Сурет: zhaikpress.kz
Қазақстан қоғамдық даму институтының волонтерлік қызмет туралы зерттеулерінде былтыр отандастарымыздың 14 пайызы волонтер болғаны жазылған. Ең көп таралған бағыттар: әлеуметтік осал топтарға, төтенше жағдайлардан зардап шеккендерге көмек, жан-жануарларға қамқорлық пен түрлі экологиялық акциялар.
Қоғам мұндай істі әр адамның мүмкіндігіне қарай орындайтын әрі жиі қолдайтын тетік ретінде қарайды. Бірақ көпшілігі белгілі бір ұйымға тіркелмей, өз бетінше атқаруды жөн көреді. Ең қызығы, діни наным-сенімі әртүрлі отандастарымыз бір-біріне болысып, жәрдемдесуге әрқашан дайын тұрады екен. Жалпы, қайырымды істе шет қалмайтындардың ішінде жастар алда тұр.
Олардың қатарында Татьяна Тинкай да бар. Оның волонтерлікпен айналысып келе жатқанына биыл 10 жылдан асқан. Бастапқыда этно-волонтерлік, кейінгі 7 жылда азаматтық қоғамды дамыту бағытында еріктілерді қолдауға, ізгілендіруге, ақпараттандыруға атсалысып жүр. Ол еліміздегі еріктілер санының артуын азаматтық белсенділіктің, саланың институционалдық тұрғыда қолдау табуымен байланыстырады.
«Инфрақұрылым да айтарлықтай кеңейді. Қазір елімізде волонтерлерді ақпараттандыратын, олардың жұмысын ұйымдастыратын, консультациялық көмек көрсететін Ұлттық фронт-кеңсе мен 20 өңірлік фронт-офис жұмыс істейді. Қоғамға әлеуеті жеткенше көмектескендерді елеп-ескеріп, алғыс айтуды Мемлекет басшысы да назардан тыс қалдырып жатқан жоқ. Әр кезеңде ұйымдастырылатын Волонтерлер форумында айрықша атап өтіп, марапаттап келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясында осы бағытта бастама көтеруі де тегін емес. Бұл – еліміздегі құндылықтың әлемге насихатталуы деген сөз», деді Т.Тинкай.
Расымен, осы жыл – жаһан жұртын ізгілікке, қамқорлық пен қайырымдылық жасауға шақыратын кезең. Осы орайда Татьяна елімізде мейірім сәулесін шашып жүрген волонтерлерді қолдауды күшейту керек дейді.
«Бірнеше жыл қатарынан қауіп-қатері жоғары аймақтарда волонтерлерді сақтандыру тетіктерін енгізу мәселесін көтеріп жүрміз. Тек қауіп ошақтарында ғана емес, медициналық бағыттағы еріктілерге де қажет. Бұған қоса, жастардың қандай да бір оқу орнына түсу кезінде не мемлекеттік қызметке орналасар тұста волонтерлік қызметін ескеру оңтайлы шешім болар еді. Осылайша, сан салаға серпін беріп жүретін еріктілердің еңбегі бағалана түседі. Бірақ бұл ретте арнайы механизмді бекіту маңызды», деді волонтер.
Мәселе Мәжіліс мінберінде де көтерілген еді. «Amanat» партиясы фракциясының мүшелері волонтерлік пен қоғамдық практиканы жастарды кәсіби тұрғыда қалыптастырудың нақты әрі пәрменді тетігіне айналдыру қажет деп санайды.
