Білім • Бүгін, 08:25

Абай – асыл арқау

60 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Дана Абай жөнінде жазылды, көп айтылды. Ғұламаның елдік шаралары да дүркіреп өтті. Абайтану ұлттанудың өзегіне айналды. Осы ретте қоғам жаңғырған тұста хакім Абайдың ағартушылығы мен зиялылығын жіті және жүйелі зерделей түсуіміз қажет.

Абай – асыл арқау

Ағартушылық ақиқаты 

Қазір «зиялы» ұғы­мы­ның анықтамасы күр­де­ленді. Шы­нында «зиялы» деген кім? Жалпы, бұл сұраққа «ізетті, мәдениетті, оқы­ған, сауатты адам» деп бірауыз сөзбен ғана жауап бере салуға болар еді, бірақ қазіргі білім, ақпарат ғасырында көпшіліктің көзі ашық. Демек, «зиялы» дегеніміз – оқыған-тоқығаны мол азамат қана емес, елдің болашағы үшін егіліп, жұрттың келешегі үшін жегіліп қызмет істеу деген сөз. Кешегі Алаш зиялылары соның айқын мысалы бола алады. Олар ұлттың ертеңі үшін қара басынан, ел ісін, мүддесін жоғары қойған біртуарлар ғой. Абайды пір тұтқан алаш зиялылары ұстазының «мыңмен жалғыз алысқан» ізін жалғастырып, кейінгі буынға бағдарлы шам­шырақ бола алды.

Зиялы қауым халықты ағарту бағытында жанкештілікпен жұмыс істейді. Ал қазір ағарту­шылықты неге діни догмамен салыстырамыз, неге Еуропа секілді қоғамдық-саяси немесе идеялық ағым ретінде қарауымыз керек?

Абайдың ағартушылығы – ұлттың бай мұрасынан, кең байтақ даласынан, ұлттық өнері мен мәдениетінен, халық ауыз әдебиетінен нәр алған, әжесінен, ата-анасынан сіңген табиғи болмыспен біте қайнасқан алтын арқау екенін түсінуіміз керек. Халқының шешендік өнерін, сөз құдіретін меңгерген ақын әр ойымен жүрек көзін ашуға жұмылды.

Ойшылдың пікірінше, халық­ты ағарту – жастарды ізгілікке, адамгершілікке үйрету, санада рухани сілкініс тудыратын ойлы құндылыққа жетелеу. Абай жастарды адамгершілік игі қасиеттерге баулу үшін аға буын­да ұстаздық шеберлік болуын талап етті. Бұл ойын «Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуден бала­ға», деп тұжырымдады.

Абайдың «Толық адам» ілімі осындай арманмен астасып жатыр. Мемлекет басшысының «Адал азамат» тұжырымы осы ілім­мен үйлеседі. Қасым-Жо­март Кемелұлы халыққа Жол­дауын­да: «Ұлттың жаңа сапасын қа­лыптастыру еліміз үшін айрық­ша маңызды. Әрбір азаматы­мыз, әсіресе, жастар ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажет. Оның бәрі бірігіп, бір­тұтас қоғамдық қасиетке айнала­ды. Әркім отаншыл, білім­паз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр бол­са, алынбайтын асу жоқ. Абай­дың «Толық адам» ілімінен бастау алатын «Адал азамат» тұжы­рым­дамасының түпкі мәні – осы» деуі сондықтан. Адал азамат ұғымының Әділетті Қазақстан­ның басты құндылығы ретінде қарастырылғаны аса маңызды. Өйткені адалдық жоқ жерде ешқашан әділдік орнамайды. Мемлекет басшысының елдің әрбір азаматын осы қасиетті парызға адал болуға шақыруы – бабалар аманатына адалдықпен байланыста екенін аңғарамыз.

Президенттің айтуынша, қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру. Қазақ зиялыларының бүгінгі боры­шы – ұлт болмысының жаңа қа­ғидаттарын орнықтыру. Сондай-ақ ­­­ұлт сапасын артты­руға атсалысу. Яғни Абайдың «Толық адам» ілімімен қаруланған азамат жат әдеттен арылып, «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауап­ты адам» жүйесінде өз орнын табады.

