Банк • Бүгін, 19:40

«Банктер туралы» заң жобасына кепілгерлікке байланысты әділетсіз талаптарды жоятын түзету енгізілді

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін «Банктер туралы» заң жобасын қараған жұмыс тобының отырысында маңызды түзету қабылданды. Түзету банктерге қаржылық жағдайы дәлелденбеген немесе несие алушыға қатысы жоқ жеке тұлғалардың жеке кепілгерлігін талап етуге тыйым салуды көздейді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Банктер туралы» заң жобасына кепілгерлікке байланысты әділетсіз талаптарды жоятын түзету енгізілді

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Тимур Қырықбаев жазды.

«Қазіргі таңда жеке кепілгерлік көп жағдайда банктер қолданатын ауыр әрі әділетсіз тәжірибеге айналған. Несие ала алмай отырған азаматтың туыстары мен таныстары олардың орнына төлем жасау мүмкіндігі болмаса да, артық міндеттемелерге қол қоюға мәжбүр болатын жағдайлар жиілеп кеткен. Мұндай практика кейін кепілгерлерге үлкен ауыртпалық түсіріп, олардың өмірін едәуір қиындатады. Әсіресе телефон арқылы қашықтан рәсімделетін кепілгерлік кезінде азамат өзіне алған міндеттеменің көлемін толық түсінбей қалуы жиі кездеседі», — деген депутат.

Осыған байланысты Мәжіліс депутаты Тимур Қырықбаев «Банктер туралы» Заңның 54-бабына өзгерістер ұсынғанын хабарлады. Түзетуге сәйкес, енді банк кепілгерлік немесе кепіл рәсімдеу кезінде кепілгердің қаржылық жағдайын ескере отырып, оның төлем қабілеттілігіне міндетті түрде бағалау жүргізуге тиіс. Сондай-ақ негізгі қарыз бен ұсынылған қамтамасыз ету құнының арасындағы айырма бойынша міндеттемені қабылдауға кепілгердің жазбаша келісімі алынуы міндеттеледі.

Егер ұсынылған қамтамасыз ету банктің кепіл саясатына сай кепіл шарты жасалған сәтте негізгі міндеттемені толық көлемде қамтамасыз етсе, банк жеке тұлғадан қосымша кепілгерлік немесе кепіл талап етуге құқылы болмайды.

Депутаттың айтуынша, ол ұсынған түзетуді депутаттар Б.Базарбек пен А.Баққожаев та қолдаған.

Тимур Қырықбаев жұмыс барысы туралы алдағы уақытта да ақпарат беріп отыратынын атап өтті.