«Жаңа Конституцияның 31-бабы 2-тармағында волонтерлік қызмет туралы айтылған. Яғни алғаш рет Ата заң деңгейінде еріктілер қызметін мемлекеттік қолдау, ынталандыру нормалары қарастырылған. Қоғамда мамандық таңдау қоршаған ортаның ықпалымен және ҰБТ нәтижесіне қарай, «қайда түстім» қағидасымен жасалып, «кім болғым келеді және неге қабілеттімін» деген сұрақ екінші кезекке қалып отыр. Соның салдарынан жастар нақты инженерлік, техникалық, өндірістік мамандықтарға емес, қысқа жолмен табыс табуға бейімделеді. Халықаралық тәжірибе бұл бағытта тиімді модельдердің бар екенін дәлелдеп отыр. Мысалы, АҚШ-тың Мэриленд штатында мектеп бітіруге оқушылар кемінде 75 сағаттық қоғамдық қызмет (service learning) тәжірибесінен өтуге міндетті. Ұлыбританияда (UCAS жүйесі арқылы) жоғары оқу орындарына түсу кезінде талапкердің еріктілік пен практикалық қызметі оның саналы таңдауы мен азаматтық кемелділігінің негізгі көрсеткіші ретінде бағаланады. Ал Францияда (Service Civique ұлттық бағдарламасы) жастарды 6-12 ай бойы азаматтық қызметке тартып, оларды еңбек дағдылары мен қоғамдық жауапкершілікке жүйелі түрде тәрбиелейді. Дамыған елдерде еріктілік – формалды есеп үшін емес, еңбек нарығына дайындықтың, азаматтық ұстанымды қалыптастырудың нақты институты», дей келе депутат Мархабат Жайымбетов еліміз үшін де халықаралық үлгілерді кезең-кезеңімен, формализмсіз енгізуді ұсынды.
Яғни еріктілік тек қоғамдық қызмет ретінде емес, еңбек нарығына дайындықтың маңызды құралы бола алады. Депутат 7-11-сыныптарда міндетті волонтерлікті ерте кәсіби бағдар беру бағдарламасына енгізуді, еріктілік немесе қоғамдық практиканы (service learning) мектеп білімінің құрамдас бөлігі ретінде қарастыруды, оны аккредиттелген ұйымдар арқылы нақты әрі бақыланатын форматта жүзеге асыруды, волонтерлік жобалар мен ұйымдардың бірыңғай тізімін құрып, қатысуды цифрлық түрде растау, жалған есептіліктің алдын алу және барлық оқушы үшін тең қолжетімділікті қамтамасыз етуді ұсынды. Сонымен қатар волонтерлік қызметті оқу орындарына түсу кезінде қосымша артықшылық ретінде ескеру керектігін, алайда негізгі басымдық академиялық көрсеткіштерде қалуға тиіс екенін атап өтті.
Осы орайда Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева Халықаралық волонтерлер жылын өткізу жөніндегі Ұлттық жоспарға сәйкес волонтерлер қозғалысын дамыту мен қолдаудың жаңа тәсілдерін, оның ішінде жоғарыда депутаттар ұсынған бағыттар бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.
«Елімізде Халықаралық жылдың ашылуына арналған Волонтерлер форумында Президент волонтерлік қызметті мемлекеттік қолдаудың институционалдық тетіктерін одан әрі жетілдіру жөнінде тапсырма берді. Ұлттық жоспарға сәйкес, жоғары оқу орындары мен колледждерге оқуға түсу кезінде волонтерлік қызметті мемлекеттік білім грантының қосымша коэффициенті ретінде, гранттарды бөлу барысында волонтерлік жұмыс өтілін (мысалы, кемінде 300 сағаттық жұмыс) қосымша критерий ретінде ескеру студенттердің волонтерлік қызметке тұрақты және ұзақмерзімді қатысуын ынталандыру мақсатында стипендияға арнайы үстемеақылар қосу қарастырылып отыр. Орта мектептердің 7-11-сынып оқушылары арасында волонтерлік қызметке деген қызығушылығын арттыру мақсатында білім беру ұйымдарында сабақтан тыс өткізілетін факультатив курсын енгізу мәселесі шешіліп жатыр», деді А.Балаева.
Премьер-министр орынбасарының айтуынша, волонтерлікті қолдаудың бұдан басқа шаралары да пысықталып жатыр. Мәселен, мемлекеттік және азаматтық қызметке кіру кезінде волонтерлік өтілді есепке алу, «Шапағат» мемлекеттік медалімен марапаттау кезінде волонтерлікті есепке алу арқылы волонтерлік қызметті мемлекеттік тану тетіктерін кеңейту, волонтерлердің өмірі мен денсаулығын қорғау жүйесін қалыптастыру сияқты бастамаларды атауға болады. Бұл шараларды іске асыруда волонтердің цифрлық паспортын енгізу де маңызды рөл атқарады. Бұл жаңашылдық волонтерлерді верификациялауға, жүргізетін қызметін жүйелеуге мүмкіндік береді.