Спорт • Бүгін, 19:19

Щучинск қаласында жаңа көпфункционалды Спорт сарайы ашылды

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақмола облысында халықтың спорт нысандарына қолжетімділігін қамтамасыз ету және инфрақұрылымды кеңейту бағытында белсенді жұмыс жүргізілуде. Белсенді өмір салтын ұстанатындар үшін Щучинск қаласында көпфункционалды Спорт сарайы ашылды. Осы айтулы оқиғамен Бурабай ауданының тұрғындарын облыс әкімі Марат Ахметжанов пен қазақстандық спорт жұлдыздары құттықтады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Щучинск қаласында жаңа көпфункционалды Спорт сарайы ашылды

Кең әрі жарық ғимаратта спорт пен салауатты өмір салтын сүйетіндер үшін барлық жағдай жасалған – бассейн, тренажер залы, бокс және үстел теннисі залдары, жекпе-жек залдары және ойын спорт түрлеріне арналған әмбебап алаң бар.

«Біздің облыс аумағында тағы бір спорт нысанын ашу мен үшін үлкен мәртебе. Бұл жоба Мемлекет басшысы жүктеген бұқаралық және балалар спортын дамыту тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта бұл нысан ауданның ғана емес, бүкіл өңірдің спорттық және мәдени іс-шаралары өтетін орталығына, үлкен жеңістер мен рекордтар ордасына айналады деп сенемін», – деді Марат Ахметжанов.

Өңір басшысы ақмолалық спортшылардың әрдайым жетістіктерімен танылғанын атап өтті. Бұл қатарда Бурабай ауданы спортшыларының орны ерекше. Олардың арасында – тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Олимпиада чемпионы, төрт дүркін шаңғы жарысы бойынша әлем чемпионы Владимир Смирнов, шаңғы жарысы бойынша әлем чемпионатының қола жүлдегері Николай Чеботько, сондай-ақ шаңғышылар, биатлоншылар, боксшылар, еркін күрес шеберлері бар. Олар жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, өңір мен елдің атын халықаралық ареналарда асқақтатты.

Спорт сарайында қазірдің өзінде жаттығу процесі жүріп жатыр. Балалар жүзу, күрес, гимнастика, бокс секцияларында дайындалуда. Мерейлі күні жас спортшыларға Олимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері — Дмитрий Баландин, Сергей Котенко және Юрий Мельниченко сынды қонақтармен қол алысып, тілдесудің құрметі бұйырды. Ең батылдары қазақстандық спорт аңызының автографын алды.

Айта кетейік, бүгінде өңірде 1 124 спорт нысаны бар, олардың жартысынан астамы ауылдық жерлерде орналасқан.