Ербол Нұрғалиұлының дәрігер атануына о баста асыл әжесі әсер етіпті. Әжесі Рыскүл пойызбен келе жатып, Қарағанды медицина университетінде дәрігер мамандығын оқып жатқан студентпен сапарлас болады. Жас жігіттің үлкенге деген құрметі мен тәлім-тәрбиесіне іштей риза болып, өмірге келген немересінің құрметіне Ербол деп атын қойып, дәрігер болып, елдің алғысында жүретін ер-азамат болсын деп ырымдапты. Сол әзиз ананың ақ батасы мен ниеті қабыл болып, немересі де Қарағандыдағы медицина университетінен оқып, шыңдалады.
Жас кезінде Ербол әскери салаға әуес болыпты. Әкесі Нұрғали мен анасы Алтынгүл медицина саласын таңдауға бағытын беріпті. Әкесі үнемі Қарағанды қаласында табысты еңбек етіп жүрген ауылының мақтанышы Жәнібек есімді дәрігерді үлгі қылыпты. «Жәнібектей болсаң, біздің арманымыз – сол», деген әке аманатын орындайды. Бір қызығы, сол үлгі тұтқан дәрігерінің Х.Мақажанов атындағы аурухананың шұғыл жарақат бөлімшесінде травматолог болып еңбек еткенін кейін біліп, тағдыр сәйкестігіне таңырқапты.
Оңтүстік өңірден Арқаға аманат арқалап келген ол 2010 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина университетіне «Жалпы медицина» мамандығы бойынша оқуға түсіп, одан соң «Жалпы хирургия» мамандығы бойынша интернатураға қабылданады. Кәсіби білімін тереңдетіп, травматология және ортопедия (ересектер және балалар) мамандығы бойынша резидентураға түсіп, оны да сәтті тәмамдайды.
Жалындап тұрған жас жігіттің еңбек жолы студент кезінде басталады. Х.Мақажанов атындағы травматология және ортопедия орталығының шұғыл жарақат бөлімшесінде тәжірибе жинақтауға барған ол алдымен санитар, кейін мейіргер ретінде екі жыл жұмыс істейді.
Резидентурада оқып жүрген кезінде, Теміртау қаласындағы Орталық аурухананың травмпунктінде травматолог дәрігер болып еңбек етеді. 2020 жылдан бастап Х.Мақажанов атындағы көпбейінді ауруханада қызмет атқарып келеді. Осы жылдар ішінде жедел травматологиялық пунктте, жедел қабылдау бөлімінде, ересектер ортопедиясында, буындар артроскопиясы, балалар жарақаты, комбустиология және іріңді травматология бөлімшелерінде жұмыс істеп, біліктілігін арттырады. Кейінгі үш жылда шұғыл жарақат бөлімшесінде еңбек етіп жүр.
Тәжірибелі травматолог өз саласындағы кез келген операция түрін жасайды. Оның ішінде буындарды эндопротездеу, жарақат кезіндегі сүйек сынықтарын заманауи технологиялармен бекіту, тізе және иық буындарының артроскопиясы, қол, аяқ және жамбас сүйектеріне реконструктивтік операциялар жасайды.
Кәсіби даму жолында шетелдік тәжірибені меңгеруге де ерекше мән береді. 2020 жылы Түркия Республикасының Бурса қаласында «Ірі буындар артроскопиясы» бойынша, 2023 жылы Ресей Федерациясының Татарстан Республикасы, Қазан қаласында тізе және иық буындарының артроскопиясы бойынша біліктілігін арттырады.
Расында, білікті маман, тәжірибелі травматолог, ардақты азаматқа рахмет алу – үйреншікті үрдіс. Мәселен, 86 жастағы Дамила Мұхажанова есімді әже операциясы сәтті өткен соң, қолын жайып, ақ батасын жаудырыпты. Ақпанда жауған ақ жауын мұз болып қатып, соның салдарынан жарақат алғандар көп болды. Дамила әжей де ауласында тайып құлап, сол жақ сан сүйегін ауыр жарақаттап алады.
– Сол күні маған жабық репозиция және сол жақ сан сүйегіне гамма-стерженьмен блокталған интрамедуллярлы остеосинтез операциясы жасалды. Операция жоғары кәсіби деңгейде өтіп, қазіргі таңда жағдайым жақсарып, біртіндеп аяққа тұрып келемін. Ең алдымен, Ербол есімді дәрігердің біліктілігі, адамгершілігі маған үлкен демеу болды. Осындай күрделі сәтте кәсіби көмек көрсетіп, аяғымнан тік тұруыма себепкер болған травматолог дәрігерге аналық ақ батамды жаудырдым. Үлкен адамға бұл – оңай жағдай емес. Елгезек Ербол баламның еңбегі жансын, – дейді Дамила әжей.
Өткен аптада Оралсын Жалназарұлы есімді жас жігіт те мұздан тайып құлап, оң тізесін жарақаттап алады. Содан ауырсынып, жарақат алған тұсы ісініп, ауруханаға түседі.
– Тексеру нәтижесінде шұғыл түрде операция қажет екені айтылды. Дәрігерлердің кәсіби түсіндіруі мен қолдауы маған сенім берді. Маған оң жақ тізе буынына артроскопиялық операция жасалып, медиальды менисктің зақымдалған бөлігіне парциалды резекция жүргізілді, буын ішіне санация жасалып, блокада жойылды. Операция жеңіл өтті. Қазіргі таңда оң жақ тізем оңалып келеді. Осы орайда қолы алтын дәрігер Ербол мырзаға ризашылығымды жеткізгім келеді, – дейді Оралсын.
Ал білікті травматолог үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді, бата алуды бала кезден үйреткен әке-анасына ризашылығын жеткізеді.
– Травматолог дәрігер ретінде әрбір күн мен үшін үлкен жауапкершілік пен сенім. Жарақат алған науқастың ауырсынуын жеңілдетіп, оның қайтадан еркін қимылдап, қалыпты өмірге оралуына себепкер болу – біз үшін міндет әрі мәртебе, – дейді травматолог Ербол Нұрғалиұлы.
Осылайша, асыл жар, ардақты әке Ербол Нұрғалиұлы елдің алғыс-батасымен бақытқа кенеліп келеді.
Қарағанды облысы