Үміт Шаяхметованың пікірінше, жеке мамандандырылған агробанк құрудың маңызы жоқ, себебі елде осыған ұқсас қаржы институттары болған, бірақ олар банкроттыққа ұшырады.
«Бүгінде нарықта Қазақстанның Даму банкі мен «Отбасы банкі» жұмыс істейді. Біреуі ипотека береді, екіншісі заңды тұлғалармен жұмыс істейді. Менің ойымша, бұл жеткілікті. Оған қоса, ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсіптік кешен секторында жұмыс істейтін түрлі институттар өте көп, олар – Аграрлық несие корпорациясы, «Агролизинг», мемлекеттік «Азық-түлік корпорациясы», жергілікті басқару органдары және басқалар», – дейді Halyk Bank басшысы.
Ауыл шаруашылығын қаржыландыратын банк құру тәжірибесі көршілес елдерде бар. Ресейде «Россельхозбанк» ШОБ-қа 3-7%-бен несие береді. 1953 жылы Қытайда 320 млн клиентке қызмет көрсететін The Agricultural Bank of China мамандандырылған ауыл шаруашылығы банкі құрылды. Бұл банк активтері бойынша Қытайдың банк жүйесінде төртінші және таза пайдасы бойынша жетінші орында. Қырғызстанда агросекторды дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды іске асыратын, елдің ірі қаржы институттарының бірі «Ауыл Банкі» бар.
Қаржыгер Бейсенбек Зиябековтың айтуынша, отандық банк секторы әлі күнге дейін мемлекеттік көмекке сүйеніп отыр. Оның айтуынша, экономикадағы мемлекеттің жоғары үлесі банк секторына да әсер етеді. Көшбасшы позицияға үміткер кез келген банк іс жүзінде мемлекеттік сектордың ақшасына тәуелді және үкіметтік бағдарламаларға қатысады. Біздің елде бірер банктен өзге банктердің бәрі мемлекеттік ақшаға тәуелді. Егер мемлекет мына банкті банкрот ету керек деп шешсе, оны бір бұйрықпен банкротқа жібере алады.