Қоғам • Бүгін, 18:40

Көкшетауда қолөнер шеберлері ғажайып бұйымдарды көпшілік назарына ұсынды

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Шебер қолдан шыққан терме баулар төрде айқасып, кіре бергенде көзіңе соғылады». Иә, Ғабит Мүсіреповтың «Ұлпан» шығармасынан алынған осы бір ғана сөйлемде он саусағынан өнер тамған халқымыздың ісмерлігі тіліміздегі сөздіктің алтын қорымен сипатталады. Облыс орталығы Көкшетау қаласында қолөнер шеберлерінің байқауы өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шарада жиырмаға тарта шебер бақтарын сынады, деп жазады Egemen.kz.

Көкшетауда қолөнер шеберлері ғажайып бұйымдарды көпшілік назарына ұсынды

Қатысушылар қарапайым картинадан қазақтың бес қаруына дейін түрлі қолөнер бұйымдарын жасап әкелген екен. Көрмеге қойылған бұйымдар қатарында киізден, теріден, қыштан және металдар мен ағаштан жасалған заттар орын алды.

«Өзіме ұнайтын әртүрлі металдан көптеген заттарды жасаймыз. Мысалы, бүгінгі қатысқан облыстық байқауға «5 қаруымды» металдан жасап әкелдім. Қара темірді қыздырып, соғып, суреттерін безендіріп, осындай 5 қару жасадым. Найза, қылыш, қалқан, айбалта, сарайнаны жасадым. Жалпы, жұмысбасты адам болған соң, асықпай күнделікті 1-2 сағат зейін қойып, көңіл бөліп, мұқият осы істі атқаруыма шамамен 6 айдай уақытымды жұмсадым», дейді жеңімпаз атанған Шоқан Уәлиханов университетінің материалдарды көркемдеп өңдеу пәнінің оқытушысы Рүстем Шәріпов.

Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.