 

Университет ұстанымы

Абайдың есімін халықты ағарту миссиясымен байланыс­тырған қазақтың тұңғыш жоғары оқу орны өз ұстанымына берік. Елімізде ұлы хакімнің атын алған сансыз мекеме, сондай-ақ облыс, аудан, кент, ауыл бар. Ал біздің тұңғыш университетке Абайдың есімі күрделі де жауапты 1935 жылы берілуі кездейсоқ емес. Оның астарында Алаш арманы тұр. Елімізде университет көп, Абай университеті – алғашқы. Біз тұлға тәрбиелеуге жауапты ұстаз қалыптастырамыз.

Әлем үшін Абай – рухани биіктік пен адамгершіліктің асқа­ралы үлгісі. Оның асыл мұрасы – бүгінгі ұрпақ үшін сарқылмас қазына. Мұраты – тұтас ұлтты биік мақсатқа жетелейді. Ұлы ақынның атын иелену – әрбір мекеме үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Сондықтан Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Абайдың есімімен аталуы – тек бір оқу орнының ғана емес, бүкіл елдің ағартушылық жолындағы тарихи белесі.

Абай университеті – ұлы ақынның ағартушылық жолын жалғастырушы білім ордасы. Сондықтан, есімінің рәміздік мағынасы терең.

Ғұлама Абай «Білімдіден шық­қан сөз, Талаптыға болсын кез» деп, ғылым мен білімді биікке көтерді. Ол – ақын ғана емес, қоғамға өзгеріс әкелуді мақсат еткен ірі ойшыл, реформатор. Абайдың арманы – қазақ халқының сауатты, өркениетті әрі әділетті елге айналуы еді. Сол арман бүгінгі күні университетте жаңғырып, жаңа сапаға қызмет етіп жатыр.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің негізі ресми 1928 жылы қаланды деп жазылғанымен, оның іргета­сы Алаштың Ташкент кезеңінен бас­талатынын тарихшылар жақ­­сы біледі. Бір қызығы, ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының 50 жылдығына Түркістан Респуб­ли­­касын­дағы тарихи бас­тау ордамызда аталып өтті. Ақаң кейін Ал­ма­тыдағы оқу орнымызда са­бақ берді.

Бүгінде Абай университеті – еліміздің ғана емес, бүкіл Орталық Азияның көшбасшы педагогикалық жоғары оқу орны. Мұнда әлемдік стандарттарға сай білім беріліп, заманауи технологиялар мен ұлттық дәстүр ұштасқан.

Оқу орнымыз таяуда «QS Asia WUR – 2026» халықаралық рейтингінде мәртебелі 138-орынды иеленіп, Азияның ең үздік 150 жоғары оқу орнының қатарына енді. Осылайша университет әлемнің үздік 650 жоғары оқу орнының қатарында еліміздің алдыңғы қатарлы үздік 4 универ­ситетінің бірі ретінде өз орнын нығайтты. Сондай-ақ біз «QS Stars» халықаралық рейтингтік жүйесі бойынша «Бес жұлдыз» үздік белгісіне ие болдық.

Сеул қаласында өткен Азияда­ғы жоғары білім ордалары үшін аса әлеуетті «QS Higher Ed Summit: Asia Pacific – 2025» үшкүндік саммитінде берілген «5 Stars» үздік басымдығы Қазақстан жоғары мектебіне зор серпіліс әкеледі деп сенеміз. Алаш қайраткерлері негізін қалаған Абай университеті бұл жетістікпен тоқтап қалмайды.

Абай атындағы ҚазҰПУ – осын­да қызмет істеп, дәріс берген Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы, Смағұл Сәдуақасұлы, Ораз Жандосов, Санжар Асфендияров, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Қабылов, Бәймен Алманов, Темірбек Жүргенов сынды қайраткерлерді ұмыт­пайды. Олар қазақ ғылымы мен мәдениетінің алтын қорын қалып­тастырды. Олардың мұра­сы – бүгін­гі жастарға үлгі, ал университет – сол рухани жалғастықтың ай­ғағы.

Бұл оқу орны – ұлттық идея­лардың, тарихи жадтың, мәдени кодтың сақтаушысы. Абайдың атымен аталатын білім ордасы – ұлттың жүрегі, халықтың үні. Мұнда білім алған түлектер ең бірінші ауылда да, қалада да елдің болашағына жарқын жол ашатын мұғалімге айналады.

