Зерде • Кеше

Солтүстіктен шыққан екінші «нарком»

60 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Қуғын-сүргін жылдарында мерт болған Қызылжар өңірінен шыққан бірінші «нарком» Смағұл Сәдуақасұлы болса, екіншісі – Біржан Манкин. Бұл кісінің есімі өзге түгіл өзінің жерлестеріне де таныс емес. Өйткені жас кезінен үлкен қызметтермен жүрген ол еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет істеп, туған жерімен байланысын үзіп алған. Жуырда жерлесіміз, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Астанадағы филиалының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Гүлнар Мұқанованың жариялаған материалдарының негізінде біз ол туралы жазуды қолға алдық.

Солтүстіктен шыққан екінші «нарком»

Туған жер. Орынбордағы жылдар

Біржан Манкин 1896 жылы Петропавл уезіндегі Меңгесер болысында дүниеге келген. Терістік тұрғындарына Меңгесер көлі жақсы танымал, көлемі 3 мың гектардан асатын осы тұзды көлдің емдік қасиеті жоғары. Сондықтан жаздың ыстық күндерінде оның басына Қызылжар өңірі ғана емес, көршілес Көкшетау, Қостанайдан да, тіпті Ресейдің шекаралас аймақ­тарынан халық ағылып келіп, ем алып жатады.

Меңгесер болысы кейін Қызыл­әскер болысы атанған. Ғалымның жазуына қарағанда кедей отбасынан шығып, алысқа бара алмаған Біржан білімді тек Меңгесер болысының ауылдық медресесінен ғана алған. Кеңес одағы жылдарында Петропавлда ашылып, директоры Жұмағали Тілеулин болған қазпедтехникумда екі жыл оқып, білімін көтереді. Оқып жүріп губерниялық «Бостандық туы» газетінде корректор болып нәпақасын айырады. Есейіп қалған жігіттің танымы мол, ісі ұқыпты екенін көрген редакция басшылығы оны газеттің алдымен ақпарат, кейін ауылшаруашылық бөлімінің меңгерушісі етіп тағайындайды.

Сол кездегі жастардың бар ар­маны автономияның орталы­ғы Орынборға бару және онда ашылып жатқан жоғары оқу орын­дарының біріне түсу болған ғой. Біржан да Орынборға жол тартады. «Талапты жасқа астанаға бару туралы кеңесті сол кезде педтехникумда ұстаздық қызмет атқарып жүрген Алаш қайраткерлері Жұма­­ғали Тілеулин, Мағжан Жұма­­баев, Сейітбаттал Мұста­фин, Әли Кемелевтер берген сияқ­ты», дейді Г.Мұқанова. Өздері­нің орталықта тұруы қиын болған­дықтан олар кедейдің баласы ретінде Біржанның үлкен ортаға кірігуін қалаған болуы мүмкін.

Біржан Манкин Орынборда атақты Жұмысшы факультетіне түседі. 1921 жылы ашылған бұл оқу орны 3 курстан тұратын. Сонымен қатар білімі төмендерге арналған дайындық курсы да болған. Ондағы оқу тек орыс тілінде жүргізілген. 1925 жылғы 31 мамырда алғашқы түлектерін ұшырған. Бір жылда 350-дей адам оқыған. Бірақ оқу орнын бітіре алмай кетіп қалғандар да көп болған. 1925 жылы оқыған 306 студенттің 87-сі қазақ екен.

Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов те осында оқыған. Сол­түс­тік Қазақстаннан шыққан алғашқы философ, кейін Мәскеу­дің бірінші пединститутын (кейін МГУ-ге қосылған) бітіріп, Алматыдағы КИЖ-дің (Казахский институт журналистики) директоры болған Үмітбай Балхашев та сонда оқыған.

