Қоғам • Кеше

Министр: Қазақстан үшін КТК-ға балама бағыт жоқ

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Каспий құбыр консорциумына (КТК) жасалған шабуылдардан кейін Қазақстан тағы да таныс дилеммамен бетпе-бет келді. Негізгі экспорттық магистраль істен шыққан жағдайда мұнайды қай бағытқа жөнелтуге болатыны мәселе тудырып отыр. Бұл ретте басқа бағыттар мұнай тасымалының қажетті көлемін қамтамасыз ете алмайтыны белгілі. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов КТК-ға толыққанды балама жоқ екенін, ал өзге бағыттар тек жүктің белгілі бір бөлігін ғана тасымалдай алатынын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz

Министр: Қазақстан үшін КТК-ға балама бағыт жоқ

Фото: Ашық дереккөз

KAZENERGY қауымдастығы кеңесінің 44-отырысы аясында жағдайға түсініктеме берген министр КТК көлемінің тым ауқымды екенін, сондықтан қолданыстағы маршруттардың оны толық алмастыра алмайтынын ерекше атап өтті.

«Бүгінгі таңда КТК-ның баламасы жоқ, мұны мойындауымыз қажет. Оның өткізу қабілеті – 65 млн тонна. Бұл көлемді басқа бағыттар қамтамасыз ете алмайды», деді Ерлан Ақкенженов.

Министр балама ретінде жұмыс істей алатын «Баку-Тбилиси-Джейхан» бағытын атады. Сондай-ақ «Атырау-Самара» бағыты арқылы Қара теңіз бен Балтық теңізі порттарына жеткізуге болады. Алайда ол КТК-дағы зақымданған жабдықты қалпына келтірілгенге дейін нақты қанша көлемді қайта бағыттауға болатынын нақтылаған жоқ.

Кеңесте соңғы шабуылдардан кейін инфрақұрылым қауіпсіздігі мәселесі көтерілді. Ерлан Ақкенженов ведомство саяси баға беруден әдейі тартынатынын, мұндай түсініктемелерді сыртқы саясат органдарынан алу қажеттігін айтты.

«Мұндай түсіндірме алу үшін сыртқы саяси ведомствоға жүгіну қажет», деді ол.

Сонымен қатар министр консорциум шарттарында жауапкершілік шекаралары нақты көрсетілгенін еске салды.

«Құбыр қай елдің аумағы арқылы өтсе, сол ел оның қауіпсіздігіне жауап береді. Өзге елдерге қатысты мен пікір айта алмаймын», деді ол.

Еске сала кетейік, 2025 жылғы 29 қарашада, Астана уақытымен 06:00-де Новороссийск қаласында орналасқан порт ауданындағы теңіз инфрақұрылымына ұшқышсыз құрылғылар шабуылдаған. Салдарынан айлақтағы  АТҚ-2 қондырғысы істен шығып қалды. Агрегат толық жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанға дейін істен шығарылды. 

Сонымен қатар күні кеше Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Қазақстан Каспий құбыр консорциумына (КТК) жасалған шабуылдарды Украина тарапымен талқылаған еді.