Аймақтар • Бүгін, 09:40

Оралда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған заманауи спорт кешені ашылды

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында салынған инклюзивті спорт кешенінің ашылуына Freedom Holding Corp компаниясы қолдау көрсеткен. Жаңа ғимараттың ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев пен Freedom Holding Corp компаниясының басшысы Тимур Турлов қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Оралда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған заманауи спорт кешені ашылды

Оралдағы жаңа ғимараттың жалпы аумағы – 2 025 шаршы метр. Кешен параолимпиялық және сурдолимпиялық спорт түрлерімен айналысуға толықтай бейімделген. Мұнда волейбол, баскетбол, голбол, пауэрлифтинг, бочча, бадминтон, садақ ату, дзюдо, грек-рим күресі, еркін күрес, үстел теннисі секілді спорт түрлері бойынша жаттығу жасауға мүмкіндік бар. Құрылысына шамамен 820 млн теңге қаражат кеткен кешеннің жалпы сыйымдылығы – 200 адам.

-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде: «Кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі де, жергілікті қауымдастықтармен ұзақ мерзімге арналған серіктестік қатынас орнатуға деген құлшынысы да зор. Бұл – қуанарлық жағдай. Мемлекет пен бизнестің ықпалдастығы арқылы көптеген әлеуметтік мәселе шешімін тауып жатыр»,  деп атап өткен еді. Біздің бүгінгі жаңа спорт нысанының ашылуы да Президент сөзінің жарқын көрінісі, айқын дәлелінің бірі дер едім. Бұл нысан – инклюзивті қоғам құруға бағытталған нақты қадам, мемлекетіміздің әлеуметтік жауапкершілігінің жемісі, - деді Нариман Төреғалиев әлеуметтік бастаманың маңыздылығына тоқталып.

мүгедек

Өңір басшысының айтуынша, соңғы екі жылда облыста 12 спорт нысаны пайдалануға берілген, ал биыл тағы 9 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Соның бесеуі жыл соңына дейін ел игілігіне тапсырылмақ.

«Бұл нысан – біздің елге деген жанашырлығымыздың белгісі. Кешен мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірге деген құлшынысын арттырып, жаңа белестерге жетуіне дем береді деп сенеміз»,  деді осы жиынға арнайы келген Тимур Турлов.

Жаңа кешеннің базасында «Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубы» жұмыс істейді. Бүгінде аталған клубта спорттың 20 түрінен 250-ге жуық спортшы жаттығып жүр екен. «Олардың 74-і ұлттық құраманың қатарында» дейді клуб басшысы Қайырбек Оңдағанов.

2016 жылы ашылған бұл клуб осы кезге дейін тұрғын үйдің астыңғы қабатында жұмыс істеп келген еді. Енді кең әрі қолайлы жеке ғимарат берілген соң өңірде паралимпиадалық және сурдолимпиадалық спорттың дамуына үлкен серпін боларына сенеміз дейді спортшылар.