Фото: Ақмола облысының әкімдігі
Қоянды – Целиноград ауданындағы орталықтандырылған газбен қамтылған алтыншы елді мекен. Ауылға тартылған газ құбырының ұзындығы 226 шақырымнан асады. Газ тарту жұмысының нәтижесінде 5000 үй көгілдір отынның игілігін көреді.

Облыс әкімі газ құбырын үйге дейін тарту үшін атаулы әлеуметтік және тұрғын үй көмегін алатын отбасыларға қаржылық қолдау көрсетілетінін айтты.
«Президенттің тапсырмасы бойынша Астананың айналасындағы елді мекендерді «Сарыарқа» газ құбырының 1-кезегіне қосу үшін газдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қояндыны табиғи газбен қамту жобасы аясында 226 км газ тарату желісі салынып, 12 газ тарату пункті орнатылды. Осылайша 21 мың адам табиғи газбен қамтылды. Ал атаулы әлеуметтік және тұрғын үй көмегін алатын отбасылар газ құбырын үйіне жеткізу үшін 70 АЕК-ке дейінгі мөлшерде қаржы беріледі», деді Марат Ахметжанов.
Айта кетейік, биыл Ақмола облысындағы Нұрлы, Шұбар, Аққайың, Талапкер, Ыбырай Алтынсарин ауылдары мен Қосшы қаласына газ берілген болатын.