Фото: Екатерина Чеснокова / РИА Новости
Ресейлік актер Өзбекстанға сапары аясында баспасөз жиынын өткізіп, сонда болған оқиғаны жеткізбек болған.
Безруков Сергей Есениннің қызы Татьяна Есениннің зиратына гүл шоғын қоймақ болып, Ташкент зиратына соққан. Сағат түнгі бір шамасында актерді зират қызметкері қарсы алған. Өзбекстандық өз кезегінде актерді танып, орыс тілінде жалғыз «Белый» сөзін айтқан.
Сергей Безруков оқиғаны баяндай отырып, зират қызметкерінің акцентін қайталаған. Актердің бұл әрекеті өзбекстандықтар тарапынан сынға ұшырап, өзбек халқына құрметсіздік танытты деп айыпталды.
podrobno.uz сайтының мәліметінше, актер сөзінің бірнеше айдан кейін кең талқылануына Өзбекстан журналистика университетінің ректоры Шерзодхон Кудратходжидің жазбасы түрткі болған.
Шерзодхон Кудратходжи Сергей Безруковқа түнде зиратқа баруы Шығыс елдерінде құпталмайтынын, қызметкердің «ұйықтап жатқанын», «орысша білмегенін» және «рахмат» сөзінің орнына «рақметті» айтып, елдерді шатастырғанын айыптады.
Сондай-ақ, Өзбекстан экология министрінің бұрынғы кеңесшісі Расул Кушербаев та оқиғаға қатысты пікір білдіріп, актердің әрекеті «елді масқаралау», деп бағалады.
Ал Сергей Безруков өзіне қатысты айтылып жатқан пікірлермен келіспейтінін айтып, өзбекстандықтарға қарата видео-үндеу жариялады.
Актер видео-үндеуінде оқиғаға қатысты үнсіз қала алмайтынын, негатив пікірлерді провакация санайтынын, Өзбекстан жұртын, мәдениетін, асханасын жақсы көретінін жеткізді.