Жазушы Сәбит Мұқанов «Өмір мектебі» трилогиясының екінші томында Жұмысшы факультетінде қалай және не оқытылғаны туралы біраз дерек береді. Мұнда «Саяси сабақ» деген пәннен басқа физика, математика, химия, биология, орыс тілі оқытылған екен. Дене тәрбиесі сабақтан тыс өткізіледі және бірнеше үйірме, соның ішінде би үйірмесі де болыпты. Бірақ ұраншыл қызыл бәлшебектер оған бармайды екен. «Коммунистерден не комсомолдардан кімде-кім биге қатынасса, ең жеңілі сөгіс беріледі, әйтпесе ұйымнан шығарады. Галстукке де көзқарас сондай. Би мен галстук ол кездің ұғымында – буржуазиялық салттың сарқыншағы», деп жазады ол. Оқу орнының тұрмыстық жағдайы қиын болған. «Жатақханада от қыс бойы жағылмады. Тұрпайы темір кереуеттің үстіне ішіне сабан толтырылған матрац, қоғажайдың ұлпасын толтырған жастық салынады, үстімізге қара сукнодан одеял жамыламыз. Жағылмаған үйдің су келетін трубалары кейде қатып қалады. Ондай күндері біз беті-қолдарымызды қора ішіндегі қармен жуамыз», деп еске алады жазушы.

Тамағы да сұйық, сорпа мен өкпе-бауыр араласқан сәбіз болады екен. Нәрсіз тамақтан кейбір балалар әлсіреп, түрлі сырқаттарға ұшырап, оқудан да кетіп қалған. Оқу орнының өзі бұрынғы әйел­дерге арналған епархиалды учи­лищенің жатақханасында орна­ласқан екен. Алмағайып төңке­рістер заманында оның жиһаз­дары мен төсек орындары та­лау­ға түскен болуы керек, әйтпесе дін қыз­меткерлерінің қыздары үшін пат­шаның өзі аштырған учили­щенің ішкі жағдайы жақсы болса керек еді.

Орынбордың Жұмысшы факуль­теті 1930 жылға дейін жұ­мыс істеген. Қазақстанда барлығы 7 Жұмысшы факуль­теті (2 ауыл ша­руашылық, 1 педагогика, 1 ме­ди­­цина, 3 индустрия) жұмыс істеп, оларда 600 адам білім алған. Жұмысшы факуль­теті 1927 жылы Семейде, 1928 жылы Алматыда ашылып, 1932 жылы олардың жалпы саны 13-ке жетіп, оқушылары 2 мың адамға жеткен. 1930 жылдан бастап жалпы білім беретін орта мектептер ашыла бастаған соң Жұ­мыс­шы факультеттері біртіндеп жабылған.

Біржан Манкин мұнда оқыған жылдарында Сәбит, Ғабит сияқты жерлестерімен, басқа да белсенді азаматтармен тығыз байланыста болған. 1928 жылы ол Жұмысшы факультетінің толық курсын аяқ­таған. 1924 жылы басқа да жол­дас­тарымен бірге партия қата­ры­на өтеді. Бір қызығы, басқа бел­сен­ділерді ауызға алған Сәбит Мұ­қанов өзінің кітабында оның есімін атамайды.

Зерттеуші Гүлнар Мұқанова Орынбор архивінде Біржанның жас кезіндегі суреті сақталғанын айтады. Онда болашақ «нарком» шашын сол кездің сәнімен артына қайырған, көркем жүзді, зия­лы адам екені көрініп тұрған. Бір­­жан сол кезде аймақтағы жас­тар журналы «Жас қазақтың» жауап­ты редакторы болған. «Әлі оқуын толық аяқтамай жатып жас­тар газетіне редактор болғаны оның өз ор­тасының алды, белсенді тұлға бол­ғанын көрсетеді», дейді Г.Мұқанова.

«Жас қазақтың» сол 1924 жылғы нөмірлерінде Алма Оразбае­ваның жастар істеріне арналған «Жастар ұйымының мақсаты», «Жастардың міндеті» және т.б. мақалалары жарияланған екен. Редколлегия мүшелері арасында да Алма Оразбаеваның есімі жүр. Оны­мен бірге Алдоңғаров, Сәдуақасұлы, Тоқта­­баев және Қазан­ғапов деген төрт адам болған екен. «Жас қазақ» журна­лына үл­кен жазушыларымыздың бірі Жүсіп­бек Аймауытұлы та қатысып, мақа­­лалар беріп тұрған. Өзінің 1928 жылы жазған автобиографиялық очер­кінде Ж.Аймауытұлы: «Менің алғашқы жазғандарым ұсақ әңгіме­лер, оқшау сөздер еді. Олардың бірсы­пырасы қолымда бар, бірсы­пырасы жоқ. Соның көбі «Жас қазақ», «Лениншіл жас» журналындарында жария­ланды», деп еске алады жазушы (ҚР ҰҚК архиві. 9-қор, 1-тізім, №307 Арх., 86-87 парақ).

