Қоғам • Бүгін, 10:00

Түркі жастары қазақша оқиды

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әзербайжандық үшем мен қырғызстандық егіз қыздар қазақ тілін үйреніп жүр. Олардың елімізге арнайы келіп оқуды бастағанына небәрі бір ай болған. Соған қарамастан, тыңдаушылар қазақша еркін сөйлеп, ойын жеткізе алады.

Түркі жастары қазақша оқиды

Түркі елдерінің жастары Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халық­аралық қазақ-түрік университетіне 30 жылдан аса уақыттан бері білім алуға келеді. Биыл осы университеттің Дайындық орталығында Әзербайжаннан келген үшем – Зехра, Эсра және Лала Азизовалар мен Қырғызстаннан келген егіздер – Батма және Зуура Акканалиевалар білім алып жатыр. Оқытушылардың айтуынша, тыңдаушылардың жаңа тілдерді үйренуге деген қызығушылығы мен ынтасы жоғары.

«Қазақстанда жоғары білім алуды таңдауымызға бірнеше себеп бар. Ең бас­тысы, түркі елдерінен келген студенттермен танысып, ортақ мәдениетіміз бен тарихымызды тереңірек танығымыз келді. Сондай-ақ түркі әлемінің рухани астанасы саналатын Түркістан қаласында білім алу – біз үшін үлкен мәртебе», дейді егіздер. Ал үшемдер: «Біздің түр-сипатымыз ұқсас болғанымен, таңдаған мамандығымыз әртүрлі. Біріміз – психолог, біріміз – дәрігер, енді біріміз мұғалім болғымыз келеді», дейді.

Айта кетейік, Дайындық орталығында оқу ордасының ішкі гранты негізінде Түркі мемлекеттерінен келген жастар білім алып, қазақ тілімен қатар түрік және ағылшын тілдерін де меңгереді. Қазірдің өзінде орталықта түркі мемлекеттерінен келген 296 тыңдаушы бар. Олар бір жыл көлемінде тілдік дайындықтан өтіп, қорытынды емтихан нәтижесінде таңдаған мамандығы бойынша оқуын жалғастырады. Солардың қатарындағы үшем мен егіз қыздар да Дайындық орталығын аяқтағаннан кейін өз қалауына қарай білім жетілдіруді жоспарлап отыр.

Соңғы жаңалықтар