Мәселе • Бүгін, 08:30

Ойын автоматтары опық жегізбей ме?

10 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазір құмар ойындарға тәуелділер көбейіп барады. Мемлекет тарапынан бұл жат үрдісті тежеу бағытында кешенді іс-шаралар қолға алынғанымен, түйткілдің түйіні әлі тарқатыла қойған жоқ. Әсіресе балалар мен жасөспірімдердің санасын улайтын «Кран», «Ұстап ал – Хватай-ка» секілді ойын автоматтарының білім беру, спорт және дамыту орталықтарының, сондай-ақ халық көп шоғырланатын әлеуметтік нысандар мен сауда үйлерінің ішінде еш кедергісіз орналастырылуы үлкен алаңдаушылық туғызып отыр. Бұл мәселеге Сенат депутаттары назар аударып, Үкіметке сауал жолдады.

Ойын автоматтары опық жегізбей ме?

Сурет: massaget.kz

Лудоманияның өскелең ұрпаққа зор зиян келтіретінін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше қайтара көтерді. Президент онлайн-құмар ойын­дар балалардың күнделікті өміріне еніп, жасөспірімдердің психикасына әсер ететін жасырын тетіктерді жою қажеттігін айтып, Үкіметке тапсырма да берді. Кейінгі жылдары Парламент пен мемлекеттік органдар лудоманияға қарсы бірқатар шара қабылдап, онлайн-бәске бақылауды күшейтті, ойын бизнесі нысандарына талаптарды қатайтты, оларға кәмелетке толмаған жасөспірімдердің қолжетімділігін шектеді, лицензиялау тетіктерін енгізді. Алайда осыған қарамастан «Кран» немесе «Ұстап ал – Хватай-ка» ойын автоматтары қол­жетімді болып, балалардың қызығу­шылығын арттырып отыр.

«Балалар мен жасөспірімдер мектеп асханасына, жолақыға немесе күнделікті қажеттіліктерге арналған ақшасын осы автоматтарға жиі жұмсайтыны туралы ата-аналар мен ұстаздардан көптеген шағым түсіп жатыр. Бұл отбасылық жанжалдарға, материалдық шығындарға, балалардың бірін-бірі бопсалауға әкеледі. «Ойын бизнесі тура­лы» заңға сәйкес мұндай аппараттар ақшалай ұтыс қарастырылмағандықтан, құмар ойындары санатына жатпайды. Заңда ойын автоматы ұтысы кездейсоқ айқындалатын ойындарды өткізуге арналған құрылғы ретінде анықталған. Бірақ тәжірибеде «Хватай-ка» аппараты балаларға арналған ойын автоматы ретінде қаралады. Себебі онда берілетін сый – ойыншық, ал ұтыс формалды түрде ойыншының епті­лі­гі­не тәуелді», дейді сенатор Геннадий Шиповских.

Депутаттың айтуынша, «Тұтынушы­лар­дың құқықтарын қорғау туралы» заң осы автоматтардың жұмыс механикасы, ұтыс ықтималдығының алгоритмі, жас шектеулері немесе орналастыру талаптарына қатысты нормаларды қам­ты­май­ды. Санитарлық нормалар, сауда ережелері, техникалық регламенттері мен басқа да талаптар белгіленбеген. Авто­маттардағы ойыншықтардың сапасы да алаңдаушылық тудырады. Бүгінде олардың қауіпсіздігін, шыққан жерін немесе балаларға арналған санитарлық талаптарға сәйкестігін тек­серу­дің міндет­ті тетігі жоқ.

«Операторлар ойыншықтардың адам денсаулығына қауіпсіз материалдардан жасалғанына, уытты боя­ғыш­тар мен қауіпті бөлшектердің жоқ­ты­ғына қатысты сертификаттарды ұсын­бай­ды. Мәселен, «Кран» автоматтары ден­сау­лыққа мінез-құлық тәуекелі жоғары болуына қарамастан, ойын бизнесін реттеу, техникалық қадағалау немесе балалар арасындағы аддиктивтік мінез-құлықтың алдын-алу механизмдері бірде-бір құқықтық-нормативтік актіде реттелмеген. Мұндай автоматтар лицензиялауды талап етпейді және олар­­дың қызметін еліміздегі Туризм және спорт министрлігі, Сауда және интеграция министрлігі, жергілікті атқарушы және басқа мемлекеттік органдар бақы­ла­май­ды», дейді сенатор.

Сонымен қатар бұл ойын қызметінің салықтық есебі де жүргізілмейді, фискализация талап етілмейді, нақты қаржы айналымы көрінбейді, ашықтық пен толық есеп жүйесі жоқ. Бұл табыстарды жасыруға және қолма-қол қаражаттың бақылаусыз болуына жол ашады.