Ал «Еңбекші қазақ» газеті мен «Қызыл Қазақстан» журналына мақалалары мен өлеңдері жиі шығып тұрған Сәбит Мұқанов­тың «Жас қазақпен» қатысы болмаған сияқты, өйткені бұл басылымның архивтен табылған сандарында оның есімі көрінбеген.

Орынбор архивінен табылған материал­дарға қарағанда Біржан Ман­кин газетте редактор болуымен қатар Халық ағарту комисариатымен (ХАК) де тығыз байланыста болғаны көрінеді. Мұның өзі оның Ахмет Байтұрсыновұлы ықпалында болғанын көрсетеді. Өйткені бұл комиссариаттың құры­луы мен ұйымдастырылуын Ахмет Байтұрсынұлы бастағаны белгілі.

Қазақ автономиясының астанасы 1925 жылы Қызылордаға көшкенде оқуы әлі аяқталмаған Біржан Манкин Орынборда қалып, оқуын жалғастырады. Ал 1928 жылы оқуын аяқтағанда оны осындағы аймақтық қазақ жас­өспірімдерінің мектебіне директор етіп тағайындайды. Мұнда жасөспірімдер базалық біліммен қатар кәсіптік білім де алады екен. Өкінішке қарай, осы мектептің өзі туралы архивтерде ешқандай құжаттар табылмаған.

 

Қайраткерлік қадамдары

1930 жылы Біржан Манкин жаңа астана Алматыдағы Оқу-ағарту халық комиссариатына қызметке шақырылады. Мұнда оны комиссариаттың хатшылық бөлімінің меңгерушілігіне тағайындайды. Бірақ көп жұмыс істеуіне жол бермей бес айдан соң қазан айында жаңадан ашылған Түріксіб политтехникумының директорлығына жібереді. Мұндай саяси техникумдар партияның ХІІ съезінің қарарымен «жергілікті жерлерде ұлттық саясатты іске асыру үшін» ашылған. ВКП (б)-ның сол кездегі хатшыларының бірі Я.Рудзутактың республикаларға жаз­ған: «Саяси техникумдар жүйе­сін барынша кеңейтіп, оны әсіресе педагогика, ауыл шаруашылығы, теміржол, пошта-телеграф салаларында көбейту керек» деген хаты сақталған. Демек өкімет үшін мұндай техникумдардың саяси құндылығы жоғары болған.

Біржан Манкин 1931 жылы осы техникумның базасында Ташкент билігімен келісіп, ондағы Орталық Азия теміржол көлігі инжненерлерін дайындайтын институттың филиалын Алматыда ашуға қол жеткізеді. Құр саясатты сыдырта бергенше жастардың кәсіби білім алуын қалаған бұл қадам өз заманының озық жобасы болғаны даусыз. Бірақ Біржан Манкинді бұл жерде ұзақ ұстамай 1933 жылы Өлкелік партия коми­тетінің өнеркәсіп және көлік бөлімін басқаруға жоғарылатады. Осы жерде үш жылдай істеген соң оны Алматы қалалық партия комитетінің екінші хатшысы қыз­метіне жібереді. Мұнда бір жылға жуық қана жұмыс істе­тіп, Қарағанды облысы партия ко­митетінің екінші хатшысы қыз­метіне ауыстырады. Бұл кезең саяси қуғын-сүргіннің басталған уақыты болатын. Біржан Манкинді Қарағандыда бес-ақ ай ұстап, қай­тадан Алматыға алдырады. Бұл уақытта қуғын-сүргін жаппай өршіп, қазақтың көптеген азама­тын ұстап, жазықсыз жапа шек­тіріп жатқан. Соның бірі атақты «Темкең», Халық ағарту комиссары Темірбек Жүргенов еді. Ол ұсталған соң орнына Қарағандыдан алдырған Біржан Манкинді тағайын­дайды. Бұл қызметте есіл ер бір-ақ ай отырады. Ол кезде билікке ұнамайтын басты себеп – қуғын-сүргінге белсенді қатыспағандық. Соттау үшін ОК пен НКВД-ның жоғарыға жіберетін қызметкерлердің тізіміне сәл-пәл қарсы шыққандардың өзі қызметтерінен дереу қуылатын. Осыдан басқа себеп жоқ сияқты, әйтеуір Б.Манкинді халық комиссары болып бір-ақ ай отырған соң Оңтүстік Қазақстан облысы партия комитетінің бірінші хатшысы міндетін атқару үшін Шымкентке қуады. Мұнда да жарты жылдай ғана жұмыс істетіп, қайтадан Алматыға алдырады.