 

Даналық дәні және ЖИ

Заман алмасқан сайын адам­зат жаңалыққа қарай ұмтыла­ды. Әр дәуірдің өзгерісі мен жаңа­шылдығы бар. Дана Абай «Ғылым таппай мақтанба» деп, халықтың білімге деген оң көз­қа­ра­сын қалыптастырды. «Пайда ойлама, ар ойла, Та­лап қыл артық білуге» деп білімдінің болашағы жарқын екенін жеткізді. Бүгін де бұл тұжырымдар өзек­ті­лі­гін жойған жоқ.

Баланы оқыту, білім-ғылым, өнер үйрету – Абай шығар­машылығының өзегі. Оқу-ағарту ісіне айрықша көңіл бөлген ойшыл, баланың бойындағы «білсем, көрсем» деген жан құмарын табуды қара сөзінде: «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықпен орны болмайды» деп, әрбір адамның білімге ұмтылуын аманаттады.

«Қазір әлем күн сайын емес, сағат сайын өзгеруде. Барлық салада жаңа міндеттер мен тың талаптар қойылуда. Ғылымдағы жаңалықтар адамды алға жете­лейді. Ақыл-оймен ғана озатын кезең келді» деп жазады Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында. Қай заманда да ғылым-білім адамды алға жетелеп, қоғамды дамытудың үлгісі болып келеді. Жасанды интеллект – ғылымның жемісі. Сондықтан жаһандық үдеріске жаңаша көзқараспен қарап, заманауи білім беру ісі ілгері дамуы керек.

Абай университетінде аталған бағытта біршама жұмыс атқа­рыл­ды. Университетте «Abai digital» жасанды интеллект платформасы құрылып, қолданысқа енгізілді. Әрбір білім алушы электронды жеке парақшасында білім бағдарламаларына қажетті ЖИ ұсынған шетелдік басылымдар мен оқу құралдарына қол жеткізе алады. Жүйеде көрсетілген кітап­тармен қысқаша танысып, қажет болса толықтай оқуға мүмкіндігі бар.

«Терең ой, терең ғылым ізде­мейді, Өтірік пен өсекті жүндей сабап» деп Абай қоғамның кейбір жадағай әдеттерін сынға алады. Яғни әркез жаңашылдыққа бет бұрып, ғылым игеріп, білімді тереңдетуді насихат­­­тайды. Бұл мақсатта ЖИ іздену­ші әрбір адамға пайдалы бол­мақ. Осы бағытта жақында Абай университетінде жасанды интеллектіге негізделген Smart аудитория ашылды. Мұнда студенттер автоматты түрде гүлдерді суара­тын құрылғы, пластикалық бөтел­келерді қайта өңдеуге арналған PETamentor, жасанды интеллектке сүйенген «Ijauap» роботтары сияқты жобалармен жұмыс істейді. Бұл тек да­йын өнімді көру ғана емес, өз идеяларын ұсынып, тәжірибе жүзінде сынап, нәтижесін көруге мүмкіндік береді. Яғни жаңа аудитория студенттерді инновациялық ойлауға, зерттеуге және нақты нәтижеге қол жеткізуге баулиды.

Қарашаңырақта «Abai Labs» ғылыми-инновациялық паркі белсенді жұмыс істейді. Оның құрамына 9 зертхана мен 4 ғылыми орталық кіреді. Бұл құрылымдар жаратылыстану, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар салаларындағы ғылыми зерттеу және тәжірибелік жұмыстарды жүзеге асырады. Биыл «Abai Labs» ғылыми-инновациялық паркінің құрылымы жаңа ғылыми орталықтармен толықты. Жаңа ашылған «Білім берудегі VR/AR технологиялары» ғылыми зертханасы білім беру үдерісін цифрландыру мен виртуалды оқыту кеңістігін дамытуға бағытталса, «Шығыс қолжазбалар мұрасы» халықаралық деректану орталығы түркі және шығыс мәдени мұраларын зерттеу мен цифрландыру ісімен айналысады. Ал «Мемлекеттік-құқықтық зерттеулер» ғылыми орталығы – заманауи құқықтық реформалар мен мемлекеттік басқару жүйесін ғылыми тұрғыдан зерделеуге арналған.

Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрлігі жүр­гізген «Автоматтандыру, робот­техника және ЖИ-дің еңбек нарығына әсері» атты зерттеу бойынша 423 кәсіп түрі қаралған. Яғни 423 кәсіп салаларында мамандар қысқартуға немесе жаңа технологиялық біліктілігіне сәйкес іріктеуге ұшырайды. Зерттеу нәтижесінде жұмысшылар міндеттерінің шамамен 29% автоматтандырылуы, ал 13%-ы генеративті ЖИ арқылы атқарылуы мүмкін. Бұл ретте педагогикалық мамандар даярлайтын қара шаңырақ Абай университеті болашақта жасанды интелектімен қарулан­ған, сұранысқа ие маманды дайын­дауға жұмыс істеп жатыр. Мәселен, орта мектеп сабақ­тарында ЖИ-ді қолдану жобасына сәйкес нұсқаулық даярланды.

Педагогика саласында ЖИ-ді қолдану білім беру сапасын арттырумен қатар, мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынастың жаңа дең­гейін қалыптастырады.

Біріншіден, ЖИ негізіндегі платформалар оқушының жеке қабілеттеріне сәйкес оқу материалдарын ұсынады. Бұл білім алушының оқу қарқынын, әлсіз және күшті жақтарын ескеруге көмектеседі. Яғни, әрбір оқушының білімін жетілдіруге, тұлғалық қабілетін дамытуға ықпалы мол десек артық емес. Сонымен қатар қала мен ауыл мектептерінің айырмашылығын жоюға, бәріне бірдей білім беруге жағдай жасайды.

Екіншіден, автоматтанды­рылған бағалау жүйелері тест нәти­желерін талдап, мұғалімге оқу­шының үлгерімі туралы нақ­ты талдауға көмектеседі. Бұл мұғалімге уақыт үнемдеуге және оқыту стратегиясын дер кезін­де өзгертуге мүмкіндік береді. Демек, оқу жоспарын жақсар­туға, оқытудың әдіс-тәсілдерін өзгертуге болады. Мұғалімнің білім беру әдістемесін әрдайым түрлендіріп, дамытып, білікті­лігін арттырады.

Үшіншіден, ЖИ негізіндегі көмекшілер ізденушінің сұрақта­рына тәулік бойы жауап беріп, кеңес бере алады. Мысалы, университеттік ақпараттық жүйе­лерде қолданылатын боттар студенттердің оқу кестесі, бағалары және пәндер туралы сауалдарына жауап береді. Жасанды интеллект мұғалімнің жұмысын ешқашан алмастыра алмайды, керісінше оны толық­тырады. Педагогикалық шешім қабылдауда, оқу материалдарын талдауда мұғалімге көмекші құрал ретінде қызмет етеді.

Жасанды интеллект педагогика саласын түбегейлі өзгер­ту­ге қауқарлы. Білім сапасын арттыруға, педагогтердің кәсіби қызметін оңтайландыруға тиімді құрал. Дегенмен, ЖИ технологияларын енгізуде этикалық, әдістемелік мәселелерді ескеру маңызды. Болашақта жасанды интеллект білім жүйесінің жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашады. Сондықтан Абай атындағы ҚазҰПУ студенттері заманауи білім беру ісін меңгерген, жасанды интеллект жүйесін табысты қолдануды игерген маман болуы маңызды. Ұлы Абайдың өсиеттерін негізге алып, жаңа жасанды интеллект дәуірінде де білім берудің тың жолдарын білуге тиіс.

Студент жастармен жас ғалым­дарды Әділетті Қазақстан тұлғасы етіп қалыптастыруда Абай университеті дәстүр тағы­лы­мы мен жасампаздықты тең ұстайды. Даналық дәні – жас­­тар­дың азаматтық жетілуінің негізгі бағыты. Абай ілімі оқу-тәрбие жүйесіне табиғи енгізіліп, студенттер мен магистранттарды адамгершілік, еңбекқорлық, әділдік, ізгілік арнасына бұрады. Ақын мұрасын талдап-талқылайтын, насихаттайтын іс-шаралар жиі өтеді. Бұл жастардың ұлттық сана-сезімін оятып, отаншылдық рухын күшейтеді. Абайдың аты, мұрасы, өсиеті оқу орнына үлкен жауапкершілік жүктейді, ал жас­тар да мұны терең сезінеді.

 

Болат ТІЛЕП,

Абай атындағы ҚазҰПУ басқарма төрағасы-ректоры