Көрмеде суретшінің өмір жолына, шығармашылық мұрасына және туған жерге деген шынайы құрметіне негізделген туындылар көңіл баурайды.
Ұлттық мәдениетімізді жаңғыртып, Қазақстанның бейнелеу өнерін көпшілікке таныту, рухани құндылықтарды терең насихаттау мақсатында ұйымдастырылған көрмеде туған жер тарихы, ұлттық болмыс пен табиғат сұлулығы бейнеленіп, көрерменге ел мәдениетінің терең тамырын сезінуге мүмкіндік береді.
Көрменің ашылу салтанатында суретшінің алғашқы ұстаздары мен әріптестері сөз алып, Қали Қораласбаевтың шығармашылық жолының ерекшелігі мен ел мәдениетіне қосқан үлесін атап өтті.
Салтанатты рәсімде Ұлттық орталық музейінің ғалым-хатшысы Ерсін Жайнақов, Жамбыл облысының құрметті азаматы Болат Сауранбаев, «Ұлағат отауы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлжахан Кәрібайқызы, «Руханият Шу» қоғамдық қорының төрағасы Сәкен Атаев, суретшінің алғашқы ұстаздарының бірі Серікбай Әлжанов, суретші Мұхтар Егезеков, Өнер академиясының вице-президенті Марлан Нысанбаев, Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков құттықтау сөз сөйлеп, суретшінің еңбегіне жоғары баға берді.
Көрме барысында Қали Қораласбаевтың шығармашылығына арналған жаңа форматта дайындалған кітаптың тұсаукесері өтті. Жинаққа автордың кеңінен танымал туындыларымен қатар, бұрын жарияланбаған жұмыстары мен мұрағаттық фотосуреттері енген.
Салтанатты іс-шара Шу ауданынан арнайы келген Әбілахат Еспаев атындағы саз мектебінің ансамблі тарту еткен музыкалық концертке ұласты.