Бұл іс-шара «Жаңа асу» байқауы аясында жүзеге асып жатқан «Танымал шетелдік музыкалық шығармалар мәдениетінің қазақ тілінде жаңғыруы: ән мен тіл тоғысы» жобасымен жүзеге асты.
Әлемге танымал 100 әннің қазақ тіліндегі жаңа нұсқалары алғаш рет ұсынылды. Айта кетейік, жоба жетекшісі – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультетінің деканы, «Топжарған» ақындар клубының жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты Серікзат Дүйсенғазы.
Кеш барысында «My Heart Will Go On», «Bailando», Майкл Джексонның You’re Not Alone, В.Меладзенің «Красиво», Ю.Антоновтың «Мечты сбываются», «Крыша дома твоего», «Шери-Шери леди», «Хутарянка», DABRO тобының «Юность», One Direction тобының «Night Changes», сондай-ақ тағы сол секілді кеңінен танымал хиттердің қазақ тіліндегі жаңа нұсқалары орындалды. Ән мәтіндерін «Топжарған» ақындар клубының мүшелері аударған. Жобаның идея авторы – ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов.
«Бұл жоба – аударма өнері мен заманауи музыканы үйлестіре отырып, әлемдік хиттердің қазақ тіліндегі сапалы нұсқаларын жасауға бағытталған шығармашылық еңбек. Жобаға қатысушылар шетел әндерінің мәтіндерін бейімдеп, олардың көркемдік, ырғақтық және мағыналық ерекшеліктерін қазақ тілінде жеткізуге күш салды», деп атап өтті жоба жетекшісі Серікзат Дүйсенғазы.
Кеш соңында ЕҰУ омбудсмені, медицина ғылымдарының докторы, профессор Нэля Шәпекова көрермендер атынан сөз алып, «Топжарған» ақындар клубына тоғызқұмалақ тақтасын тарту етті.
«Ұлттық өнерімізбен қоса, ұлттық ойындарымыз да дами берсін. Бүгін сонау 80-жылдардағы студенттік күніміз еске түсті, бұл кештің де рухы сол – бірге болу, бір-бірімізді қолдау, музыка арқылы бірігу. Бүгін сондай керемет, қазақша караоке кеш болды», деді ғалым.
Елордалық өнерсүйер қауымға ерекше әсер қалдырған бұл кеш қазақ тілінің мүмкіндігін, аударма өнерінің қуатын және музыка мен тілдің табиғи үйлесімін тағы бір мәрте дәлелдеді.