай аламыз, тоқпеш дайын, тамақ бар, нан-пан, салат, тәтті тоңазытқышта толып тұр», деді ағамыз жайдары қалыпта.

Кең де сәулетті, не керектің бәрі бар асханада отырмыз. Есік жақтағы бұрышта дәу мұздат­қыш пен бойы екі метрдей, ені жалпақ, мес қарын тоңазытқыш дыңылдайды. Ағам екі баласына дастарқан жасауды бұйырды да: «Сендер таңертеңнен бері тамақ іштіңдер ме өзі?», деп сұрады. Екеуі де жарыса «жоқ» деді. Бұл «неге?» деп еді әлгі екеудің бірі «үйде жейтін ештеңе жоқ, жылан жалағандай, ашаршылықта да мұндай болмаған шығар...» деді жұлып алғандай. Ағамның өңі күреңітіп барып басылды. Сосын маған қарады. Көзқарасынан «міне, естідің бе, тоқшылық заман балаларының сөзін?» деген сыңай анық байқалды. Сосын ол балаларына дауысын қатайта: «Мына тоңазытқышта толып тұрған ас-ауқатты көрмедіңдер ме?» деген сауалына «Көрдік, бірақ оларды жегіміз келмейді. Тәбетіміз тартпайды» деген жауап алды балаларынан. «Иә, сен­дерге керегі кола-пола, түрлі сусын-пусын, «майонезбен» шыланған «сэндвич», «хот-дог» сияқтылар мен «чип­си», «кириешки», тағы не бар еді құдай-ау, сондайлар ғой. Соларға әбден үйреніп қалған­сың­дар. Ет жеуді, ағарған ішуді қойдыңдар түге», деді балаларын жақтырыңқырамай.

Тоқ тоңазытқыштың ішінен ас-ауқаттың, салаттың, тәттінің неше атасы «ақтарылып» түсті. Дас­тарқан жайнап кетті. Қайсы­сын жеріңді білмейсің. Әсіресе қойдың тоңазыған майлы еті, жал-жая, буы бұрқырап тостаққа құйылып келген нарын қандай дәмді десеңізші, тіл үйіреді.

Ағам алғашқыдай емес пәс көңілде отыр. Үйде тамақтың неше түрі болса да ұлдарының «түк жоқ» дегеніне налып, құнар­лы асқа емес, жасық, пайдасынан зияны басым, дайындалуы күмән­ді түрлі кәкір-шүкірге құ­мар, тәуелді қылып қойған мына за­манның беталысын ой елегіне өт­кізіп отырғанын анық сездім.

Екі бала да жарытып ештеңе жемеді. Әрнені түрткіштеген бол­ды да әкесінен рұқсат сұрап, «әумин» деп орындарынан тұрып кетті.

Түскі астан кейін аулаға шық­тық. Екі бала көлеңкеде отыр екен. Қолдарында бір-бірден білектей «сэндвич», бұралақ­татып соғып отыр. «Иә-әә, бә­ріне шешесі екеуміз кінәліміз, бұларды әлгі нәрсіз кірме ас-судан тыя алмаған, соларға үйірсек етіп қойған», деді ағам күрсіне...

Мен өз жөніммен кеттім, жолай әлгі көрініс түрлі ойға жетеледі.

Тамақсымақ, зиянды, бірақ қандай сиқыры барын, құлқынды дәмімен құлдық ұрғызып қойған тәбет алдар, ағза былғар дүниелер толып кетті. Жұртты өзіне иілді­ріп қойған. Не істейсің? Жар­намасы жаналқымнан ал­ған, алдамшы дәмі мен сырт­қы көрінісімен баураған айнала толы ассымақтардың шеңгелі­нен қалай құтыламыз? Құнды дүниелеріміз шетелден енген ар­занқол өнімдерге жол беріп, кейінге ысырылып қала бере ме? Қанымызға сіңген, қазақ­тың дәм сезу мүшесі ғана құмар­та қабылдайтын ұлттық тағамда­рымыздан жерініп бара жатқандаймыз ба, қалай?

Қымыз дәмі де бір бөлігімізге жат болып барады. Қымыз ішу­ді құп көрмейтін, дәмінен тыжы­рынатын, есесіне түрлі құтыда­ғы у­­лы сусындарға ден қойған жас­тарымыздың көбеюі де ұлттық кодымыздан алыстатпай қоймас, сірә.

Дәм тұщыну, дәм сезіну тұр­ғы­сындағы ұлттық кодымыз­ды, жадымызды жойып алмау ұлттың болашағын, денсау­лығын ойлау, халықтық төл қасиет­терімізді сақтау ісі екенін айтқымыз келеді. Бүгінгі ұрпақ дәм сезуде, ас тұщынуда қазақ­қа ғана тән түйсіктен ажырап қалмауға тиіс. Сондықтан халқы­мызды мейлінше құнарлы, пайда­лы азықпен қоректендіру, оларды қолжетімді ету жағын да ойлауымыз керек-ақ.