фото: gov.kz
«Президент Ұлттық құрылтайда жастардың шығармашылық салаға белсенді араласуын атап өтіп, кино, өнер және мәдени өнім өндірудің жаңа форматтары ұлттық бірегейлікті қалыптастырудың және отандық мәдениетті халықаралық деңгейде ілгерілетудің маңызды тетігіне айналып отырғанын айтты. Бұл – креативті индустрияның қосалқы сала емес, жаңа жұмыс орындарын қалыптастыратын, жаңа мамандықтарды нарыққа әкелетін және экспорттық әлеуетке ие толыққанды экономикалық сектор ретінде қалыптасып келе жатқанын көрсетеді», деді «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Гүлісхан Нахбаева.
Сондай-ақ ол бүгінгі жас азаматтардың заманға сай, өзіндік болмысы қалыптасып келе жатқанын айтады.
«Біздің әлеуметтану саласындағы зерттеулерімізден аңғарғанымыз, ел жастарының экономикалық мінез-құлқының жаңа моделі қалыптасып келеді. Бұл модельде тұрақты табысқа ұмтылу, еңбек икемділігіне қызығушылық және құндылықтар, бірегейлік пен еңбектің мағыналық мазмұны сияқты материалдық емес факторлардың рөлі арта түскен. Демек, жастар еңбегін тек жұмыспен қамту ұғымы аясында ғана емес, экономикалық белсенділік, шығармашылық әлеует, цифрлық құзыреттер мен әлеуметтік жауапкершіліктің біртұтас жүйесі ретінде қарастыру қажет. Мәдениет, креативті экономика және жаңа мамандықтар саласындағы жастар бастамаларын қолдау еліміздің орнықты дамуы мен болашақ экономикасын қалыптастырудың маңызды шарты», деді Г.Нахбаева.
Былтырғы есеп бойынша республикадағы креативті секторларда 143 600 адам жұмыс істейді. Еңбек ресурсын қажет ететін бағыттар қатарында IT, сәулет өнері мен сән индустриясы, мәдени-демалыс мекемелері, кітапханалар мен музейлер, халықтық қолөнер кіреді.
Президент: Жастардың жаңашылдығы кез келген салаға зор серпін береді
Бүгінде Астана, Алматы, Түркістан, Шымкент, Атырау, Қызылорда, Петропавл, Ақтөбе, Семей, Өскемен, Ақтау және Жезқазған қаласында 12 хаб жұмыс істеп жатыр.
Маңыздысы, биыл елімізде креативті индустрия субъекттерін мемлекеттік қолдау және ынталандыру қағидалары бекітілді. Жаңа құжат саланы дамытудың жүйелі әрі ашық тәсілін қалыптастырып, креативті жобалардың идея мен пилоттық шешімдерден бастап, халықаралық нарықтарға шығу және коммерцияландыруға дейінгі кезеңін толық қамтиды.
Мұнда қаржыны қайтару мәселесіне ерекше назар аударылған. Креативті және пилоттық жобаларды қаржыландыру, бірлесе қаржыландыруға арналған құралдар, жеке инвесторлармен бастамаларды іске асыру, креативті өнім экспортын қолдау, зияткерлік меншікті тіркеу және құқықтық қорғауға жұмсалған шығындарды өтеу, халықаралық шығармашылық байқаулар мен іс-шараларға қатысу, сондай-ақ халықаралық деңгейдегі жетістіктер үшін сыйақы беру мәселелері де қарастырылған.
Сонымен қатар қаржылық емес қолдау шаралары да қарастырылған. Мәселен, консультациялық, акселерациялық, білім беру бойынша қолдау, халықаралық мәдени, креативті платформаларға қатысуға жәрдемдесу, үй-жайлар мен жабдықтарды жеңілдетілген шарттармен ұсыну, цифрлық сервистер мен онлайн-платформаларды дамыту, жобаларға маркетингтік және құқықтық жетекшілік ету, креативті индустрияны дамытудың өңірлік стратегияларын әзірлеу, инклюзияны қамтамасыз ету шаралары, саланың жекелеген бағыттары бойынша арнайы бағдарламалар кірістірілген.