1936 жылы КСРО-ның жаңа Консти­туциясы қабылданып, соның негізінде КСРО Жоғарғы кеңесіне сайлау болады. Академик Досмұхамед Кішібековтің айтуына қарағанда, сол сайлауға Оңтүстік Қазақстан өңірінен Моисей Лазарев деген Одақ палатасына, Біржан Манкин Ұлттар палатасына депутат болып сайланады. «Сайлаушылардың КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа кандидатпен кездесуі 1937 жылдың 5 желтоқсанында Шиелі стансасы алдындағы алаңда өтті. Мыңдаған адам жиналған митингіде мінберге шығып, Біржан Манкин сөз алды. Ол қырықтар шамасындағы, шашын артына қайырған, толық сары кісі екен. Мен оқушымын, сол кез­десуде болдым», деп еске алады ака­демик. («Азаттық үшін арпа­лысқан Алаш арысы», «Egemen Qazaqstan», 29.05.19)

Шымкенттен шақырып алынған соң Б.Манкин аз уақыт Алматы қалалық кеңесінің хатшысы қызметін атқарады. Осы қызметте жүріп 1939 жылдың нау­рыз айының 10–21 аралығында болған ВКП (б)-ның XVIII съезіне делегат болып қатысады. Съезге қатысып келген соң Біржан Манкин мен Қазақстан компартиясы ОК сол кездегі бірінші хатшысы Н.Скворцовтың арасында белгісіз бір жағдай болып қалған сияқты, әйтеуір ол қуғын-сүргіннің аяқтала бастағанына қарамай КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған төрт қазақты, атап айтқанда, Қоныспаев, Өмірзақов, Құлжанов және Манкинді тұтқындауға рұқсат сұрап Мәскеуге жеделхат жөнелтеді. Өзінің жеделхатында ол агентуралық материалдарға қарағанда осы топ «буржуазиялық ұлтшыл ұйымға» мүше болған деп төндіреді және өзінің бұрын Берияға айтқанымен одан нәтиже болмағанын жеткізеді. Мұндай күдіктен соң Сталин аясын ба, өзінің көк қарындашымен (соттауға рұқсат бергенде осы қарындашты қолданады екен) «За» деген бұрыштама қояды (РМӘСТА, 558-қор, 11-тізім, 66-іс, 2-парақ).

1939 жылдың 5 сәуірінде Бір­жан Ман­кинді тұтқындайды. Қанша азаптаса да ол НКВД жендет­терінің ұсынған қағазына қол қоймай, қарсыласып, түрмеде жан тапсырады. Әрине, жендеттер оны өзіне-өзі қол салды деп хабарлаған. Сонымен қатар Б.Манкин 1939 жылдың 15 сәуірінде ақталды деп жазған.

Қандықол өкіметтің бір құр­баны Біржан Манкиннің тағдыры – осындай. Ол өзінің белсенділігімен, білімін көтеруімен, алғырлығымен, жігер-қайратымен еліне қызмет етуден жалықпаған. Қазақтың болашағы жарқын екеніне сеніп жүріп жазықсыз жапа шеккен ерлердің бірі.

Өкінішке қарай, оның отбасы, туған-туыстары туралы еш­қан­дай ақпарат жоқ. Мүмкін осы ма­қаланы оқып, оның бір туыс­тары табылар деген үміттеміз.

 

Солтүстік Қазақстан облысы 

Соңғы жаңалықтар