Қоғам • Бүгін, 09:40

Бата-тілектің ең қысқа нұсқасы

0 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Біз «алғыс», «рахмет» сөздерін өте жиі қолданамыз. Бұл, бір жағынан, ортамыздағы адами қатынастың жақсы деңгейін білдірсе, екіншіден, өзара сыйластықтың өлшемі секілді көрінеді. Осы екі сөздің шығу төркіні мен табиғатына аз-кем үңілсек, артықтық етпес.

Бата-тілектің ең қысқа нұсқасы

Алғыс – көне түрікше сөз. Бұл кезінде ескі түркі тілінде «алқыш» деп айтылған көрінеді. Оның мағынасы бата, тілекке келеді. Жүре келе қазақ тілінде ризашылық білдіру мақсатында айтылатын, жеке мәнге ие «алғыс» сөзіне айналған. Мамандар әлгі «алқыш» бүгінгі бірқатар түркі тектес халықта (алтай, татар, тува) бата («алқыш сос» – бата сөз), жақсы тілек мағынасында қолданылатынын айтады. Мәсе­лен, тува, алтай тілдерінде батаны «алғыш» деп атаса, якуттар «алғыс» дейді екен. Бұдан біз «алғыс», «тілек», «бата» сөздері өзара мәндес, төркіндес ұғымдар екенін түсінеміз.

Қазіргі қазақ тілінде «Алтын алма, алғыс ал», «Қарғыс алма, алғыс ал», «Жаңбырмен жер, алғыспен ер көгерер» деген сынды мақалдар жиі қолданылады. Қазақ алғысын сөзбен ғана емес, іс-әрекетпен, сыйлық жасау, жақсы қатынас орнату арқылы да білдіргенін айта кетейік.

Енді осы алғыс сөзімен синоним болып кеткен, араб тілінен енген «рахметтің» де түпкі негізіне аз-кем тоқталсақ.

Біздіңше «рахметті» «рақым ет» деген екі сөздің қосындысы деп қарастыру қате болмайтындай. Бұл сөздің арғы астарында ризашылық білдірілген адамға қарата айтылған «Құдайдың рақымы не рақимы болсын» деген дұға-тілек тұрғанын түсінуіміз керек. Одан әрі нақтылай түссек, «рахмет» сөзін ризалығын білдірушінің алғыс алушыға Құдайдың рақым не рақим етуін сұрау тілегі деп білгеніміз жөн. Дәлірегі, ризашылық білдірушінің «Е, Құдай, бұған (алғыс алушыға) рақым ет, рақымыңды жаса, рақимыңды түсір» деген дұғасы. Біз басқосуларда, түрлі жиындарда бір-бірімізге жылы лебізімізді айтып, жақсылық тілеп жатамыз. Бірақ көбіне сол игіліктерді кімнен тілейтінімізді ашық айтпаймыз. Шын мәнінде кісіге жақсылықты әлдекімнен емес, Құдайдан тілейтініміз сөзіміздің арғы көлеңкесінде қалып қояды. Сол сияқты «алғыс», «рахмет» сөзінің астарында Құдайдан жақсылық, игілік сұрау дұғасы тұрғанын ұмытпайық. Демек, алғыс, рахмет айту, алғыс білдіру – бір тараптың екінші тарапқа Тәңірден мейірім тілеуі. Олай болса, саған алғыс айтушы, рахмет білдіруші – тілеулесің, тілекшің. Алғыс білдіру, рахмет айту – бата-тілектің, дұғаның ең қысқа нұсқасы.

Бір-бірімізге шынайы пейілімізбен рахмет айтып, алғысымызды білдіріп жүрейік, ағайын!