Әдебиет • Бүгін, 07:55

Арбакеш-ғұмырдың ақыры...

40 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жуырда қолымызға қытай жазушысы Лао Шэнің «Рикша» атты романы түсті. Қытай әдебиетіндегі ең танымал шығармаларының бірі саналатын туындыны 1957 жылы Айтбай Хангелдин қазақ тіліне тәржімалап, оқырман назарына ұсынған екен.

Арбакеш-ғұмырдың ақыры...

Романның басты кейіпкері Сянцзының тау­қыметті тағдыры бүгінгі кей қазақтың өмі­ріне қатты ұқсағандықтан болар, әжеп­­тәуір қалың кітапты айналдырған үш-төрт күннің ішінде оқып түгестік. Неге еке­­нін қайдам екі дөңгелекті жеңіл арба­­мен, яғни рикшамен арбакеш болып, бай-ма­наптарды тасып жан баққан Сян­цзы мен қазір такси айдап күнелткен қара­көздердің өмірінде айырмашылық жоқтай көрінді.

Адал еңбегімен күн көруді мақсат еткен Сянцзы ауылдан қалаға келеді. Алайда кедей шаруаның ұлын өмірдің соқтықпалы соқпақсыз жолы біртіндеп адамдық қасиетінен айырады. Бойында күші тасып тұрған еңбекқор, арлы жігіт бірте-бірте ештеңеге селт етпейтін, алға ұмтылмайтын, қарнын тойдыруды ғана ойлайтын тоғышар пендеге айналғанын аңғармай да қалады.

Рикша – адам жегілетін, екі дөңгелекті жеңіл арба. Бұл қызмет алғаш Жапонияда пайда болып, ХХ ғасырдың басында Шығыс пен Оңтүстік Азияда, Оңтүстік Африкада кең таралған. Ал қытай елі рикшалар қызметін XIX ға­сырдың аяғынан бастап пайдалана бастады. Мао Цзэдун билікке келгеннен кейін Қытайда саяси жүйе өзгеріп, рикшалар жұмысшы адамды қанаудың нышаны ретінде бағаланып, 1949 жылы арбакештердің қызметін пайдалануға ресми түрде тыйым салынды. Оған дейін миллиондаған арбакеш нәпақасын осы қызмет түрінен тапты.

Біз сөз етіп отырған Лао Шэнің шығармасы Гоминьдан дәуірінде, яғни 1920 жылдарда Бейжіңде өрбиді. Роман басталғанда автор көз алдыңызда әртүрлі рикша тартушылардың кескін-келбетін көз алдыңызға елестетіп, сол бір күндердің шынайы бейнесін керемет суреттейді. Рикшалардың кейбіреулері адам таситын арбаны жалға алып, ақылы стансалар, теміржол вокзалдары, қонақүйлер, мейрамханалардың алдында тұрып, ақша төлеп арбаға мінер қожайындарын күтеді.

Арбакештердің арасында бұрынғы полиция қызметкерлері, мұғалімдер, кәсібі күйреген саудагерлер, жұмыссыз қалған қолөнершілер бар. Шығарманы оқып отырып, өмір атты асау өзенде тал қармап, үмітсіздікке ұшыраған осы бір пенделердің жанайқайын жан дүниеңізбен сезінесіз. 

Сянцзы – сол мыңдаған арбакештің бірі ғана. Тепсе темір үзетін жас жігіт арбаны жалға алып, тауқыметті кәсібін бастады. Жатса тұрса, жеке рикша сатып алуды армандады. Бұдан қазіргі кезеңде көлікті несиеге алып, қарыз ақшаны төлеу үшін күн-түн демей такси айдайтын жандардың бейнесін көріп, жанымыз түршікті. Сянцзы арба сатып алатын ақша жинағанымен, заң адамдары бопсалап, қаржысынан айырылады. «Бірнеше рикша сатып алып, арбаларды жалға берсем-ау» деген арманы да құрдымға кетті. Ақыры басты кейіпкер арбаларды жалға беру компаниясының бастығы Людің өзінен он жас үлкен қызымен  үйленуге мәжбүр болды. Сән-салтанатқа малынып өскен Людің қызы Сянцзыны құлға айналдырды. Ол әйелі  туыттан қайтыс болғанға дейінгі бас кейіпкердің азапты өмірін романды оқыған оқырман ғана сезіне алады.

Өстіп жүріп арбакеш Сянцзы Сяо Фуцзы атты қызға ғашық та болды. Бұл қыз оның түнек өміріне сәулесін шашып, мән берді. Бірақ Сяо Фуцзының әкесі қызын кедейліктен құтылу  мақсатында жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлейді. Арбакеш басты кейіпкеріміз енді арба сатып алу арманын ұмытып, сүйіктісін жезөкшеліктен босату үшін арпалысқа түседі. Алайда жеткілікті ақша жинаға­нымен, ғашығының өмірін сақтай алмады.

Талас пен тартысқа толы ғұмырдың қатал шындығы Сянцзыны адалдық пен ең­бекқорлықтан ғана айырып қой­ған жоқ. Ол да арбакеш әріптестері се­кіл­ді ғұмырын құмар ойынмен, алдаумен, азғындықпен өткізетін, ештеңеге сен­бей­тін, ештеңеге үміттенбейтін, кез келген қорлыққа төзуге дайын көнбіс жанның шекпенін киіп алғанын сезбей қалды.

Рас, тұтас бір романды шағын мақалада әңгімелеп шығу әсте мүмкін емес. Шығарманың мазмұнын сипаттап, «спойлер» жасауға да болмас. Бізді «осыдан жүз жыл бұрын көрші елде арба сүйреген Сянцзы тағдырын ғасыр өткеннен кейін қазақ басынан өткеріп жатқан жоқ па?» деген сауал мазалайды. Егер де сол өмірді дәл қазір біз сүріп жатсақ, Лао Шэдей халық тағдырынан көркем шығарма жазуға тиіс қаламгерлеріміз қайда? Олар бұл тақсіретті неге сезінбейді?..