Соның бірі – белгілі кәсіпкер, облыс мәслихатының депутаты, «Amanat» партиясының мүшесі, өзі еңсесін көтерген көпэтносты ауылдың жалғыз мектебін мемлекеттік тілде білім беретін білім ордасына айналдырып, қазақтың салт-дәстүрін дәріптеп жүрген елшіл азамат Валерий Розумович.
– Бүкіл ғұмырым осы елде, осы жерде өтіп жатыр. 12 жастан еңбекке араластым. Еңбегім жанып, кәсібімді дөңгелетіп, табысымның бір бөлігін ел игілігіне жаратып жатырмын. Адамға бұдан артық не керек? Көзім жеткені, тарихтың қилы кезеңдерінде тағдыр айдап келіп, осында біржола тұрақтап қалған сан этностың қай-қайсысын болсын, жатсынбай бауырына басқан кеңпейілді қазақ халқына, қазақ топырағына қарыздар екенімізді әсте естен шығармауымыз керек. Картаны ашып қарасаңыз, алуан этностың басын қосып, айрандай ұйып отырған бейбіт елді еш жерден таба алмайсыз, бұл тек Қазақстанда ғана бар. Біздің басты байлығымыз да осы ынтымақ-бірлігімізде жатыр. Сондықтан Алғыс күнінің маңызы ерекше. Мәселен, қазіргі қолданыстағы Конституцияда өзімізді ортақ тарихи тағдыр біріктірген халық ретінде танып келсек, осы тату тұрмыс-тіршілігіміздің арқасында бүгінге дейін біртұтас халық болып қалыптастық, оны жаңа Конституция жобасында бекітіп отырмыз. Бұл қазынамызды көздің қарашығындай сақтауымыз керек, – деді кәсіпкер.
Валерий Розумович – қазақ халқына деген ризашылығын сөзбен емес, нақты ісімен көрсетіп, оның дұрыстығын дәлелдеп келе жатқан азамат. Кәсіпкер бас-аяғы бес-алты жылдың ішінде халқының дені қалаға көшіп, үйлері қаңырап қалған Жуков ауылына ел қондырып, қайта түлетті. Бүгінде бұл ауылдың берекелі тіршілігіне адам қызығады. Іскер азамат ескі үйдің бәрін сүріп тастап, орнына жаңа үй салып қойған. Ауыл тұрғындары кәсіпкер басқаратын шаруашылықта, бордақылау алаңында, құс фермасында жұмыс істейді. Ең бастысы –
халықтың тұрақты жұмысы, лайықты жалақысы бар. Үйіне газ-суы кіріп тұр. Ауылдың іші-сырты – тап-тұйнақтай. Медпункт, мектеп, ауыл клубы, әмбебап дүкені жұмыс істеп тұр. Өткен жылы ғана жаңа балабақша іске қосылды.
Ең бастысы, мұндағы жалғыз мектеп мемлекеттік тілде білім беруге көшкен. Осы ауылда тұратын он шақты этностың баласы бір партада отыр. Қазір ауыл мектебінің бірінші, екінші, үшінші, төртінші, бесінші сыныптары тек қазақ тілінде білім алып жатыр. Енді 5-6 жылдан кейін мектеп толықтай мемлекеттік тілде білім береді.
– Тіл – ынтымаққа, бірлікке жол ашатын басты құрал. Жуков ауылында жаз бойы этноауыл жұмыс істейді. Қаптатып киіз үй тігіп тастаймыз. Балалар сол жерде қазақтың салт-дәстүрін үйренеді. Амандық болса, алдағы уақытта ауылда жазғы демалыс орнын ашып, жаз бойы балаларға қазақ тілін үйретуді жоспарлап отырмыз, – деді кәсіпкер.
Қостанай облысы