Қиын кезеңдерде біз неге жұтылып кетпедік? Дәстүр болды. Бірлік, әділдік т.б. қасиеттер соның ішінде. Кеше ғана Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары» атты елдік құжатты қоғам мен атқарушы билік үшін аса ділгір деп санаймыз.
Қазіргі мемлекеттік құрылымның ішкі саясат немесе идеология жүйесі сыртқы саясаттай нақтылықты, парасаттылықты, сабақтастықты қажет етеді. Еліміз жаңарып, жақсылыққа бет түзеп жатқан шақта, сондай-ақ әлемдік, өңірлік сын-қатерлер өршіп күрделенген тұста мемлекеттілік ұстаным мен мемлекетшілдік бағдарды айқындап алу – маңызды қадам.
Құжатта қазір мемлекет жүргізіп жатқан ішкі саясат қағидаттарын «Заң мен тәртіп» – құқықтық мемлекеттің негізі, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – өзара іс-қимыл құралы, «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт» – өзара түсіністік орнату жолы, «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» – басқару үлгісі, «Адал азамат» – ойлау пайымы, «Таза Қазақстан» – мінез-құлық пен жүріс-тұрыс этикасы» деп жүйелі түсіндіріпті. Ешқандай пафос жоқ.
Жалпыұлттық құндылықтар да бүгінде өмір салтымыздың құрамдас бөлігіне айналып келеді. Тәуелсіздік пен отаншылдық, бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық пен жаңашылдық – сапалы ұлттың өлшемі.
Елдік нышандардың нақтылана түскені – үлкен жұмыстың ізашары. Барды байыптата білудің жөні. Жаңашыл ұраннан жауқазын ұланға дейінгіні серпілтетін бірегейлік.
Ішкі саясаттың жеті басым бағыты – қоғамдық диалог, этносаралық саясат, дін саласындағы саясат, мәдени-гуманитарлық саясат, отбасы саясаты, жастар саясаты, ақпарат саясаты – елдік ұйысудың айнасы яки барометрі болатыны да анық.
Президент Қ.К.Тоқаев Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда: «Біздің идеологиямыз қарапайым әрі түсінікті. Бұл – жаһандағы аса күрделі геосаяси ахуалда елімізді жаңа даму деңгейіне көтеру үшін берік негіз қалау» деген еді.
Рас, елдікті бекемдейтін бағыт, қағидаттар мен құндылықтар қоғамның қайнауынан шығып, қалауымен үйлессе – мемлекеттің мерейі. Бүгінгі, ертеңгі буын осы байыпты бағдардан айнымаса игі.
Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,
Ұлттық құрылтай мүшесі,
«Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры