Зейнет жасында демесеңіз, нағыз саламатты өмір салтын берік ұстанған ақсақал. Ауылдастары «Терминатор», «Темір адам» деп атап кеткен. Қажымұқанның ізін қалай жалғастырып келеді дейсіз ғой?
68 жастағы Алшынбай ақсақал йоганы еркін меңгерген. Арматураны оңай майыстырып, 16 килолық кір тасын шынашақ саусағымен көтереді. Спортпен шұғылданғанына 30 жылдай уақыт болыпты. Бүгінгі таңда қыр-сырын әбден терең зерделеп алған. Өйткені түрлі қауіпті амалға барады. Алғашқыда тақтайды сындыра бастаған кейіпкеріміз кейіннен қызыл кірпішті бір ұрып, үгітуге көшкен. Сондай-ақ арматураны білегіне иіп оңай орайды. Ол аз десеңіз, шынымен де түрлі трюк істейді. Тіпті бірнеше адам әзер көтеретін ауыр тасты зейнеткер кеудесі мен ішіне қойып, оны қасындағыларға балғамен ұрып, сындыртады. Әрине, оның өзіндік әдіс-айласы бар. Ақсақалдың айтуынша, мұның құпиясы тыныс алуды бақылауда екен.
«Соққының алдында дененің өзі тас сияқты қатты болуы керек. Мысалы, бірдеңені ұрмас бұрын, сіз жұдырығыңызды қысасыз. Сол сияқты күшті бойға жинау керек. Бұл да тәжірибемен келеді», дейді.
Ауыл халқының ақсақалға деген құрметі ерекше. Өнерін түрлі мерекелік іс-шараларда, әсіресе Наурыз мейрамында көрсетеді ауылдастарына. Спортқа ден қоймас бұрын кеудесі мен аяқ-қолында қатты ауырсыну болыпты. Күнделікті қалыпты ұйқыдан да қалыпты. Содан бұл сырқаттың алдын алып, саламатты өмір салтын ұстануды қолға алады.
Бір қызығы, Алшынбай Мұқышевты мұндай балуандыққа ешкім жаттықтырмаған. Теледидардан да, интернеттен де үйренбеген. Осындай қадамға баруына бағыт берген – күш атасы Қажымұқанның кітабы.
«Теңдесі жоқ балуан Қажымұқан атамыз сиырға дейін еркін көтерген. Кеудесіне тас сындырып, көлік сүйрегенін де жақсы білеміз. Нағыз күш атасы. Соның ас-тойдағы халыққа көрсеткен батырлығын, күшін естіп өстік бала кезімізден. Қызығушылығым бар-тұғын. Бірақ толық мойын бұра алмай жүрдім. Кейіннен жасым қырыққа жуықтап қалғанда бойымнан сырқат сезіле бастады. Қол-аяғым, кеуде тұсым сыздап, сырқырай бастады. Содан мұнан айығудың бірден-бір жолы шынығып, шымыр болу екенін ұғындым. Міне, содан бері отыз жылға жуықтады. Күнделікті ас ішетін секілді бір мезгіл қажеттілігіме айналып үлгерді. Аллаға шүкір деймін. Өзімді сергек ұстап, жеңіл сезінемін», дейді Алшынбай ақсақалдың өзі.
– Әкем Балуан Шолақ, Қажымұқан, Иманжүсіп секілді балуандар туралы көп оқиды. «Солардың көзсіз батырлықтарын қайталаймын» дейді. Бір жағынан жастарға үлгі болғысы келеді. Елге көп көріне бергенді ұнатпайды, суретке түскісі де келмейді», дейді зейнеткердің ұлы Шәкен Әбжанов.
Иә, Алшынбай ақсақалдың қалыбы бұл. Аса қатты ел көзіне жарқырай түскенді жақтыра қоймайды. Содан да болар, Қарағандыда күш иесінің барын кеш естуіміз. Қысқасы, ақжалдық «Терминаторға» темірдей денсаулық тілейміз.
Қарағанды облысы,
Шет ауданы,
Ақжал кенті