Психологтердің айтуынша, ойын автоматтарының ең қауіптісі бала­лардың психикасына қатты әсер етеді. Өйткені автоматтардың жұмыс қағи­даты – құмар ойындарының тетік­теріне өте ұқсас.

«Мұндай ойын кезінде балаларда дофамин жылдам бөлінеді, тағы ойнау ниеті, жеңісті күтудің иллюзиясы, тоқтай алмау, тәуелділікке тән мінез-құлық қалып­тасады. Баланың миы әлі толық қалыптаспағандықтан (әсіресе маңдай бөлігі – өзін-өзі бақылау орталығы), ол жеңілісті тоқтау сигналы ретінде қабылдай алмайды. Жеңілістен кейін балада ашушаңдық, жылау, агрессия секілді эмоциялық өзгеріс пен ақша сұрау, ұрлап алу немесе өтірік айту, ойын автоматтары тұрған жерлерге жиі баруға ұмтылу, ойыннан кейін мектеп тапсырмаларына қызығушылықтың төмендеуі сияқты мінез-құлықтық белгілер біліне бастайды. Осының салдарынан баланың зейіні шашыраңқы болып, шыдамсыздық артып, ұзақ еңбекті қабылдай алмайтындай күйге де жетуі мүмкін», дейді психолог Әсел Исаханова.

Ұлыбританияда автомат-крандар төмен бәсті ойын құрылғылары ре­­тін­де серти­фикатталады. АҚШ-тың кей­бір штат­тарында тек механикалық ұста­ғыш қолдануға рұқсат етіледі, ал ұтыс ықтималдылығы заңмен реттеледі. Еуропа одағында автоматтар ойын жабдығы ретінде техникалық аудиттен өтеді. Жапония мен Оңтүстік Кореяда жас шектеулері, орналастыру талаптары және техникалық тексеру міндеттелген. Негізі елімізде аталған құрылғылар кеңес дәуірінен бері бар, олар арнайы ойын залдарында ғана орналастырылып, белгілі шектеулермен реттелген.

Депутаттар сауалына Премьер-министр Олжас Бектенов халықаралық тә­жіри­беге, атап айтсақ, Канада, Аустралия, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур елдерінің мыса­­лына сүйене отырып жауап берді. Оның айтуын­ша, «Кран» секілді автоматтар «ойын-сауық аппараттары» санатына кіреді, техникалық стандарттардың міндеттілігімен ерекше­ленеді.

«Автоматтар үшін жүлденің құны­на, оларды тіркеу тәртібіне қойы­латын та­лап­тар бар, жасырын алгоритм­дер­ді пайдалануға тыйым салынған және жосықсыз механизм үшін жауапкершілік көзделген. Біздің елде «Кран», «Хватай-ка», «Crane Machine», «Claw Machine», «Grabber» сияқты ойын автоматтары азық-түлік дүкендерінде, сау­­да ойын-сауық орталықтарында, балалар ойын аймақтарында, саябақтарда және халық көп жиналатын орындарда көп орналастырылғаны рас. Алайда қолданыстағы заңнамада ақшалай ұтыс көзделмеген ойын автоматтарының құқықтық мәртебесін, оларды орналас­тыру тәртібін, техникалық талаптарын, жас шектеулерін және бақылау тетіктерін нақты айқындайтын нормалар жеткіліксіз. Осыған байланысты қазіргі уақытта тиісті мемлекеттік органдар ойын автоматтарының аталған санатын реттейтін заңнамалық түзетулер әзірлеп жатыр», деді Үкімет басшысы мәлімдемесінде.

Заңға түзетулер енгізіліп, қабылданған кезде автоматтарды орналастыру орындарына шектеу енгізіліп, автоматтар мен ондағы жүлделерді міндетті сертификаттау жүргізіледі. Сондай-ақ ұтыс ықти­малдылығына әсер ететін жасырын механизмдерді пайдалануға тыйым салынып, автоматтарды орналастыру мен пайдалануды реттейтін құзыретті органдар анықталады, тұтынушыларға автоматтардың жұмыс қағидаты мен жүлделердің құны туралы ақпарат беріледі. Бұл балалар мен ата-аналарды тәуекелдерден қорғауға, ойын-сауық нарығының ашықтығын арттыруға, бизнес пен қоғам мүдделері арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Үкімет депутаттар корпусымен бірге осы саланы реттеу бойынша жұмысты жалғастырады.

Соңғы жаңалықтар